Жан азабына айналмасын
Сұлулық құрбандықты талап етеді. Мәңгілік жастық шақ кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Жыл өткен сайын заманауи технологияның дамуы кәріліктің еміне таптырмас шипа болғандай. Бірі денсаулығы үшін қыруар қаржы жұмсаса, енді біреулер сұлулықты сақтап қалуды хирургияның скальпелінен іздейді. Өзгеге қуаныш сыйласа, келесіге жапа шектірген пластикалық хирургияның пайдасы мен зиянын өмір таразысына салып көрейік…
Пластикалық хирургияны ең алғаш медициналық терминдер қатарына ресми түрде 1798 жылы Дезольт есімді француз ғалымы енгізген болатын. Ал 1893 жылы Германияда «Пластикалық хирургия анықтамалығы» жарық көрген соң, термин қалың қолданысқа ене бастайды. Ресми емес деректерге сенсек, медицинаның аталмыш саласының дамуына ХІХ ғасырда жиі орын алған қантөгістер себеп болған деседі.
Людовик XV-нің сүйіктісі мадам Помпадур есімімен белгілі Жанна-Антуанетта де Пуассонның дәуірінде қазіргі селиконның орнына майшамның балауызы қолданылған екен. Бүгінде қыз-келіншектер артық майдан арылу үшін «липосакция» жасатып әлек. Ал байлық пен ауқаттылықтың символы іспеттес семіздік сән сахнасында салтанат құрып тұрған шақта арық қыздар бөксесін шығару үшін түрлі хирургиялық маманға жүгіуде. Мұндай қауіпті сұлулықтың құрбаны болып кеткендер қаншама. Яғни, «сұлулық құрбандықты талап етеді» деген түсінік осыдан шықса керек.
ХХ ғасырдың жартысынан бастап пластикалық хирургияның жаңа саласы – эстетикалық хирургия пайда болды. Әдемілікке ұмтылған жандар енді пышақ астына денсаулық үшін емес, сұлулық үшін өз өздерін құрбан ете бастады. Және де сұлулыққа деген мұндай құштарлық жұқпалы індет тәрізді жылдам тарала жөнелді.
Кеңес өкіметі қабырғасында жасанды сұлулықтың сиқырына дәрігерлер 80-інші жылдардың орта тұсында үңіле түсті. 1985 жылдың өзінде пластикалық операцияға жүгінген жалпы пациенттердің 10 пайызын ерлер құраған. Олар көбіне қалқан құлақтықтан, қоңқақ мұрыннан арылу үшін жүгінеді екен. Тіпті, сырадан кептетіліп қалған қарын майын алдыруға да баратын ерлер саны кейінгі кезде жиілеп кеткен. Не десек те, сұлулықтың соңына түсіп, ерлердің назары үшін «ішкен асын жерге қоятын» әйелдер болмаса, эстетикалық хирургия тек медициналық термин күйінде ғана қалар еді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пластикалық операцияның көшін АҚШ, Бразилия, Мексика және Оңтүстік Корея бастап тұр. Оңтүстік Кореяда әрбір бесінші адам пластикалық операцияға жүгінеді. Мектеп бітіруші түлектерге сыйлық ретінде пластикалық операцияға қаржылай сый береді екен. Бет-әлпетіне, дене мүсініне көңілі толмай келушілердің 60-70%-ы әйел адамдар болғанымен, соңғы жылдары пластикалық хирургтердің көмегіне жүгінуші ер азаматтар да көбейіп келеді.
Жаңа ғасыр қазақты да қайран қалдырмай қоймады. Алла берген сұлулықтың арқасында кеудесіне күні бүгінге дейін пышақ тидіріп көрмеген қазақ қыздары да жаңа технологияның дәмін татып та және құрбандары болып та үлгерді. Эстетикалық хирургияның етегі біздің елге жетпей жатып, бұлыңғыр арманның соңынан шетел асып келгендер қаншама.
«Әсемдік әлемді құтқарады» демекші, қазақ қыздарының сұлулыққа деген құштарлығын тез аңғарған жергілікті іскерлер Қазақстанда да арнайы клиникалар ашып, қыздардың сәнқұмарлығын қып-қызыл ақшаға айналдырып алды. Қазір «қуыршақ шығаратын» отандық клиникалардың нақты саны белгісіз. Бірақ олардың қызметіне жүгінушілердің саны жылына мыңнан асып жығылады екен. Тіпті жақында ел болып әрең өткерген дағдарыс кезеңдерінде де бет терісін тарттырып, қарын майын сылығандардың саны азаймақ түгілі, он пайызға арта түскен. Яғни, бүгінде келбетіне көңілі толмаған кез келген адам жүзін өз қалауынша өзгерте алады. Кеудені үлкейтіп, мұрын мен бетті түзеу сынды операциялар қазір қазақстандық қыз-келіншектер үшін таңсық емес. Бірақ қандай жағдай болмасын, Алланың берген табиғи келбеті мін жоғалтып алмайық!
Г.Әбдіханиқызы








