Сапалы емнің сенімді тірегі
Ауруханаға келген әрбір адам ең алдымен дәрігердің білімі мен тәжірибесіне сенім артады. Сапалы ем-домның артында көзге көріне бермейтін талай маманның тынымсыз еңбегі жатыр. Солардың бірі – госпитальдық фармация қызметі. Бұл бөлім дәрі-дәрмектің дұрыс сақталуына, дәл уақытында науқасқа жеткізілуіне және емнің қауіпсіз жүргізілуіне жауап береді.Былтыр Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында госпитальдық фармация бөлімі жұмысын бастады. Бұл – тек медицина қызметкерлері үшін ғана емес, ең алдымен тұрғындардың денсаулығы үшін жасалған маңызды қадам.
Бұрын дәрілік заттарды қабылдау, сақтау, есепке алу және бөлімшелерге тарату әр бөлімнің өзінде жүргізілетін. Бүгінде осы жұмыстардың барлығы бір орталыққа шоғырландырылды. Нәтижесінде дәрі-дәрмектің қозғалысы толық бақылауға алынып, қателікке жол бермеу мүмкіндігі айтарлықтай артты.
Жаңа бөлімді Каламқас Кенжеболатова басқарады. Ұжым құрамында клиникалық фармаколог дәрігер Мәдина Амангелдиева, аға мейіргер Мәдина Мансұрова, кезекші мейіргерлер Ұлжан Еспанова, Гүлжайна Ермекбаева және басқа да тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Олар күн сайын ондаған дәрілік препаратты қабылдап, сапасын тексеріп, тіркеп, тиісті бөлімдерге жеткізеді.
Бұл қызметтің ең маңызды ерекшелігі – әрбір науқасқа дәрінің жеке дайындалуы. Таблеткалар әр пациентке жеке қапталып, оның аты-жөні, дәрінің атауы, мөлшері және қабылдау уақыты көрсетіледі. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл жүйе дәрілік қателіктердің алдын алып, емнің тиімділігін арттырады.
Ал стерильді аймақтағы жұмыс тіпті жауапты. Мұнда түрлі емдік ерітінді дайындалады. Әрбір дәрілік зат бірнеше сатылы тексерістен өтеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Себебі дайындалған әрбір құтының артында адамның денсаулығы, кейде тіпті өмірі тұр.
Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваның айтуынша, госпитальдық фармация бөлімін ашудағы басты мақсаттың бірі – дәрілік қателіктердің алдын алу.
– Қазіргі медицинада емдеу сапасын бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – қауіпсіздік. Барлық үдеріс орталықтандырылып, нақты стандарт бойынша жүргізілген кезде дәрі-дәрмекке байланысты қателіктер айтарлықтай азаяды, – дейді ол.
Жаңа жүйенің енгізілуі бөлімшелердегі аға мейіргерлердің жұмысын да жеңілдетті. Бұрынғыдай дәрі-дәрмекпен айналысуға көп уақыт жұмсамай, енді олар науқастарға күтім жасау мен емдеу үдерісін ұйымдастыруға көбірек көңіл бөле алады.
Қазіргі таңда госпитальдық фармация терапия, хирургия, педиатрия, перзентхана, инсульт және оңалту бөлімдерін толық қамтып отыр. Алдағы уақытта жансақтау, қабылдау және жұқпалы аурулар бөлімдері де осы жүйеге қосылады.
213 орынға есептелген, оның ішінде 30 жұқпалы аурулар төсегі бар аудандық көпбейінді орталық аурухана үшін бұл жаңашылдықтың маңызы ерекше. Әсіресе жаңа инфекциялық корпус пайдалануға берілгеннен кейін дәрілік қамтамасыз ету мен санитарлық қауіпсіздікке қойылатын талаптар күшейе түсті.
Орталықтандырылған жүйе бюджет қаржысын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді. Дәрілік заттардың нақты есебі жүргізіліп, қажеттілік алдын ала жоспарланады. Соның арқасында артық шығынға жол берілмей, өмірлік маңызы бар дәрілердің қоры уақытылы толықтырылып отырады.
Бүгінде госпитальдық фармация әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Оның басты мақсаты – әрбір пациенттің қауіпсіз әрі сапалы ем алуына жағдай жасау.
Шиелі аудандық ауруханасының тәжірибесі қазіргі заманғы медициналық технологиялар мен басқару тәсілдерінің аудандық деңгейде де сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Науқастардың көпшілігі бұл бөлімнің күнделікті жұмысын көрмеуі мүмкін. Бірақ дәрігер жазып берген әрбір дәрінің уақытында әрі дәл жеткізілуі, емнің қауіпсіз жүргізілуі – осы ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Өйткені науқасқа деген қамқорлық дәрі қолына тиген сәттен емес, сол дәрі мұқият дайындалып, тексерілген кезден басталады.
М.Кеңесұлы







