Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бастау Бизнес»: Қандай кәсіп ашылуда?

«Бастау Бизнес»: Қандай кәсіп ашылуда?

Елімізде кәсіпкерлікпен шұғылданамын деген жандарға қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның асқақ арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше.
Бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының түпкі мақсаты да жұмыссыздықты жойып, табысты ауылдардың санын арттыру болатын. Жыл басынан бері аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 723 жас азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, оның 689-ы тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған.
Жұмыссыз, басы артық қаржысы жоқ ауыл адамына ең тиімдісі – «Бастау Бизнес» жобасы. 2019 жылдан бастап ел аумағында іске асырылып жатқан осы жобаның мақсаты – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, техникалық және кәсіптік білімі жоқ немесе біліктіліктері төмен жұмыс орындарында істейтін азаматтарды оқытып, өз кәсіптерін ашуға көмектесу. 3 жылдан бері кедейліктің ең шегінде күнкөрістері өте төмен мұқтаж жандарға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақсы қолдау болды.
Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы А.Алдабергенов:
– Ауданда ағымдағы жылдың сәуір айында 29 жасқа дейінгі жас­тар қатарынан 8 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, кәсіптерін ашты. Айта кеткен жөн, қазір кез келген азамат онлайн түрде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өте алады, шектеу жоқ, – деді.
Екі қолға бір күрек ұстап, іс қылсам деген жұмыссыздарға қолдау әркез де бар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың 1 маусымына тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5 309 субъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 113,9 процентке артқан. Жыл басынан бүгінге дейін 18-29 жас аралығындағы 876 жас кәсіпкер тіркеліп отыр.
2018-2021 жылдар аралығында жоба аясында «Fast food» орталығын, сұлулық салонын, автокөлік жөндеу шеберханасы мен жуу орталығын, дәнекерлеу және жартылай фабрикат өнімдерін өндіру цехын, кондитер, жиһаз жасау және тігін цехын ашу, жем-шөп дақылдарын өсіру, жылқы, мал, омарта, құс шаруашылығын ашу бағытында 1635 адамға 854 млн 843 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Ал осы жылға 381 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант беру жоспарланған.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 тамыз 2022 ж. 532 0