Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЗАРДАҒЫ ЖАСЫЛ БИЗНЕС

БАЗАРДАҒЫ ЖАСЫЛ БИЗНЕС

Көктем – табиғаттың ғана емес, адамның да қайта түлейтін шағы. Қыс бойы қымталған жер бусанып, тоң кеудені жылытқан алғашқы күн сәулесімен бірге тіршілік атаулы қыбырлай бастайды. Әсіресе, қазақы танымда көктем – жаңару мен жасарудың, үміт пен еңбектің мезгілі. Жерге дән түсіп, талға бүршік байланған осы бір шақта елдің де көңілі көктейді. Ауласына ағаш егіп, бау-бақшасын жаңартуға асыққан жұрттың қарасы көбейеді.

Биыл да көктем келісімен орталық базар маңында қызу қарбалас басталды. Бір қарағанда, сауда орны емес, шағын ботаникалық баққа тап болғандай әсер аласыз. Әсіресе, көшет сататын қатарлардың маңы ығы-жығы халыққа толы. Бірі ауласын көркейтуге ниетті, енді бірі саялы бақ өсіруді ойлайды. Бірі жеміс ағашының бабын тапсам дейді, екіншісі гүл егіп, шаңырағының маңын ажарландырмақ. Көктемнің өзі адамды еңбекке үндейтін секілді. Тал егуге талпынған жанның көбейгені – қоғамның да табиғатқа бет бұра бастағанының белгісі.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ҚАРАЙ АҒЫЛҒАН ЖҰРТ
Межелі орынға жеткенде ең алдымен көзге түсетіні – саудасын қыздырып тұрған саудагерлер мен солардың алдындағы сан алуан көшет. Базарда не жоқ дейсіз?! Өрік, шие, черешня, алмұрт, алманың бірнеше сорты, хош иісті гүлдер, тіпті мәңгі жасыл реңін жоғалтпайтын шыршаға дейін самсап тұр. Іздеген адамға таңдау көп. Жеміс ағашының әрқайсысы болашақ өнімнің үмітін арқалап тұрса, гүлдер көктемнің нәзік келбетін көз алдыңа әкеледі.
Сатушылардың айтуынша, мұндағы көшеттердің басым бөлігі көршілес Түркістан облысынан жеткізіледі. Әсіресе, Түркістан жақтың топырағында жетілген, жерге отырғызуға дайын көшеттерге сұраныс жоғары. Оның себебі де түсінікті. Бабымен өсірілген, тамыры бекіген, топырағымен бірге әкелінген көшет жаңа ортаға тез бейімделеді. Халық та осыны біледі. Сондықтан арзанын емес, тәуірін алуға тырысады.
Бір қызығы, базардағы жұрттан қымбатшылыққа қатысты көп реніш естілмейді. Керісінше, адамдар сапалы көшет іздеп, жеміс беретін, жерсініп кететін түрлерін таңдауға ұмтылады. Осыдан талғамның өзгергенін, халықтың енді жай ғана ағаш емес, нәтиже беретін, күтімге көнетін көшетке мән бере бастағанын аңғару қиын емес.

БҮГІНГІ ШЫҒЫН, ЕРТЕҢГІ ЫРЫС
Шыбықтың шетіне қыстырылған дайын өнімді ағаштың суреті әркімнің қызығушылығын оятады. Әр көшет – ертеңгі бақтың, келешек өнімнің кішкентай уәдесі іспетті. Бағасына келсек, базардағы жеміс беретін ағаш көшеттері 1 000-1 500 теңге аралығында сатылуда. Ал гүлдердің бағасы шамамен 500 теңгеден басталса, шырмауықтың кей түрлері 1500 теңгеден сатылуда. Алғаш қарағанда бұл сома біреуге қымбат көрінуі мүмкін. Алайда бір тал көшеттің бірнеше жылдан соң жеміс беріп, сая болып, тіпті әулетке көлеңке сыйлайтынын ойласақ, оның құны әлдеқайда жоғары екені анық.
Ал мәңгі жасыл сұлулығымен көз тартатын шырша секілді қылқан жапырақты ағаштардың бағасы көлемі мен түріне қарай әртүрлі. Қарапайым шырша көшеттері 2 000 теңгеден басталса, сәндік мақсатқа арналған ірілеу, ерекше пішіндегі қылқан жапырақты ағаштар 5 мыңнан 60 мың теңгеге дейін барады. Бұл да бүгінгі нарықтың сұранысына сай қалыптасқан құбылыс. Қазір жұрт тек жеміс үшін ғана емес, ауласының эстетикасы үшін де ағаш отырғызуға мән бере бастаған.
Көкөніс көшеттерінің де саудасы қызып тұр. Себебі ол қарапайым халықтың күнделікті тұрмысына жақын өнім. Қызанақ 50-70 теңге, қияр 70 теңге, қызылша көшеті 50 теңгеден ұсынылуда. Мұның бәрі – көктемгі тірліктің қызғанын, жұрттың жерге еңкейіп, еңбекке ден қоя бастағанын аңғартады.

МАУСЫМДЫҚ МАҢДАЙ ТЕР
Базарда жайқалып тұрған әр көшеттің артында көзге көрінбейтін үлкен еңбек жатыр. Оны сырттай қарап тұрып бірден бағамдай бермейміз. Көшетті отырғызу, баптау, суару, түбін күту, жерсіндіру – мұның бәрі уақыт пен төзімді, тәжірибе мен ықыласты талап етеді. Базардағы маусымдық сауданың қызған шағында сол еңбектің өтеуі қайтқандай көрінгенімен, кәсіпкерлер үшін мұның да өз машақаты аз емес.
Көшет сатуды бірнеше жылдан бері кәсіпке айналдырған түркістандық Умида ханым бұл саланың сырт көзге оңай көрінгенімен, шын мәнінде жауапкершілігі зор екенін айтады. Оның сөзінше, көшет ерте көктемнен бастап отырғызылып, арнайы баппен өсіріледі. Жерсінуі үшін топырағымен бірге әкелінеді. Сатушының міндеті – тауарын өткізу ғана емес, оны аман жеткізу, тіршілігін сақтап ұсыну.
Биылғы бағаның біршама жоғарылауына да өзіндік себеп бар. Жол шығыны, жүк көлігінің ақысы, базардағы орынның жалдау құны, еңбек күші – мұның бәрі көшеттің соңғы бағасына әсер етеді. Сондықтан сатып алушы кейде бір шыбықтың бағасын ғана көреді, ал оның артындағы маусымдық машақат пен маңдай терді аңғара бермейді.

СӘН ЕМЕС, САУАТ КЕРЕК
Сатушылардың бір байқағаны – кей тұрғындар ағашты сатып алып, жерге қадай салса болды, өзі-ақ өсіп кетеді деп ойлайды. Ал шын мәнінде әр көшеттің өз күтімі, өз мінезі бар. Жеміс ағашының бірі көбірек күн қалайды, бірі суға сезімтал, енді бірі топырақ талғайды. Тыңайтқыш себудің де өзіндік уақыты мен тәсілі болады. Көшеттің жеміс бермеуі көп жағдайда сатушыдан емес, дұрыс күтімнің болмауынан туындайды.
Бұл жерде бір маңызды мәселе анық көрінеді. Бізде ағаш егу мәдениеті қалыптасып келе жатқанымен, ағаш күту мәдениеті әлі де толық орныққан жоқ. Ағаш отырғызу – ниет. Ал оны баптау – білім. Екеуі қатар жүрмесе, еңбек ақталмайды. Демек, көшет саудасымен қатар, халыққа ағаш күтіміне қатысты кеңес беру, қарапайым агротехникалық түсіндіру жұмыстары да қатар жүруі керек.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ КӨБЕЙМЕЙ, БАҒА ТҰРАҚТАЛМАЙДЫ
Сатушылар мен кәсіпкерлердің айтуынша, ішкі нарықта жергілікті өсімдіктердің үлесі артса, базар бағамы да тұрақталар еді. Бұл – тек саудагердің емес, тұтас аймақтың экономикалық және экологиялық мүддесіне қатысты мәселе. Егер өңірде арнайы тұқымбақтар көбейіп, көшет өсіру ісі жүйеленсе, сырттан тасымал азаяды. Тиісінше жол шығыны қысқарады, баға да бір қалыпқа түседі.
Бүгінде базардағы көшеттердің басым бөлігі Түркістан облысынан, кейбірі өзге өңірлерден келеді. Бір жағынан, көрші аймақ кәсіпкерлерінің еңбегінің нәтижесі. Екінші жағынан, жергілікті жерде көшет шаруашылығының әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетеді. Сондықтан болашақта арнайы тұқымбақтар санын көбейту, жергілікті климатқа бейімделген жеміс және сәндік ағаш түрлерін өсіру – уақыт талабы.
Бұл тек экономикалық пайда әкеліп қоймайды. Жергілікті көшет – жергілікті табиғатқа жақын. Ол топыраққа тезірек сіңіседі, күтімі жеңіл болуы мүмкін, ауа райына төзімді келеді. Яғни, тұтынушы үшін де, кәсіпкер үшін де, аймақтың экологиялық ахуалы үшін де тиімді.

ТҮЙІН
Көктем – жердің ғана емес, көңілдің де жаңаратын шағы. Ал сол жаңарудың ең көркем белгісі – егілген тал, көктеген көшет, гүлге оранған аула. Базардағы қызу көшет саудасы – халықтың табиғатпен қайта табыса бастағанының айқын көрінісі. Алайда бұл үрдіс тек саудамен шектелмеуі керек. Ағаш егу мәдениетімен бірге, оны күту мәдениеті де қатар дамуы қажет. Жергілікті тұқымбақтар көбейіп, ішкі нарықтағы көшет үлесі артса, баға да тұрақталады, сапа да жақсарады, табиғатқа қосылар үлес те молаяды. Ал елдің ертеңі көгерсін десек, бүгіннен бастап топыраққа үміт егуіміз керек. Өйткені атадан мал қалғанша, тал қалғаны расымен де мың есе артық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 сәуір 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930