Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнім сапасы – өңір абыройы

Өнім сапасы – өңір абыройы

Қай кезеңде болсын елдің экономикалық қуаты өндірістің дамуымен, кәсіпкерліктің қарқынымен және отандық өнімнің сапасымен өлшенген. Бүгінде бәсекелестік күшейген заманда тұтынушының сеніміне ие болу – кез келген кәсіпкердің басты мақсаты. Ал сенімнің негізі – сапа. Сондықтан да сапалы өнім өндіру тек кәсіпкердің жеке жетістігі ғана емес, тұтас өңірдің беделі мен абыройын айқындайтын маңызды көрсеткішке айналды.
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктерінің кеңеюі және өндірістік инфрақұрылымның жақсаруы өңірде жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашты. Бұл өзгерістер ауданда да айқын байқалады. ­Түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге, жаңа технологияларды енгізуге және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беріп келеді.
Осындай еңбектің нәтижесі Қызылорда қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрмеде анық көрінді. Бұл шаралар жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін таныстырып қана қоймай, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және сапалы өнімді кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Облыстың барлық ауданынан жиналған алпыстан астам кәсіпкер өз өнімдерін көрмеге ұсынып, өндірістегі жетістіктерімен бөлісті. Құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері, ұлттық қолөнер бұйымдары, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған тауарлар мен табиғи өнімдер көрменің мазмұнын байытып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әрбір өнімнің сапасы мен ерекшелігі арнайы комиссия тарапынан бағаланып, үздіктер анықталды.
Шиеліден бұл байқауға 8 кәсіпкер қатысып, ауданның өндірістік әлеуетін жоғары деңгейде таныстырды. Атап айтқанда, «Омарис», «КНК Кемикал», «Honeymood-Балдай», «Гежуба Шиелі Цемент», «Жаннұр құрт», «Қазақ белбеуі», «Белес» сүт өнімдері және «Orda» қағаз өнімдерін өндіретін кәсіпорындар өздерінің сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Әрқайсысының еңбегі жоғары бағаланып, облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Көрме аясында кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Өндіріс орындары арасында әріптестік байланыстар орнап, өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды. Соның бірі – «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы мен Қазақстан құрылысшылар одағы Қызылорда облыстық филиалы арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім. Аталған келісім құрылыс индустрия­сын дамытуға, тәжірибе алмасуға және сапалы құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Өңірлік байқаудың ең жоғары марапатының бірі – аудан еншісіне бұйырды. «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы «Үздік өндірістік тауар» номинациясының жеңімпазы атанып, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» жеңімпазы статуэткасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Өз кезегінде Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры ­Бекзатхан Бауыржанұлы аудан кәсіпкерлерінің жетістігі – бірлескен еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
– Шиелі кәсіпкерлері соңғы жылдары жоғары талапқа сай өнім өндіру арқылы өздерінің әлеуетін айқын дәлелдеп келеді. Өңірлік көрме-байқауда ауданымыздың намысын қорғаған әрбір кәсіпкер өз жұмысын лайықты деңгейде таныстырып, жергілікті өндірістің мүмкіндігін айқын көрсетті. «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясының жеңісі – тұтас Шиелі кәсіпкерлерінің ортақ мерейі. Мұндай жетістік қажырлы еңбек пен жоғары жауапкершіліктің, сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жемісі. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің тың бастамаларына қолдау көрсетіп, жаңа жобалардың табысты жүзеге асуына жан-жақты ықпал ете береміз, – деді ол.
Жергілікті тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі күшейген сайын өңірдің де беделі биіктей береді. Сондықтан «Өнім сапасы – өңір абыройы» деген ұстаным бүгінгі таңда жай ғана ұран емес, адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесін айқындайтын өмірлік қағидаға айналып отыр.

Айнұр ИБРАШЕВА
09 шілде 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031