Рухани байлықтың иесі
Ауылдың рухани өзегі, мәдени өмірінің жүрегі саналатын киелі орынның бірі – кітапхана. Ол тек кітап сақтайтын мекеме ғана емес, ұлттың өткені мен бүгінін, рухани мұрасын келешек ұрпаққа жалғап тұрған алтын көпір. Халықтың сан ғасырлық тарихы, тағылымы мен танымы, әдебиеті мен мәдениеті – бәрі де кітап беттерінде қаттаулы. Сол қазынаны ел игілігіне жаратып отырған ауыл кітапханалары бүгінде тұрғындардың бас қосып, ой бөлісетін, рухани толысатын маңызды орталығына айналып отыр.Кітап – адамзаттың ең асыл байлығы. Ал сол байлықты көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан жандар – кітапханашылар. Олар – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір, рухани бағыт беруші шамшырақ іспетті. Бұл мамандық иелерінің еңбегі жеңіл емес. Кітап қорын жүйелеу, оқырманға сапалы қызмет көрсету, жаңа технологияларды меңгеру, түрлі мәдени-әдеби іс-шараларды ұйымдастыру – мұның бәрі үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді.
Кітапханашы – тек кітаптарды реттеп қоятын маман емес, ол – оқырманның жан дүниесіне жол таба білетін, кітапты өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыра алатын тұлға. Оқырман сұранысын зерттеп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, кітап қорын үнемі жаңартып отыру – олардың басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар олар оқырманға бағыт-бағдар беріп, әдебиет арқылы әлемді тануға мүмкіндік жасайды.
Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – Ақмая ауылдық кітапханасының білікті маманы Майгүл Кенебекова. Оның кітапхана саласында еңбек етіп келе жатқанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде ол өзін ісіне адал, білікті маман ретінде танытып, ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп келеді. Кітап сөрелерін ұқыппен реттеп, оқырманға қажет дүниені дер кезінде тауып беру – оның күнделікті дағдысына, сүйікті ісіне айналған.
Кітапхана табалдырығын аттаған әрбір жанды мұнтаздай таза, талапқа сай безендірілген, кітаптары рет-ретімен орналасқан жайлы орта қарсы алады. Бұл – кітапханашының ұқыптылығы мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Майгүл Асанбекқызының оқырманға деген ілтипаты, жылы жүзді қарым-қатынасы бірден байқалады.
– Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Ол баланың ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Кітап оқу адамның танымын тереңдетіп, дүниетанымын байытады. Бүгінде кітапханамыздың қорында 13 мыңнан астам кітап бар. Жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырамыз. Зейнеткерлер де, жастар да, мектеп оқушылары да келіп, кітап алып оқиды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Менің басты мақсатым – жас ұрпақтың саналы, білімді, көзі ашық азамат болып қалыптасуына үлес қосу, – дейді ол толғана.
Бұл сөздердің астарында үлкен жауапкершілік, терең сенім жатыр. Расында да, кітапхана – тек білім ордасы ғана емес, тәрбие бесігі. Мұнда ұйымдастырылатын әдеби кештер, танымдық сағаттар, кітап көрмелері – бәрі де жас ұрпақтың санасына сәуле құйып, жүрегіне рухани дән себеді. Әрбір шара – оқырман мен кітап арасындағы байланысты бекемдей түсетін алтын арқау.
Майгүл Кенебекованың еңбегі елеусіз емес. Оның жетекшілігімен кітапқа құштар болып өскен шәкірттер түрлі байқауда топ жарып, ауыл абыройын асқақтатып жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің, кітапханашы табандылығының жемісі. Себебі әрбір оқырманның жетістігінде оның бағыт-бағдары, берген кеңесі, ұсынған кітабы жатыр.
Өмірдің өзінде де ол – өнегелі жан. Отбасының ұйытқысы, ұрпағына үлгі боларлық ана, мейірімге толы әже. Оның өмір жолы – еңбектің, сабырдың, адалдықтың айнасы іспетті. Өмірлік жары Бейсенбай Сәрсенбекұлымен тамырын тереңге жайған бәйтеректей ұрпақ өсіріп, олардың қызығын қатар көріп отыр.
Кітапханашының еңбегі – үнсіз, бірақ ұлы еңбек. Олар дабырсыз жүріп, ұлттың рухани келбетін қалыптастырады. Олар – ойға бағыт беретін, жүрекке сәуле түсіретін, сананы оятатын жандар. Кітап арқылы адамды адам ететін, қоғамды кемелдендіретін күш – дәл осы кітапханашылардың қолында.
Осындай ізгі жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан Майгүл Кенебекова сынды жандар – руханиятымыздың тірегі. Олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Рухани әлемнің шамын сөндірмей, кітаптың қасиетін ұрпақ санасына сіңіріп жүрген абзал жанға шығармашылық шабыт, еңбегіне толағай табыс тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМ







