Отандық тауар өндірушілердің тізімі жасалады
Бүгін Үкіметте отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды. Жиында Премьер-министр ішкі нарықты қорғау үшін отандық тауар өндірушілердің тізімі жасалатынын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Тізімге енген өнідіріс орындары мемлекеттен қолдауды басым тәртіпте алу мүмкіндігін иеленеді. Олжас Бектенов отандық өнім көлемін арттыруды көздейтін тізімге нақты нәтижесі бар компанияларды кіріктіруді баса айтты.
«Тізілімге өнім шығарып отырған, өндірістік қуаттары жетерлік, әрі қарай даму үшін әлеуеті мен жоспарлары бар нақты кәсіпорындардың ғана енуі өте маңызды. Тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алатын болады», деді Олжас Бектенов.
Тізімнен табылған өндіріс орындарына айқын талаптар қойылмақ. Бұл қатарда өндірісті жаңғырту, еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелері бар.
Кәсіпорындар қызметіне мониторинг цифрлық скрининг негізінде жүргізіледі. Үкіметтің баспасөз қызметі осылайша тапсырманы жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берілмейтінін мәлім етті.
Фото: tengrinews.kz