Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІЛІК ШҮЛЕНГЕР

ШИЕЛІЛІК ШҮЛЕНГЕР

Жер тағдырын өз тағдырындай сезінетін адамдар болады. Олар үнсіз жүріп-ақ айналасына жайлылық орнатады. Шиелі өңірінде «бағбан» деген сөз айтылса, жұртшылықтың ойына бірден Әлияр Сейітовтің есімі оралатыны да содан.
Әлияр аға өмір бойы су шаруашылығы саласында еңбек етті. Сырдың аптап ыстығы мен қуаң даласында әрбір тамшы судың алтыннан да қымбат екенін ол ерекше сезінді. Мүмкін, содан да болар, зейнетке шыққан соң қол қусырып отыра алмады. Саналы ғұмырын судың ағысын реттеуге арнаған жан, соңғы он жылдан астам уақытын сол сумен жерді емдеуге, қуаң даланы құлпыртуға арнап келеді. Оның бағына кірсеңіз, өзіңізді Шиелінің құмды іргесінде емес, ертегілер әлемінде жүргендей сезінесіз. Мұндағы әрбір алма ағашы, әрбір жайқалған гүл – бағбанның жүрек жылуымен суарылған. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков те бағбанның игілікті ісіне куә болып, ризашылығын жасыра алмады. Расында да, сор басқан, шаңы шыққан құлазыған жерді шұрайлы мекенге айналдыру – тек мықтының қолынан келетін ерлік.
Әлияр Сейітовті өзгелерден даралайтын қасиет – оның бағының есігі бүкіл ауыл үшін ашық. Ол өзі өсірген өнімді ешқашан қызғанбайды, керісінше, қуанышын елмен бөлісуге асығады.
Шиеліде жыл сайын қайталанатын, бірақ ешқашан мәнін жоғалтпайтын қос көркем дәстүр бар. Алғашқысы, 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндердің құшағын өзі өсірген хош иісті гүлдермен толтыруы. Балалық шақтың алғашқы белесін бағбанның гүлімен бастаған балалардың жүрегінде ізгіліктің дәні егілері сөзсіз. Екіншісі, алмасы үзіліп, қауыны піскенде басты игілікті халыққа ұсынуы. Жылдағы үрдіспен, биыл да бағбан себетін толтырып, ең тәтті өнімін арқалап «Өскен өңір» редакциясына келді. Қалам ұстаған қауым бұл күнді ерекше қадірлеп, мойын созып күтеді. Өйткені ол себетте тек алма емес, бағбанның таза көңілі мен адал еңбегінің дәмі жатыр.
Редакцияда қалған алманың хош иісі әлі күнге дейін тарқай қойған жоқ. Әлияр ағаның кетерінде айтқан бір ауыз сөзі көкейде жатталып қалды: «Ағаштың тамыры терең болса, дауылға шыдайды. Адамның тамыры – елі, жұрты. Еліңе пайдаң тимесе, өмір сүргеніңнің мәні не?!». Осы сөзді айтқанда бағбанның жүзінен шаршау емес, бақыттың нышаны байқалды. Қуаң даланың төсінен бақ орнатқан жанның осы бір қарапайым ғана өмірлік пәлсапасы – бүкіл Шиелі жұртшылығы үшін нағыз еңбек пен адамгершіліктің алтын формуласы іспетті.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 шілде 2026 ж. 23 0

Қоғам

Арнауға арқау азамат
14 шілде 2026 ж. 37

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031