Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарымсыз грант: шағын қадамнан үлкен өзгеріске

Қайтарымсыз грант: шағын қадамнан үлкен өзгеріске

Елімізде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ішінде «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Бұл бастама – өз ісін ашуға ниетті азаматтарға бағыт-бағдар беріп, қаржылай және білім беру арқылы нақты қолдау көрсететін тиімді құралға айналып отыр.
«Бастау Бизнес» жобасының басты мақсаты – халықты кәсіпкерлікке баулу, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың табысын арттыру. Бағдарлама аясында қатысушылар арнайы оқудан өтіп, бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Олар маркетинг, қаржы жоспарлау, салық төлеу, клиент тарту секілді маңызды бағыттар бойынша білім алады. Бұл – кәсіпті тек бастау ғана емес, оны дұрыс жүргізудің де негізі.
Жобаға қатысушылар өз бизнес-жоспарын әзірлеп, оны қорғау арқылы қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік алады. Мұндай қолдау әсіресе ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Себебі шалғай елді мекендерде тұрақты жұмыс табу оңай емес. Ал «Бастау Бизнес» арқылы азаматтар өз кәсібін ашып, табыс көзін қалыптастыра алады.
Бағдарлама әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөледі. Көпбалалы аналар, жұмыссыз азаматтар, мүгедектігі бар жандар, жастар мен қоныс аударушылар осы жоба арқылы өз мүмкіндігін жүзеге асырып келеді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің де бір жолы.
Шиелі ауданында да «Бастау Бизнес» жобасының игілігін көріп отырған тұрғындар аз емес. Грант алып, шағын наубайхана, тігін цехы, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары бойынша кәсібін дөңгелетіп отырған жандар – соның айқын дәлелі. Олардың әрқайсысы – шағын қадамнан үлкен өзгеріске жеткен еңбекқор азаматтар.
Әрине, кез келген істің табысты болуы – адамның өзіне байланысты. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалғанымен, оны тиімді пайдалану үшін табандылық, жауапкершілік және еңбекқорлық қажет. Жобаға қатысушылардың басты артықшылығы – олар тек қаржы алып қана қоймай, кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастырады.
Өткен жылдағы көрсеткіштер де бұл бағдарламаның тиімділігін дәлелдейді. Мәселен, 2025 жылы ауданда қайтарымсыз грантты 147 адам алды. Оның ішінде бірінші лекпен 75 адам, ал екінші лекпен 72 адам мемлекеттік қолдауға қол жеткізді. Осыдан көрініп тұрғандай, грантқа деген сұраныс жоғары және тұрғындардың кәсіп бастауға деген қызығушылығы артып келе жатыр.
Көпшілік арасында «жұмыс жоқ» деген пікір жиі айтылады. Жалақының аздығы, тұрақсыздық пен талаптың көптігі еңбек нарығындағы басты мәселелердің бірі ретінде қабылданады. Әсіресе жастар мен ауыл тұрғындары өзіне лайықты жұмыс табу қиын екенін жиі алға тартады. Алайда мәселенің бір қыры ғана сыртқы жағдайларға байланысты. Көп жағдайда адамдар өз әлеуетін толық ашпайды, жаңа бағыттарға қадам жасауға жүрексінеді немесе бар мүмкіндіктерді дер кезінде бағаламайды.
Қалыптасқан ойлау жүйесі мен тәуекелден қорқу да дамуға кедергі келтіреді. Қазіргі заманда тек жұмыс іздеу жеткіліксіз, өз орныңды өзің қалыптастыру маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар жаңа бастамаға нақты қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан көзқарасты өзгертіп, әрекетке көшу – табысқа бастар негізгі қадам.
Мұндай қолдаудың нақты нәтижесін қарапайым мысалдардан көруге болады. Анар ­Кенжебекова кондитерлік өнім дайындау ісін бастамас бұрын бірнеше ай бойы дайындық жүргізді. Ол бизнес-жоспарын жазып, қажетті құрал-жабдықтарын алдын ала әзірледі. Грант алғаннан кейін өз өнімін сатуға кірісіп, алғашқы тұтынушыларын таба білді. Бүгінде оның өнімдері тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Бұл мысал кез келген істің нәтижесі табандылық пен сенімге байланысты екенін дәлелдейді. Шағын бастама да үлкен табысқа жеткізе алады.
Грант қаражаты түрлі саладағы кәсіпті дамытуға бағытталған. Соның ішінде мал шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салалары кеңінен қамтылады. Кондитерлік және сүт өнімдері, фаст-фуд, тігін цехтары, дәнекерлеу қызметтері сияқты бағыттар да қолдауға ие. Мұндай кәсіп түрлері тек жеке табыс көзі емес, өңірдің экономикалық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, грантқа өтініш арнайы портал арқылы қабылданады. Қазіргі таңда порталдың ашылу уақыты нақты жарияланған жоқ. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі маман Гүлжамал Қалмырзаева бұл жөнінде:
– Қазіргі таңда портал әлі ашылған жоқ. Ашылған кезде ресми парақшалар арқылы хабарлаймыз. Сондықтан үміткерлерге ақпаратты үнемі бақылап отыру маңызды. Бұл тек қаржылай қолдау емес, әр адамның өз өмірін өзгертуіне берілетін мүмкіндік. Әр өтініш беруші өз идеясын дұрыс қорғай білсе, табысқа жете алады, – дейді.
Өтініш қабылдау басталған сәтте құжаттарды толық әрі дұрыс тапсыру маңызды. Алдын ала дайындық жүргізіп, нақты бизнес-жоспар әзірлеу – грант алу мүмкіндігін арттырады.
Сонымен, қайтарымсыз грант – жай ғана қаржылай көмек емес, ол – жаңа өмірге бастар нақты мүмкіндік. Әрбір қолдаудың артында адам тағдыры, үміт пен өзгеріске деген ұмтылыс жатыр. Мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті тиімді пайдалану – әр азаматтың өз қолында. Ең бастысы – күмәнді артқа тастап, нақты әрекетке көшу. Шағын қадамнан басталған іс үлкен жетістікке жетелейді. Сол себептен бүгін жасалған батыл шешім ертеңгі табыстың негізіне айналуы әбден мүмкін.

Айнұр ИБРАШЕВА

07 сәуір 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930