Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдеміліктің әуресі: сұлулық па, қауіп пе?

Әдеміліктің әуресі: сұлулық па, қауіп пе?

«Артық қыламын деп, тыртық қылып алды» деген сөз бүгінгі пластикалық хирургияның көлеңкелі тұсын дәл сипаттайтын сияқты. Қазір сұлу болу бұрынғыдай арман емес. Заманауи медицина адамның қалаған келбетін жасауға мүмкіндік береді. Мұрынды өзгерту, қабақты көтеру, ерінді үлкейту, дене бітімін түзету – мұның бәрі күнделікті қызметке айналды.
Алайда скальпель сыйлаған сұлулықтың бағасы кейде тым қымбатқа түседі. Сәтсіз аяқталған операциялар, ауыр асқынулар, тіпті адам өліміне дейін жеткен жағдайлар көбеюде. Сонда адамдар неге тәуекелге барады? Сұлулық үшін денсаулық құрбан етуге тұрарлық па?

Сұлулық индустриясының көлеңкесі
Қазақстанда жыл сайын мыңға жуық адам пластикалық операция жасатады. Сұраныс көбейген сайын эстетикалық медицина орталықтарының саны да артып келеді. Бірақ сапа бәрінде бірдей емес.
Соңғы екі жылда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне пластикалық хирургия мен эстетикалық қызметтердің сапасына қатысты 250-ге жуық шағым түскен. Азаматтар негізінен операция нәтижесіне көңілі толмайтынын, кейін асқынулар пайда болғанын айтқан.
Биылдың өзінде пластикалық операциядан кейін төрт адам қаза болып, бір пациенттің ауыр жарақат алуы қоғамды алаңдатты. Алматыда липосакциядан кейін блогер Сәуле Ермаханова көз жұмса, Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ербол Айтуов иекке жасалған пластикалық операциядан кейін есін жимастан қайтыс болды. Ал Шымкентте заңсыз қызмет көрсеткен маман жасаған блефаропластикадан кейін бір әйелдің бір көзі көрмей қалған. Бұл оқиғалар қоғамға үлкен сабақ болғанымен, сұлулық үшін тәуекелге баратындардың қатары бәрібір азаймай тұр.

Лицензиясыз клиника – үлкен қауіп
Заң бойынша пластикалық хирург міндетті түрде резидентура тәмамдап, осы сала бойынша біліктілікке ие болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде қысқа мерзімді курстан өткен сертификатпен жұмыс істеп жүргендер де кездеседі. Заңгер Эльнура Кишкенебаеваның айтуынша, әр пациент клиникадан лицензиясын, ал дәрігерден кәсіби біліктілігін дәлелдейтін құжаттарды талап етуге толық құқылы.
Операция алдында жасалатын келісімшартқа да ерекше мән беру қажет. Онда операцияның нақты көлемі, ықтимал қауіптері, қызмет құны мен тараптардың жауапкершілігі анық көрсетілуі тиіс. Егер құжатта клиника өз жауапкершілігін толық жоққа шығаратын тармақтар болса немесе операцияның сипаттамасы нақты жазылмаса, мұндай келісімнен бас тартқан жөн.
Біздің ауданда пластикалық ота жасайтын орталықтар жоқ. Десе де ерінді үлкейтіп, әжімді кетіріп беретін косметолог мамандар жетерлік. Олардың қандай біліктілігі бар, процедураны жасауға рұқсаты бар ма, жоқ па тексеріп, тіпті келісім шарт жасап жатқан ешкім жоқ. Бастысы аз ақшаға елден қалмай ерін үлкейтіп алсақ болғаны.

«Арзан қызмет» неге қауіпті?
Он бір жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген анестезиолог-реаниматолог, пластикалық хирург Жанболат Серікжанұлы ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында, пластикалық хирургия – косметикалық процедура емес, толыққанды хирургиялық операция екенін айтады.
Мәселен, бетке жасалатын инъекциялық процедура кезінде препарат қан тамырына түсіп кетсе, көзді қоректендіретін артериялар бітеліп, адам көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Ең қауіпті операциялардың бірі – халық арасында «бразилиялық бөксе» аталып кеткен глютеопластика. Майдың қан тамырына түсуі май эмболиясын туғызып, өмірге қауіп төндіреді. Ал абдоминопластика кезінде қан кету мен тромб түзілу қаупі жоғары. Бірнеше операцияны қатар жасау да тәуекелді бірнеше есе арттырады.
Маманның сөзінше, операциядан кейінгі өлімнің басты себептері –жасырын жүрек-қан тамырлары аурулары, наркозға ағзаның күтпеген реакциясы, өкпе артериясының тромбпен бітелуі, анафилактикалық шок және медициналық қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Сондықтан операция алдында толық тексеруден өту міндетті.
.
Әлеуметтік желіге сенудің соңы өкінішке айналуы мүмкін
Мамандардың айтуынша, көптеген пациент клиниканы кәсібилігінен бұрын әлеуметтік желідегі жарнамасына қарап таңдайды. Танымал блогерлердің жарнамасы, «дейін және кейін» фотолары, арзан акциялар адамдарды қызықтырады. Бірақ әдемі парақша кәсіби медициналық қызметтің кепілі бола бермейді.
Пластикалық хирургияның тағы бір қыры – психологиялық тәуелділік. Кент тұрғыны Жансая (аты өзгертілген) туған күніне өзіне сыйлық ретінде ерінін үлкейткен. Алайда бірнеше күннен кейін ерінінің ішінде түйіршіктер пайда болып, жасаған косметологқа хабарласады. Өкінішке қарай маман жауапкершіліктен қашып, байланысын үзген. Арада келісімшарт та жоқ.
Ал Балжан Қа алғашында 0,5 мл филлер салдырған. Кейін көлемі аз көрініп, тағы қосқан. Соңы инфекциямен аяқталып, филлерді түгел ерітуге мәжбүр болған. «Бір рет жасатсаң, тағы жасатқың келе береді» дейді ол.
Бұл пікірді психологтар да растап отыр. Өз келбетіне үнемі көңілі толмайтын адамдар уақыт өте келе жаңа өзгерістерге тәуелді бола бастайды. Бұл құбылыс әлемдік медицинада «дене бейнесінің бұзылысы» деп аталады.
Бұрын табиғи ерекшелік сұлулық саналса, бүгінде өзгеше болудан қорқу пайда болды. Әсіресе жастар қоғамдағы «идеалға» ұқсауға тырысады. Несие алып болса да бітімін өзгертетіндердің көбеюі осының айғағы.

Сұлулықтың бағасы қанша?
Табиғи сұлулықтың бағасы төмендеп бара ма?
Қазіргі қоғамда сұлулықтың бірыңғай стандарты қалыптасқандай әсер қалдырады. Қиылған қас, қалың ерін, қыр мұрын, үлкен көз, сүйір иек... Әлеуметтік желідегі «фильтрлер» мен пластикалық хирургияның ықпалы салдарынан адамдар бір-біріне ұқсап барады.
Елдегі эстетикалық клиникалардың желідегі ашық мәліметіне сүйенсек ерінге филлер (үлкейту) – 20-150 мың теңге, блефаропластика – 30-150 мың теңге, бетті жасарту – 500 мың-2 млн теңге, маммопластика – 500 мың-2 млн теңге, глютеопластика – шамамен 1 млн теңге тұрады екен.
Сарапшылардың айтуынша, тым арзан баға көбіне қауіпсіздік талаптарының сақталмайтынын көрсетуі мүмкін.

Соңғы тренд – әжімге қарсы иненің салдары
Күні кеше әлеуметтік желіде отыздар шамасындағы әйелдің видеосын көзім шалды. Ол әжімді азайтатын инъекциядан кейін көз жасы шығатын өзектің бітеліп қалғанын айтып, өкініп отыр. «Қазір жылағым келсе де көзімнен жас шықпайды. Бұрынғы табиғи бетім әлдеқайда әдемі екен», – дейді ол. Бұл жағдай да кез келген косметологиялық процедураның қауіпсіз емес екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Пластикалық хирургия – адамның өз таңдауына қатысты мәселе. Біреу үшін ол өмір сапасын жақсартып, өзіне деген сенімділікті арттыруы мүмкін. Екінші адам үшін орны толмас өкінішке айналуы ықтимал.
Сұлулықтың соңынан қуған қоғам көбейген сайын медициналық сауаттың маңызы да артып келеді. Кез келген хирургиялық араласуға дейін дәрігердің тәжірибесін, клиниканың лицензиясын, қауіпсіздік талаптарын мұқият тексеру қажет.
Өйткені сән өзгереді, тренд ауысады, ал денсаулықтың орны толмайды. Мінсіз келбет түбінде бәрібір қартаяды, уақыт өз дегенін алады. Бірақ табиғат берген даралық пен денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат құндылық болып қала береді.

Гүлхан ЯХИЯ
30 маусым 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930