Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баппен өскен бақ

Баппен өскен бақ

«Біздің жер сортаң. Бұл топыраққа ештеңе шықпайды…» Мұндай сөзді талай естідік. Бірақ ол жалқаулығымыздың сылтауы ғана секілді. Өйткені шын ниет болса, тастың жарығынан да гүл қаулап шығатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді.
Шиелінің аптап ыстығы мен сортаң топырағына мойымай, шағын ауласын баққа айналдырған Бейбіт Ахмет – соның айқын дәлелі. Есіктен кірген сәтте-ақ ауласындағы әр ағаш пен гүлдің өз тарихы барын сезесің. Ине шаншар орын қалмаған аулада алма, алмұрт, өрік, шабдалы, жүзім, айва, анардың түр-түрі жайқалып өсіп тұр. Самалмен тербелген жапырақтардың сыбдыры мен гүлдердің жұпар иісі бұл жердің адам еңбегінің, төзімінің және табиғатқа деген шексіз махаббатының жемісі екенін аңғартады.
Бейбіт Жақсылықұлы – ұзақ жыл ішкі істер саласында қызмет атқарып, 2012 жылы зейнетке шыққан. Көпшілік демалысты таңдаса, ол жаңа өмірді таңдады. Қолына күрек алып, бос жатқан ауласын көгалдандыруды мақсат етті. Бүгінде сол арманы көздің жауын алатын көркем баққа айналып отыр.
– «Қалауын тапсаң, қар жанады» деген рас екен. Ағаштың да тілін тапсаң, ол саған еселеп қайырады, – дейді бағбан.
Оның бау-бақшасындағы әрбір ағаш ерекше күтімнің арқасында өсіп келеді. Бірақ Бейбіт ағаның өзгелерден айырмашылығы – тек ағаш өсіріп қана қоймай, будандастырумен де айналысатынында. Дәмсіз алманың бұтағына тәтті әрі шырынды сортты теліп, мүлде жаңа өнім алған. Алма мен алмұртты, алмұрт пен айваны будандастырып, түрлі тәжірибелер жасап көру – оның сүйікті ісі.
– Дәмсіз алманың сортына тәтті, сулы алманы будандастырдым. Қазір өте жақсы өнім беріп жатыр. Әр тәжірибе – жаңа мүмкіндік. Табиғаттың мүмкіндігі шексіз, – дейді ол.
Бағбан үшін бұл еңбектің ең үлкен сыйы – өнімнің молдығы емес.
– Немерелерім есік алдындағы өзім өсірген жемісті үзіп жесе болды. Бар еңбегім – солар үшін, – дейді кейіпкеріміз.
Ауладағы ең ерекше ағаштардың бірі – анар. Шиелінің топырағында анар өсіру көпшілікке тосын көрінуі мүмкін. Бірақ Бейбіт Ахметтің бағында оннан астам анар ағашы жайқалып тұр. Бұл жеміс ағашының күтімі де бөлек. Жуырда Ташкентке жолы түсіп, өзбек бағбандарынан анар өсірудің қыр-сырын үйреніп келген. Жинаған тәжірибесін өз бақшасында қолдана бастапты.
– Анардың бабын тапсаң, мол өнім береді. Еккеннен кейін екі-үш жылда жеміс салады. Қыркүйектің соңынан қарашаға дейін толық піседі. Кейбір жемістерінің салмағы жарты келіден асады, – дейді ол.
Бағбан көшеттерді сатып алып қана қоймай, жемістің дәнінен де, қаламшадан да көбейтіп көрген. Қазір ауласында анардың бірнеше сорты өсіп тұр.
Бейбіт Ахмет ізденуден жалықпайды. Оның келесі мақсаты – құрма ағашын жерсіндіру.
– Зерттеп жүрмін. Біздің өңірдің климатына бейімдеуге болады екен. Ең бастысы – дұрыс күтім, – дейді ол.
Зейнетке шыққанымен, Бейбіт Жақсылықұлы еңбектен қол үзген емес. Бүгінде Иіркөл кенішінде инженер болып еңбек етеді. Ал жұмыстан кейінгі бар уақытын бақшасына арнайды.
Бұл бақ – оның демалысы, қуанышы, шабыт көзі. Шын мәнінде, мәселе жердің сортаңдығында емес, адамның ниетінде. Өйткені табиғатты сүйген жан үшін құнарсыз топырақ болмайды. Ал махаббатпен егілген әр көшет бір күні міндетті түрде жеміс береді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
27 шілде 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031