Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде
Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бұл игі шара – тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.Іс-шара барысында онколог, уролог, гинеколог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен УДЗ мамандары тұрғындарды қабылдап, профилактикалық тексерулер жүргізді. Келушілерге денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу, уақытылы тексерістен өтудің маңыздылығы жөнінде кеңінен кеңес беріліп, қажетті медициналық ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде бір күн ішінде 142 адам түрлі сала маманына қаралды.
Шараға қатысқан Ақмая ауылының тұрғыны Күнсұлу Камалова өз пікірін білдіріп:
– Ашық есік күнінің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті. Қажетті дәрігерлерге қаралып, толық тексеруден өтіп, пайдалы кеңестер алдық. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тапса екен, – деді.
Атаулы шараның басты ерекшелігі – медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тұрғындар жолдамасыз қабылданып, тегін тексерулерден өтті. Ем қажет ететін азаматтарға нақты бағыт-бағдар беріліп, кеңестер ұсынылды.
Сонымен қатар аудан мектептерінде «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде», «Зиянды әдеттің денсаулыққа зияны», «Салауатты өмір салты», «Тиімді тамақтану» тақырыптарында семинарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға арналған бейнероликтер көрсетіліп, салауатты өмір салтын насихаттайтын флешмобтар өтті.
Бұл күні профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің жастар денсаулығы кабинеті мамандары №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының Шиелі ауданындағы филиал мамандары қатысып, жасөспірімдерге АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, жұғу жолдары мен қорғану шаралары, жауапты мінез-құлықтың маңызы туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылып, зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану және жеке денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Осындай кешенді шаралар – қоғам денсаулығын нығайтудың, тұрғындардың медициналық мәдениетін арттырудың тиімді жолы екені сөзсіз.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі







