Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Патриоттық тәрбиеге жаңа қадам

Патриоттық тәрбиеге жаңа қадам

Шиеліде көктемнің шуақты күндерінің бірінде ерекше мағынаға толы тағылымды сәт қалыптасты. №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының алаңы бұл күні тек білім ордасының кеңістігі емес, елдік рух пен ерлікке тағзымның, болашаққа деген сенімнің символына айналғандай әсер қалдырды. Сап түзеген жасөспірімдердің жанарындағы жалын, жүздеріндегі толқу – олардың жаңа өмір белесіне қадам басқанын айқын аңғартты.
Осы бір маңызды мезетте «Жас сақшы» полиция кадет сыныбының шымылдығы түріліп, 21 оқушы ел алдында ант беріп, жас сақшылар қатарына қабылданды. Бұл – жай ғана рәсім емес, әр оқушының азаматтық ұстанымын айқындайтын, жауапкершілікті сезінуге бастайтын маңызды кезең. «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деген серт жас жүректердің бойында елге деген адалдық пен парыз сезімін нығайтты.
Жаңадан құрылған сыныпқа ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан милиция сержанты Оразбек Шәкірұлының есімінің берілуі – шараның мәнін одан әрі тереңдете түсті. Оның өмір жолы мен қызметтегі қайсарлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Батырдың есімі – тек атау емес, ол – жас сақшылар үшін үлкен жауапкершілік пен рухани бағдар.
Ашылу салтанатына МКҚБ басшылығы және қызметкерлері, ардагерлер, білім беру мекемелерінің басшылары мен ата-аналар қатысып, жас сақшыларға сәттілік тілеп, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік және Отанға деген адалдық қасиеттері қалыптасуы маңызды екенін атап өтті. Әрбір айтылған тілек жас сақшыларға сенім мен жігер сыйлағандай болды.
Әнұран шырқалып, көк Ту көкке көтерілген сәтте алаңдағы әрбір жанның жүрегінде елдік сезім күшейе түсті. Ал ант қабылдау рәсімі сол рухтың шынайы көрінісіне айналды. Жас сақшылардың нық дауысы, сенімді қадамы – олардың болашаққа деген дайындықтарын байқатты.
Шара барысында жас сақшыларға арнайы куәліктер табысталып, игі істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Кейін бұл сәт рухани мазмұндағы концерттік бағдарламамен жалғасып, сахна төрінде патриоттық әндер шырқалып, ерлікке арналған жырлар оқылды. Оқушылар әскери дайындық элементтерін көрсетіп, өздерінің ширақтықтары мен ептіліктерін танытты.
Кештің әсерлі кезеңдерінің бірі – «Жас сақшы» сыныбының лентасын қию рәсімі болды. Бұл жаңа бастаманың нақты белгісіндей әсер қалдырды. Қонақтар сынып ішіне кіріп, батыр есімімен аталатын арнайы бұрышпен танысты. Онда ұсынылған мәліметтер көпшілікке терең ой салды.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, жас сақшыларға ақ жол тіледі. Осы бір сәт ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық рухты айшықтай түскен тағылымды көріністердің бірі ретінде есте қалды.
Жалпы «Жас сақшы» кадет сыныбы – тәртіп пен жауапкершілікке, ерлік пен елжандылыққа тәрбиелейтін маңызды алаң. Осындай бастамалар арқылы елін сүйетін, заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы міндетін сезінетін жас буын қалыптасады.

Айнұр ИБРАШЕВА
28 сәуір 2026 ж. 28 0