Қаһарлы қыс амалдары
Далада өскен қазақтан асқан синоптик, одан асқан астроном табу қиын. Аспан денелеріне қарап, күн райын дәл анықтау, төрт түліктің әрбір қимылын бақылап, ауа райын болжау – бұл жай ғана наным-сенім, ырым емес. Қазақ айдың шалқалап немесе тік тууына, жұлдыздың жоғары не төмен тууына, малдың үркуі, қорадан шығуы, шықпауы, мазасыздануы, өрістен ерте не кеш қайтуы сияқты әрекеттеріне қарап-ақ, жыл мезгілінің қандай болатынын алдын-ала болжап, білген. Бұл болжам ешуақытта алдаған емес.
Ендігі кезекте ұлттық дәстүрімізде қалыптасып, мәнін жоймаған қыс мезгілінің амалдарына тоқталайық.
Ендігі кезекте ұлттық дәстүрімізде қалыптасып, мәнін жоймаған қыс мезгілінің амалдарына тоқталайық.
Бозқыраудың амалы. Қазан айының 20-21-лері шамасында күн салқындай бастайды. Бұл құбылысты қазақтар «бозқырау» деп атаған. Осы суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Қазанның 20-25-тері шамасында қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын есепшілер күні бұрын біліп, шаруаларға ескертіп отырған.
Қырбастың қызылы. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атаған. Қар қалың әрі тұтас түскеннен кейінгі болатын алғашқы аяз күндері осылай делінген. Болжаушылардың айтуынша, қырбастың қызылы үш-бес күнге созылып, сонан соң аяз беті қайта бастайды. Бұл күндері қолдағы малды аяз беті қайтқанша өріске тым ұзатып жаймайды.
Текебұрқылдақ. Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киік текесі маталады, яғни ұрғашы киіктерді қашырады. Бұл екі-үш күн ішінде аяқталады. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде киіктердің лақтауының екі-үш күннен әріге созылмауы осыдан.
Күннің таласуы. Халықтың айтуынша, «күн бой көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне мінеді. «Тфу» десе түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз басталады. Мұны қазақтар «қыс шілдесі» деп атайды. 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығындағы қара суық тоқырау кезең осы амал болып табылады.
Бөрісырғақ. Ақпан айының қысы ақырып келеді. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы айларда күш алады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырлардың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтай кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрісырғақ» деп аталуы да осыдан шыққан деседі.
Ақпан-тоқпан. Ақпан-тоқпан амалы – көктемнің басы. Осы амалдан кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз деп атайды. Яғни күннің көзі шуақтанып, ашық күндері түс қайта жібіңкіреп тұратынын халық осылай бейнелеген.
А.Асанов