Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мәдени көпір: Түркістан мұралары» көрмесі

«Мәдени көпір: Түркістан мұралары» көрмесі

Соңғы уақытта аудан музейлерінде көшпелі көрме ұйымдастыру дәстүрі қарқын алып келеді. Жыл басынан бері еліміздің бірнеше өңірінен әкелінген түрлі тақырыптағы көрмелер жергілікті тұрғындардың назарына ұсынылып, тарихи-мәдени танымын кеңейтуге ықпал етті. Бұрын мұндай ауқымды өңіраралық мәдени байланыс сирек болатын. Бүгінде музейлер арасындағы өзара ынтымақтастықтың нығаюы нәтижесінде құнды жәдігерлер бір өңірден екінші өңірге жеткізіліп, көпшілікке қолжетімді бола бастады. Бұл бастама тұрғындардың ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жергілікті мәдени ортаның дамуына, музей ісінің жандануына және жас ұрпақтың тарихи санасының қалыптасуына да оң ықпалын тигізері анық.
Осы үрдістің жалғасындай жуырда ғана аудандық тарихи-өлкетану музейінде «МУЗЕЙ TOUR: экспонаттар экспедициясы» кешенді жобасы аясында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдени көпір: Түркістан мұралары» атты көшпелі көрмесі ұсынылды. Тағылымды шараның мақсаты – Түркістан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстырып, музей қорындағы құнды жәдігерлерді жұртшылық назарына ұсыну, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өңіраралық мәдени байланысты нығайту.
Көрменің ашылу рәсіміне аудандық мәслихат депутаты, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Райхан Нарикова, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Шара барысында сөз сөйлеген қонақтар екі өңір арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, мұндай көшпелі көрмелердің тарихи-мәдени мұраны насихаттаудағы рөліне тоқталды. Өз кезегінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Бауыржан Шығанбаев Түркістаннан келген әріптестеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да мәдени байланыс пен өзара тәжірибе алмасу жалғасын табатынын жеткізді.
Көрме экспозициясына Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан әкелінген сирек әрі құнды тарихи жәдігерлер қойылды. Келушілер өңір тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін бірегей мұралармен танысып, олардың шығу тарихы туралы жан-жақты мәлімет алды. Экскурсияны Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Ердос Қонысов жүргізді.
«Мәдени көпір: Түркістан мұралары» көрмесі – тарихи мұраны кеңінен насихаттап, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени жоба. Көрме бір апта бойы жұмыс істеп, музейге келушілердің зор қызығушылығын тудырды.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
30 маусым 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930