СӘУІР САМАЛЫ: ЖАҢАРУ МЕН ҮМІТ АЙЫ
Табиғатпен етене өмір сүрген ата-бабаларымыздың көшпелі тіршілігі ауа райын дәл болжауды талап еткені сөзсіз. Сондықтан олар аспан әлеміне – ай мен жұлдызға, сондай-ақ, желдің қай бағыттан тұруы мен төрт түліктің мінезіне қарай болжам жасап өмір сүрді, шаруасын күйттеді.Қазақта «сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөз бар. Ең алдымен сәуір айы – көктемнің толық күшіне енетін шағы. Қыстың ызғары қайтып, күн жылына бастайды, жаңбыр жауып, жер бусанады. Табиғат қайта түлеп, тіршілік жанданады. Дәл осы кезеңде жауын-шашын жиілеп, жер нәр алады.
Қазақ халқы үшін бұл – малдың аузы көкке тиіп, елдің еңсесі көтеріле бастайтын маңызды уақыт. Сондықтан сәуірдің жауынды, құбылмалы болуы – жақсылықтың нышаны. Сәуір айындағы күннің қас-қабағына қарап ата-бабаларымыз алдағы күндердің райын болжаған. Мысалы, жылқы ықтаса, алдағы қыс аязды болады. Күн күркіресе, егін бітік шығады, шөп қалың болады деседі.
Бұл айда ауа райын болжауда аспанның да айтары көп. Егер ай шалқасынан туса, келер қыс қатты болады. Ай қырынан туса, жыл жайлы өтеді. Жұлдыздар жымыңдап, анық көрінсе, алдағы күндері күн суытады деседі. Шолпан жарқырап көрінсе, көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі. Қыс пен жаз алысқан осы күндері қой қораға тығылса, алдағы күндері боран соғатынын білдіреді. Қарлығаш ерте келсе, керісінше, көктем жылы болады екен. Көктемде торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.
«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген мақал – қазақ халқының табиғат заңдылықтарын терең түсінгенін және өмір философиясын қарапайым сөзбен жеткізе білгенін көрсетеді. Бұл нақыл бүгінгі күнде де өз маңызын жойған жоқ, себебі ол бізге сабыр сақтап, әрбір қиындықтың артында жақсылық бар екенін еске салады.
Көктемнің әр күні – жылға азық. Ата-бабамыз секілді біз де әр күннің райын бағамдап жүрейік...
Айнұр Молдахметқызы





