Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл атаулар – тұтас тарихтың айғағы

Төл атаулар – тұтас тарихтың айғағы

Әрбір жер-су атауы – халықтың өткені мен бүгінін жалғап тұрған тарихи белгі. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен төл атауларда елдің тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, табиғаты мен тағдыры көрініс табады. Сондықтан тарихи атауларды сақтау, олардың мән-маңызын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық жадымызды жаңғыртудың маңызды тетігі.
Осы мақсатта Руханият орталығында «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция аясында мазмұнды кездесу өтті. Басқосуды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы жүргізіп, экспедиция жұмысының маңызына тоқталды. Ол Сыр өңірінің көне жер-су атауларын зерттеу – тарихи мұраны сақтаумен қатар, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
Жиынға Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі – «Ономастар одағы» мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ономастика басқармасы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасының ғылыми-зерттеу тобы арнайы қатысты.
Экспедиция құрамында жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Бекенова, география ғылымдарының PhD докторы Нұрлыбек Бердібекұлы , ғылыми топ мүшесі Дильназ Касимова, сондай-ақ облыстық қоғамдық даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы, ономастика саласының білікті маманы ЛәззатЕсімова болды.
Кездесу барысында экспедиция жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Шияпқызы ғылыми экспедицияның мақсаты мен алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Ол ғылыми топтың Сыр өңіріндегі елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен және көнекөз қариялармен кездесіп, тарихи жер-су атауларына қатысты деректерді жинақтап, оларды ғылыми негізде жүйелеу бағытында жұмыс жүргізетінін айтты.
Жиынның негізгі баяндамаларының бірін облыстық қоғамдық даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Ләззат Есімова жасап, мемлекеттік тіл саясаты мен ономастика саласындағы өзекті мәселелерді кеңінен тарқатты.
Баяндамашы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік мекемелерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуы, ресми құжаттардың мемлекеттік тілде сауатты рәсімделуі, интернет-ресурстардағы қазақ тілінің сапасы, көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігі сияқты мәселелерге ерекше тоқталды.
Сонымен қатар ономастика саласындағы жаңа өзгерістер, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайларда берген тапсырмалары, тарихи тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру, дәстүрлі жер-су атауларын сақтау, көшелер мен елді мекендерге атау беру тәртібіндегі жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге жаңадан қабылданған заңнамалық өзгерістер, Республикалық ономастика комиссиясының құзыреті, QR-кодпен әзірленетін көше аншлагтары, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізілетін атаулардың талапқа сай рәсімделуі жөнінде де кеңінен айтылды.
Басқосуда Шиелі аудандық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының өкілі Сұлтан Сағындық пен аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Бекболат Әбуов сөз алып, өңірдегі тарихи атаулардың құндылығы, оларды сақтаудың маңызы және ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы жұмыстар жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар тарапынан ономастика саласындағы заңнамалық өзгерістер, тарихи атауларды қалпына келтіру, көше атауларын беру тәртібі және мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Экспедиция мүшелері көтерілген мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Тағылымды кездесудің түйіні – төл атауларды сақтау тек өткенді құрметтеу ғана емес, ұлттық болмысымызды, тарихи жадымызды және рухани құндылықтарымызды келер ұрпаққа аманаттау екендігі болды. Осындай ғылыми экспедициялар Сыр өңірінің бай тарихи мұрасын тереңірек танып-білуге, көне атауларды ғылыми тұрғыдан жүйелеуге және елдік сананы нығайтуға қызмет ететін маңызды бастамалардың бірі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
27 шілде 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031