Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙЛЫТОҒАЙ – ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ АУЫЛ

МАЙЛЫТОҒАЙ – ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ АУЫЛ

Қазақ даласының әрбір түкпірінде өзіндік шежіре бар. Ол – елдің өткені, халықтың еңбегі, ұрпақ сабақтастығы мен туған жерге деген сүйіспеншілігі туралы сыр шертетін тарих. Осындай қасиетті мекеннің бірі – Майлытоғай ауылы. Көлемі шағын болғанымен, тағдыры ел тарихымен біте қайнасқан бұл ауылдың өзіндік болмысы мен рухани келбеті айрықша.


Бүгінде Майлытоғай – картадағы қарапайым ауыл ғана емес. Бұл – ата дәстүрін сақтап, талай сыннан сүрінбей өтіп, туған жерге деген құрметті кейінгі ұрпаққа аманат етіп келе жатқан бірнеше буынның тірі шежіресі. Майлытоғайдың тарихы кеңестік кезеңнен әлдеқайда бұрын басталады. Ежелден бұл өңір шұрайлы жайылымымен, суының молдығымен, көшпелі және жартылай көшпелі тіршілікке қолайлы табиғатымен елді өзіне тартқан. Революцияға дейін қазіргі Майлытоғай жері Сарышығанақ болысына қараған. Ауыл тарихының ерекше бір қыры – ел аузында сақталған көне жер атаулары. Ауыл маңындағы «Мақтақашқан» мен «Келіс» атты жерлерге қатысты аңыз бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыз бойынша, шамамен екі ғасыр бұрын Мақта есімді қыз ата-анасының қалауымен тұрмысқа шығудан бас тартып, сүйген жігітімен бірге қашып кетеді. Қуғыннан қашқан жастар өзеннен атпен өтіп, аман қалған екен. Содан бері бұл жер «Мақтақашқан» аталып кеткен. Кейін екі жақтың туыстары татуласып, көрші қоныс «Келіс» деп аталған. Мұндай аңыздар – халықтың рухани мұрасы. 1930 жылы Тасшоқы маңында «КИМ» колхозы құрылып, оның алғашқы төрағасы болып Биман Тапалов сайланды. Шаруашылықтың негізгі бағыты егіншілік, соның ішінде күріш өсіру болды. Аз уақыт ішінде колхоз жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ауыл тарихында Қапан Сабировтың орны ерекше. Ол – ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан еңбек адамы. 1934-1935 жылдары әр гектардан 80-85 центнерге дейін күріш алып, рекордтық көрсеткішке жетті. Ерен еңбегі үшін Ленин орденімен және Қазақстанның XV жылдығына арналған медальмен марапатталды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.
Алайда бейбіт еңбек Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Майлытоғай тұрғындары да мыңдаған кеңес азаматтарымен бірге майданға аттанды. Елде қалған әйелдер, қарттар мен балалар күн-түн демей еңбек етіп, майданды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қапан Сабиров 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, 1943 жылдың 4 тамызында Курск шайқасында ерлікпен қаза тапты. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің есімдері ауыл жадында мәңгі сақталған. 1962 жылы бірнеше ұсақ шаруашылық біріктіріліп, «1 Май» совхозы құрылды. Майлытоғай сол совхоздың төртінші бөлімшесіне айналды. Бұл кезеңде егіншілік, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығын механикаландыру қарқынды дамыды. Көптеген ауыл тұрғындары адал еңбегі үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды. Солардың бірі – ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері Мәдияр Асанов. Тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығында жаңа өзгерістер басталды. 1995 жылы совхоз таратылып, оның орнына өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары құрылды. 1997 жылғы әкімшілік өзгерістерден кейін Майлытоғай Сырдария ауданынан бөлініп, Шиелі ауданының құрамына енді. Қазіргі таңда ауылда шаруа қожалықтары табысты жұмыс істеп, егіншілік пен мал шаруашылығы дәстүрі жалғасып келеді. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары ел игілігіне қызмет етуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастағандардың бірі – Алтынбек Жұмаділов.
Ол биыл «Іскер» бағдарламасымен несие алып, омарта шаруашылығын қолға алған. Болашақта табиғи бал өнімін тек ауыл тұрғындарына ғана емес, Қызылорда қаласы мен өзге аудандарға да ұсынуды жоспарлап отыр. Ауыл әкімі Әбілқасым Мәмбетовтың айтуынша, бүгінде ауылдық округте 726-дан астам адам тұрады. Мұнда 14 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы ауыл еңбеккерлері 37 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, картоп, қауын, қарбыз, қызанақ және асқабақтан мол өнім алған. Өнімдерін Қызылорда мен Шиелі жәрмеңкелерінде нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатты. Мал шаруашылығы да ауыл тұрғындарының негізгі табыс көздерінің бірі. Қазіргі таңда ауылда 1127 жылқы, 10 түйе, 2163 ірі қара және 6918 қой-ешкі бар.
Табысты шаруашылықтардың бірі – «Асан» шаруа қожалығы. Отбасылық шаруашылықта 20 адам еңбек етеді. Бірі малға жауап берсе, енді бірі қыстау мен жайлауды күтіп-баптайды, техника мен құдықтағы су сорғыларының жұмысын қадағалайды. Қазір қожалықта 1500 қой өсірілуде. Сонымен қатар Асановтар әулеті Айырқұмда егін шаруашылығымен де айналысады. Биыл олар бақша өнімдерінен мол өнім алды. Әсіресе қара қауын, қалайсан, әміре, ала қауын сорттары жақсы шыққан. Қызылордадағы «Құлагер» базарынан арнайы орын алып, өнімдерін тікелей көліктен саудалаған. Әдетте маусым сайын майлытоғайлық диқандар үш миллион теңгеге дейін табыс табады. Майлытоғай өмірінде №141 Қапан Сабиров атындағы орта мектептің орны ерекше. Білім ордасының тарихы 1921–1922 жылдардан бастау алады. Ауылдағы алғашқы ағартушылардың бірі Мүсілім Мырзахметов жетім балаларға арналған интернат ашып, сауатсыздықты жоюға үлкен үлес қосқан. Мектептен елге танымал көптеген тұлғалар түлеп ұшты. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсенов, тарих ғылымдарының докторы Қажымұрат Әбішев, физика-математика ғылымдарының кандидаттары Базарбек Қашқынбаев пен Жақсылық Өтеулиев, филология ғылымдарының кандидаты Ишанбек Сыздықов бар. 1996 жылы мектепке Қапан Сабировтың есімі берілді. Бүгінде Майлытоғай өз тіршілігін баянды жалғастырып келеді. Ауылда мектеп, кітапхана, клуб және медициналық пункт жұмыс істейді. Бірақ Майлытоғайдың ең үлкен байлығы – оның адамдары. Еңбекқор, туған жеріне адал ауыл тұрғындары ел тарихын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізіп келеді. Майлытоғай – шағын ғана ауыл болса да, үлкен тарихи әрі рухани құндылықты бойына сақтаған қасиетті мекен. Өткенін ұмытпаған елдің болашағы да баянды болмақ. Ауыл әкімі Абылқасым Әбілдаұлы 1963 жылғы 16 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тартоғай совхозындағы №1 фермада дүниеге келген. 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтікқұрылыс институтының Қызылорда филиалына оқуға түсіп, 1986 жылы «Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша инженер-механик біліктілігін алған. 1987-1988 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген. Әскери қызмет барысында бөлімше командирі және взвод командирі қызметтерін атқарып, сержант шенімен запасқа шығарылған. Еңбек жолын Тартоғай совхозында жұмысшы болып бастаған. 1989 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Сырдария аудандық «Райсельхозтехника» мекемесінде механик, бас инженер, Қызылорда облыстық МТС базасында директордың орынбасары, Сырдария аудандық РАПО мекемесінде төрағаның орынбасары болды. 1996 жылы Сырдария аудандық «Агротехника» мекемесінің директоры болып тағайындалды. Кейін «Корпорация Рестром» ЖШС мен «Иман Ихсан» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды. 2018 жылғы шілде айынан 2022 жылғы шілде айына дейін Алмалы ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. 2024 жылғы 11 тамызда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Майлытоғай ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Абылқасым Әбілдаұлы еңбек жолында ауыл шаруашылығы мен жергілікті мемлекеттік басқару салаларында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып келеді.

М.КЕҢЕСҰЛЫ
09 маусым 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930