Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСІКТІ ДЕ, ӘЛЕМДІ ДЕ ТЕРБЕТКЕН – АНАЛАР

БЕСІКТІ ДЕ, ӘЛЕМДІ ДЕ ТЕРБЕТКЕН – АНАЛАР

Ана – өмірдің бастауы, жылылықтың қайнар көзі және адамзат баласының ең алғашқы мектебі. Батыр туған, дана өсірген, еліміздің ертеңі үшін еселі еңбек етіп жүрген ардақты аналарды ұлықтау – мемлекеттің ең басты құнды­лығының бірі. Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиын осы сөздің айқын дәлелі болды.
ҚР Президентінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №1295 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі А.Жандарбеков ел дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған көпбалалы аналарға мемлекетіміздің жоғары марапаттары – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті. Осы күні ауданның 25 ардақты анасы құрмет төрінен табылып, 4 ана – «Алтын алқа», 21 ана – «Күміс алқа» иегері атанды. Шиелі өңірінде бүгінде 2610 батыр ана бар. Оның ішінде 1041-і – «Алтын алқа», 1569-ы – «Күміс алқа» иегері. Осынау жарқыраған алқалардың артында сансыз ұйқысыз түн, таусылмайтын уайым мен төзім, өмірдің кез келген қиындығын жылы жымиыспен жеңе білген аналық ұлы жүректің қажырлы еңбегі жатыр. Әрбір бесік жырымен баланы ізгілікке баулыған аналардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды.
Марапат иелерінің атынан сөз алған «Алтын алқа» иегері Ақнұр Үсенқызы жиылған қауымға өзінің ақжарма алғысын жеткізді. Ол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай ерекше қолдау мен аудан басшылығының жылы лебіздері аналарға зор рух беріп, жігерлендіретінін атап өтті:
– Бейбіт күнде, ашық аспан астында ұрпақ өсіріп, оларды Отанын сүйетін саналы азамат етіп тәрбиелеу – біз үшін ең үлкен бақыт әрі мойнымызға жүктелген зор жауапкершілік. Әрбір ана өз перзентінің елге тұтқа болар азамат болғанын қалайды, – деді көпбалалы ана.
Салтанатты басқосуда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил халық даналығына сүйеніп, ананың қоғамдағы бірегей рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ананың аялы алақаны мен жылы жүрегі бүкіл әлемді мейірімге бөлейді. Қоғамның салауатты әрі рухани бай болуы тікелей ана тәрбиесіне байланысты. Сондықтан саналы, ибалы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттің мызғымас іргетасын қалаумен тең ұлы міндет.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найлә Палымбет те ана қадірі туралы терең ой қозғады. Ол ғасырлар бойы айтылып келе жатқан, бірақ маңызын ешқашан жоймайтын мәңгілік ақиқатты еске салды: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Бұл даналық сөз бүгінгі күннің шындығымен де үндесіп жатыр. Қазіргі қоғамда әйел-ана тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге белсенді тұлға, мемлекет пен қоғам өміріне де өз үлесін қосып жүрген жасампаз күш.
Салтанатты шараның көркін қыздырып, аналардың көңіл-күйін көтерген келесі кезең өнерпаздардың тартуына ұласты. Аудандық өнер саңлақтары аналарға арнап жүрек тебірентер әсем әндер орындады. Әуезді ән мен лайықты құрмет, шынайы тілек пен ақ алғыс тоғысқан бұл кеш жиналған аналардың жүзіне күлкі, көздеріне қуаныш ұялатты.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
20 шілде 2026 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031