Елдің шырайын кіргізген еңбек адамы
Кейбір адамдардың өмір жолы кітап болып жазылмаса да, олардың әрбір ісі – кейінгі ұрпаққа тағылым. Олар атақ үшін емес, ар үшін өмір сүреді. Елдің алғысын марапаттан биік қоятын сондай жандардың бірі – Фатима Ақылбаева.Ол 1974 жылы қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Сегіз перзент тәрбиелеген шаңырақтың бесінші қызы. Екі ұл, алты қыз өсірген отбасының тәрбиесі – еңбек пен адалдықтың мектебі болды. Әке мен ананың маңдай терімен келген әрбір үзім нанның қадірін бала күнінен бойына сіңіріп өсті.
Туған жері – қасиетті Жаназар батыр ауылы. Жастайынан әкесі Бекназардың сенімді қолғанаты болды. Басқа қыз балалардан өзгеше, ер азамат атқаратын ауыр жұмыстардан ешқашан қашқан емес. Атқа мініп, шөп шапты, егін екті, қара жұмыстың қай түрінен де именген жоқ. Сол себепті оның мінезінде батылдық, қайсарлық пен турашылдық ерте қалыптасты.
Марқұм әкесі Бекназардың еңбекқорлығы мен әділдігі қызының бойынан айқын көрініс тапқандай. Фатима апай шындықты бүкпесіз айтатын, әділетсіздікке төзбейтін, кесіп сөйлейтін мінезімен елге танылды. Кейде тура сөзінің салмағы ауыр көрінгенімен, оның түбінде ешқашан арам ой жатқан емес.
Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл нақыл Фатима Бекназарқызының өмірлік ұстанымына айналғандай.
Дәркүл апамыз Көкмұрын руынан болғандықтан, жүрген ортасында көкмұрын ағайындарын әзілмен қағытып, сөзбен түйреп отырады. Оның бұл қалжыңы ешкімді кемсіту емес, керісінше, туыстықтың жарасымды белгісі, ел ішіндегі сыйластықтың көрінісі.
Тағдыр адамды кейде сынға салады. Бірақ кейбір жандар сол сынақтардың алдында бас имейді. Фатима апай да өмірдің талай белесін қайсарлықпен еңсеріп, қандай қиындық кездессе де қасқайып қарсы тұра білді. Себебі оның жүрегінде батырлықтың оты, жігердің жалыны бар.
1993 жылы ел-жұрты сүйсінген, «мұрты қияқтай жігіттің төресі» атанған Қайрат есімді азаматпен шаңырақ көтерді. Бүгінде өнегелі отбасының ұйытқысы, ардақты ана, сүйікті жар, асыл әже. Бес перзент тәрбиелеп өсіріп, жеті немеренің қызығына бөленіп отырған бақытты жан. Алайда Фатима Бекназарқызының ел алдындағы ең үлкен еңбегі – оның күнделікті қарапайым ісінен көрінеді.
Таң ата салысымен ауыл көшесіне шықсаңыз, қолына қапшығын ұстап, көше бойындағы шашылған қоқысты үнсіз жинап жүрген Фатима апайды көресіз. Туған ауылына деген махаббат оны осы іске жетелейді.
Кейде кешкісін жастар отырған орындарын шашып кетеді. Ал ертеңіне сол жерді үн-түнсіз, ешкімге реніш білдірмей, қабағын да шытпай тазалап жүрген адам – тағы да Фатима апай. Осы көрініске қарап еріксіз ойланасың... Жерді ластаған адам тек көшені ғана былғамайды. Ол өз арының айнасын да кірлетеді. Ал туған жерді тазалаған адам тек көшені ғана емес, елдің рухын да тазартады.
Фатима Бекназарқызы ешқашан «мен істедім» деп кеуде қаққан жан емес. Оның әр ісі – үнсіз тәрбиенің үлгісі. Кейде мың ауыз насихаттан бір ғана игі іс әлдеқайда әсерлі болады. Бүгінгі жастарға үлгі болатын қасиеттердің бірі – дәл осы қарапайымдылық пен жауапкершілік. Себебі Отанға деген махаббат үлкен мінберлерден басталмайды. Ол өз үйіңнің табалдырығынан, өз көшеңнің тазалығынан, туған ауылыңа деген жанашырлықтан басталады.
Фатима апайдың өмірінен үйренер тағылым аз емес. Оның бойындағы еңбекқорлық, адалдық, әділдік, батылдық, кішіпейілділік, мейірім мен адамгершілік – бүгінгі қоғамға аса қажет қасиеттер. Ұлы даланың ұлылығы – осындай қарапайым адамдардың маңдай терімен өлшенеді. Біз көбіне батырларды алыстан іздейміз. Ал шын мәнінде, батырлық – күн сайын ел үшін үнсіз еңбек етуде. Фатима Ақылбаева – дәл сондай жандардың бірі.
Ол ауылдың көшесін ғана емес, адамдардың санасын тазалыққа үндеп жүрген азамат. Елдің көркі – жерінде емес, жерін қадірлейтін азаматында. Осындай абзал аналардың амандығы – елдің амандығы, осындай еңбек адамдарының қадірі – халықтың қадірі.
Өмірдің ең биік марапаты – халықтың ықыласы. Ал Фатима апай сол марапатқа адал еңбегімен әлдеқашан лайық болған жан.
Асылбек Шәмшиев,
Жаназар батыр ауылы
Жаназар батыр ауылы







