Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ТІРЕГІ

ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Қоғамның әділдігі мен мемлекеттің мейірімін айқындайтын басты өлшемнің бірі – халықты әлеуметтік қорғау жүйесі. Бұл жүйе қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, еліміздің орнықты дамуының негізі саналады. Балалар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыздар мен табысы төмен отбасылар – әлеуметтік саясаттың тікелей назарындағы топтар. Халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту – кезек күттірмейтін өзекті мәселенің бірі болғандықтан, елімізде нәтижелі жұмыстар жүзеге асып келеді.
Түнеукүні Шиелі кенті, «Арман» мәдениет үйінде зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі, төлем мөлшерінің арттырылуы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі туралы ақпараттық түсіндірме жұмысы бойынша кездесу өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, Халықты әлеуметтік қорғау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы ­бойынша департаментінің басшысы Бекболат Шәріпбеков қатысты. Сонымен қатар аудандық көпбейінді орталық ауруханасының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шиелі аудандық бөлімінің мамандары мен аудан тұрғындары қатысты.
Кездесуде зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдерін тағайындау тәртібі, төлем мөлшерінің арттырылуы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары туралы департтаметтің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Айжан Бұхарбаева, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі жөнінде Нүрия Жұмағалиева баяндама жасады.
Мемлекеттік қолдау жүйесінде мұндай әлеуметтік жәрдемақылар халықтың әлсіз топта­рын қорғаудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар мамандар бұл іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға, демографиялық өсімді ынталандыруға және қоғамда тең мүмкіндіктер қағидатын қалыптастыруға бағытталатынын айтады.
Иә, бұл саланы елдің әлеуметтік тұрақтылығын, азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін маңызды бағыт деп білеміз. Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарды қолдау, тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету жүйелі түрде жолға қойылған. Әсіресе, ­атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп, нақты мұқтаж отбасыларды қолдауға негізделуде.
Жиынға қатысушылар тиісті сала мамандарына көкейінде жүрген сауалдарын қойып, кеңестер алды.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
28 сәуір 2026 ж. 34 0