Елге қызмет – өмірлік мұрат
Өңірдің тарихы оны өркендетуге тер төккен азаматтардың тағдырымен өріледі. Ауданның дамуы мен халықтың береке-бірлігі жолында еңбек еткен жандардың қолтаңбасы жатады. Солардың қатарында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік және қоғамдық қызметте абыроймен еңбек етіп, туған өлкесінің гүлденуіне сүбелі үлес қосқан – Шиелі ауданының құрметті азаматы Әтіркүл Шорабаева да бар.Әтіркүл апа 1950 жылдың 13 сәуірінде Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының Сырдария ауданындағы Велико-Алексеевское ауылында, қазіргі Бақыт елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы еңбек пен тәрбиеге негізделген қарапайым отбасында өтті. 1965 жылы ата-анасымен бірге тарихи Отанына қоныс аударып, жаңа ортаға тез бейімделді. Сол жылы №46 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте оқуын жалғастырып, 1967 жылы тәмамдады.
Еңбек жолын ерте бастаған Әтіркүл апаның алғашқы қызметі аудандық партия комитетінің саяси кітапханасын басқарудан басталды. Жас маманның жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдық жұмыстарға белсенділігі көп ұзамай бағаланып, 1971-1974 жылдары аудандық комсомол комитетінде мектептер бөлімінің меңгерушісі әрі екінші хатшы қызметтерін атқарды.
1974 жылдан бастап аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының кадрлар жөніндегі орынбасары ретінде он екі жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Бұл жылдары ол кадр тәрбиелеу, ұжым қалыптастыру, еңбек тәртібін нығайту бағытындағы істерімен танылды. 1986 жылы Алмалы ауылдық кеңесінің хатшысы әрі депутаты болып сайланып, мемлекеттік қызметтің жауапты саласына қадам басты. Кейін аудандық тұтынушылар одағының ұйымдастыру бөлімін басқарды.
Ал 1992 жылдан басталған кезең – Әтіркүл апаның өміріндегі ең маңызды әрі жемісті белестердің бірі болды. Осы жылдан 2008 жылдың сәуір айына дейін Иіркөл халық депутаттары кеңесінің депутаты, төрағасы, кейін Иіркөл ауылдық округінің әкімі ретінде туған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бұл жылдары ауылдың көркейіп, инфрақұрылымының жақсаруы, елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуы, халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған көптеген игі бастама жүзеге асты. Басшылық қызметте жүріп, ол халықпен етене араласып, әр тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдай білді. Қарапайымдылық, әділдік, табандылық және адамгершілік қасиеттері оның ел арасындағы беделін арттыра түсті.
Әтіркүл апаның ұзақ жылғы адал еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланды. 1984 жылы көпбалалы ана ретінде Кеңес одағының II дәрежелі «Ана медалімен» марапатталды. 1991 жылы «Советтік тұтыну кооперациясының үздігі» белгісі табысталды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты қабылдауына қатысу арқылы қоғамдағы абыройы айқындала түсті. 2005 жылы Қызылорда облысы әкімінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның шешімімен «Ел билігі» номинациясының иегері атанды. 2006 жылы облыстық «Көгалдандыру және көркейту үздік жұмыстары үшін» байқауында ІІ орын алып, дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал 2007 жылы Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Сонымен қатар мерейтойлық медальдар мен алғыс марапаттары да оның еңбегінің лайықты бағасы болды. Атап айтқанда, Шиелі ауданының 80 және 90 жылдық мерейтойлық медальдары, Ыбырай Жақаевтың 120 және 125 жылдық мерейтойлық медальдары, Мұстафа Шоқайдың 125 жылдық мерейтойлық медалі, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды. 2019 жылы оған туған өлкесінің ең жоғары марапаттарының бірі – «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Қызметпен қатар отбасы құндылығын әрдайым биік қойған Әтіркүл апа өмірлік серігі Елтай Әбішұлымен бірге өнегелі отбасын құрды. Жары 2012 жылы өмірден озғанымен, екеуі тәрбиелеп өсірген үш қыз бен екі ұл бүгінде әртүрлі салада еңбек етіп, өз отбасыларының тірегіне айналды. Немере-жиендерінің ортасында отырған ардақты әже үшін бұл – өмірінің ең үлкен бақыты. 2015 жылы қасиетті Мекке мен Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтты.
Әтіркүл Шорабаеваның өмір жолы – елге адал қызмет етудің, азаматтық жауапкершіліктің, аналық мейірім мен адамдық парасаттың үлгісі. Ол қай қызметте жүрсе де халықтың сенімін ақтап, туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етті. Осындай жандардың тағылымды ғұмыры кейінгі ұрпаққа еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің және елге қалтқысыз қызмет етудің шынайы өнегесі болып қала береді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ







