Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Парыз рухын биік қойған қаһарман

Парыз рухын биік қойған қаһарман

Бауыржан Момышұлы парыз ұғымын адам өміріндегі ең биік рухани құндылықтардың бірі ретінде бағалады. Батырдың пайымынша, парыз – ақыл-ой, сезім, ерік-жігер, ар-ождан, абырой, әділдік, шындық пен сүйіспеншілік секілді қасиеттерді біріктіретін жоғары интеллектуалдық ұғым. Өз парызын саналы түрде түсіну ғана солдаттың мәртебесін көтеріп, қорқақтық пен ойсыздықтан сақтайды.
Бауыржан Момышұлы парыздың адам бойындағы күш-қуатты арттырып, ерлікке жетелейтінін ерекше атап көрсетеді. Оның ойынша, парыз сезімі жауынгердің моральдық қуатын еселеп, жеңіске жігерлендіреді. Батыр: «Парыздан мықты күш жоқ» – деп, парыз бен ар-ожданның адам өміріндегі орнын терең бейнелейді. Сонымен бірге ол парызды жан рухы, жүректердің жүрегі, ерлік рухы, абырой қорғаны деп бағалайды. Батырдың пікірінше, әлемде парыздан артық қуатты қозғаушы күш жоқ әрі болмайды.
Бауыржан Момышұлы шындық мәселесіне де ерекше мән берген. Оның айтуынша, шындық – парыз сезімін тәрбиелейтін, ерлікке баулитын, адам бойындағы ерік-жігерді шыңдайтын негізгі құрал. Ал өтірік – адамды рухани әлсірететін зиянды құбылыс.
Батыр ерліктің табиғатын да терең түсіндірді. Оның пайымынша, ерлік – әскери тәрбиенің, ішкі күрестің, адамның өзін-өзі жеңуінің нәтижесі. Сондықтан соғыс шындығын болған күйінде көрсету – үстірттік емес, үлкен өнер.
Қолбасшы өзінің естеліктері мен ой-толғамдарын жазудағы мақсатын да ашық айтқан. Ол мұны майданда қаза тапқан қаруластарының рухы алдындағы солдаттық парызым деп түсіндіреді.
Мекемтас Мырзахметұлы мәліметінше, «Соғыс психологиясы» еңбегі 1944 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясында оқылған бір апталық дәрістер негізінде жарық көрген. Бұл дәрістердің жазылып сақталуына Мұхтар Әуезов бастамашы болған. Ал академик Қаныш Сәтбаев арнайы қолдау көрсеткен. Баукең оқыған дәріс түгелдей стенографияға түсіріледі. Көлемі екі томдық стенографиялық тексті машинкаға бастырылып, бірінші нұсқасы академик Қ.Сәтбаевқа тапсырылады да, екінші нұсқасын (көлемі 2 том) Б.Момышұлы өзі алып майдан төріне орлады. Қан майдан шайқас пен әскери академияда оқып жүрген кезінде қолындағы екінші нұсқаға тыңнан қосылған ой-пікірлерін түсіріп, деректер ендіріп толықтырып отырған. Көп жеріне жаңа деректер қосқан. Өзі қайтыс болудан үш жыл бұрын осы соңғы нұсқаны табыстап тұрып «мынаған сақ бол, біреулердің қолына түсіп кетпесін.Келер ұрпақтың назарына ілінер» деп әр сөзіне салмақ сала сөйлейді. «Екі томдық түп нұсқаны оқып шығып ойға баттым. Бұрын соңды ойға оралмас ой орманына кіргендей сезімде болдым. Кітап етіп жариялауға бір реті келер деп сақтап қойдым. 1990 жылы «Психология войны» деген атпен алғаш рет орыс тілінде менің құрастырумен «Қазақстан» баспасынан 20 000 дана басылыммен жарық көрді. 1996 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай «Психология войны» кітабы екінші рет 10 000 данамен жарияланды» деп бөліседі М.Мырзахметұлы.
Орыс тілінен қазақ тіліне «қанмен жазылған кітап» деген атпен Мұхтар Қазыбековтың аударумен, М.Мырзахметұлының құрастырумен түпнұсқа негізінде толық түрінде 1991 жылы 40 мың дана көлемінде басылым көрді. Б.Момышұлының соңғы екі томдық шығармаларының (Алматы 2000) бірінші томына осы «қанмен жазылған кітап» аудармасы ендірілді.
Бүгінде «Соғыс психологиясы» тәуелсіз Қазақстандағы әскери оқу орындарында қосымша оқу құралы ретінде қолданылып келеді. Бауыржан Момышұлының рухани мұрасы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа, ерлік пен парызды қастерлеуге тәрбиелейтін құнды қазына.

Оразбек Жұмаділұлы
11 мамыр 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031