Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘЖІЛІСМЕН МҰРАТ НЕМЕСЕ МЕМЛЕКЕТШІЛ МІНЕЗ ИЕСІ

МӘЖІЛІСМЕН МҰРАТ НЕМЕСЕ МЕМЛЕКЕТШІЛ МІНЕЗ ИЕСІ

Жылдар тек уақыт өлшемі ғана емес, ол – тәжірибе, сабақ, шыңдалу мен толысудың жарқын жаршысы. Сынаптай сырғыған сол уақыттың әрбір өткелінде белгілі бір бұлтартпас баспалдақтар болады. Мысалы, Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың аяқ басқан алпысыншы көктемі жай ғана мерейлі жас межесі емес, бұл – азаматтың кемеліне келіп, көргені мен түйгені таразыға түсетін, өткен жолына байыппен көз жүгіртіп, болашаққа нық қадам жасайтын жаймашуақ кезеңі дер едім. Тіпті, «Көктем гүлдің бағын ашады, басшы елдің бағын ашады» дейтін халық даналығы да кейіпкеріміздің көркем келбетін кескіндейтін секілді. Өйткені кіндігі көктемде кесіліп, көктеммен көктеп-көгеріп, көктемде кемелдікке келген кісінің көңілі де көктемге ұқсайды. Жан-жағын жаңғыртады, төңірегін тамашаға телітіп, жаңаша түлетеді, көптің жүгін көтеріп, елмен бірге есейеді. Ол – туған жердің патриот перзенті, ел мен жер тағдыры үшін үнемі бүйрегі бүлкілдеп, бауыры езіліп тұрады. ­Керек десеңіз, елдің әрбір адамына деген нәзік сыйластық пен суымайтын сүйіспеншілік сезімі оның жүрегінде тулап жатады.
Жалпы уақыт үстемдігі – адам ғұмырының ең әділ төрешісі ғой. Ол ешкімге аялдамайды, ешкімді күтпейді. Бірақ сол тынымсыз ағыс ішінде әр адамның жүріп өткен жолы, қалдырған ізі, атқарған ісі арқылы өмірінің мәні мен салмағы айқындала береді.
Осы ретте заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтқан: «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік болар еді» деген тағылымды ой еріксіз еске түседі. Себебі әрбір сұңғыла сөздің астарынан атпал азаматтың ажарын, бейнесін аңғаруға болады. Сол негізді алға тартып, біз Мұрат Ергешбаевты қайраткерлік болмыс-бітімін баян етуге бекіндік.
Асылы, зерделеп, байыппен ой елегінен өткізсем, Мұрат Нәлқожаұлымен арадағы сыйластық отыз жылға жуық уақытты қамтыпты. Уақыттың жылдамдығы білінбегенімен, сол жылдардың әр белесі жадымда айқын сақталған.
Алғашқы жүздесуіміз – тоқсаныншы жылдардың орта тұсы-тұғын. Білім беру саласында 3 жыл жұмыс істеген соң мемлекеттік қызметке енді ғана қадам басып, Қызылорда қаласы әкімдігінде қатардағы маман ретінде еңбек жолымды жалғастырып жүрген шағым еді. Ал сол кезеңге дейін Мұрат Нәлқожаұлы ауыл шаруашылығы саласында экономист, банк саласы құрылымдарында, оның ішінде «Халық банкінің» облыстық филиалының директоры қызметтерінде басқарушылық баспалдақтарынан өтіп, облыс әкімінің орынбасарының, бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері Қамбарбек Әжібековтің кеңесшісі қызметін атқаратын. Сол бір сәттен-ақ Мұрат Нәлқожаұлының бекзат болмысы мен іске мығым, орнықты мінезі ерекше әсер қалдырды. Іскерлігіне ішім жылып, қабілетіне қызыға қарадым. Сөйтіп сырттай сүйсініп жүрдім.
Уақыт өте келе осы алғашқы әсер кездейсоқ сезім емес, оның табиғи тұлғасының көрінісі екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Оның жаратылысынан жанартаудай талпыныстың, әдеп пен мәдениеттің, сабыр мен салмақтың үйлесімі айқын аңғарылатын. Қарапайымдылық пен елжандылық санасына сынадай қағылған қазақы қасиеттер екеніне көз жеткіздік. Әу баста, аудан басшысы болған әкесінің ақылын алып, алғашқы қызмет сатысын ауылдан бастаған жігіттің бұл беталысы бекер болмағанын білдім. Өйткені ауылдың тәлімі бөлек, тұла бойға темірқазықтай бекитіні бар.
Не керек, осылайша басталған таныстық уақыт өте келе байламы берік байланысқа ұласты.
Екі мыңыншы жылдардың басында тағдыр бізді қайта тоғыстырды. Ол облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болса, мен облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары едім. Бұл кезеңдегі кәсіби араласуымыз біртіндеп қызметтік қарым-қатынастан асып, адами сыйластық пен өзара сенімге негізделген әріптеске айналдық.
Аунап айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Әуелгі әріптестік енді сенімді серікке, тамыры терең достыққа ұласты. Мұрат Нәлқожаұлы әр жылдары Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің бастығы, «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметтерінде тәжірибе жинақтап, шыңдалу мектебінен өтті. Ол 2008 жылы Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындалып, шаһардың сан-салалы тыныс-тіршілігіне араласқан шақта, оның басқарушылық болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік туды.
Әр түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерде жүріп, оның негізгі ұстанымы өзгермегені байқалды. Қандай жағдайда болмасын, сабыр сақтап, істі жүйелі түрде шешуге ұмтылып, әр әрекетінің түп төркінінде «елге пайдам тисе» деген ішкі қағида жататын.
Осы мінезі оның Қызылорда қаласының және бірнеше ауданның әкімі қызметін атқарғанында да айқын көрінді. Мұрат Нәлқожаұлы әсіресе, Қызылорда қаласының әкімі қызметінде жаңашыл істерімен танылды. Сыр өңірінің бас шаһарының инфрақұрылымын дамыту мен оның тұрақты тіршілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Оның бастамасымен жол-көлік, энергетика, сумен және газбен қамту салалары жаңғыртылып, бірқатар көше күрделі жөндеуден өтті, нәтижесінде тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейі артты. Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығы мазуттан газға ауыстырылып, екі қазандығы толық қайта жаңғыртудан өткізілді. Ескі әуежайдың бұрынғы ұшу-қону алаңы қайта жөнделіп, Астана даңғылына айналды. Облыс орталығының кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар қаланың тазалығы және өңірлік бағдарламалардың орындалуын үйлестіріп, өңірдің орталығы өмірінің маңызды салаларына тиімді басқару жүргізді. Осы кезеңде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, қаланың сәулеттік келбеті ажарланып, шағын және орта бизнестің дамуы да серпін алды.
Одан әрі, Қармақшы, Шиелі, Қазалы, ­Сырдария аудандарын басқарған жылдары ол тек әкім ретінде емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін кәсіби ұйымдастырушы ретінде танылды. Осы кезеңде бұл аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылып, өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар жүзеге асты. Елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлап, ортақ мүдде орайында озық дәстүрді қалыптастырды. Мұндай ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі ұштасқан білікті басшының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен мол тәжірибесі, кез келген істі жүйелі үйлестіре білетін кәсібилігі, тегеурінді табандылығы мен жоғары жауапкершілігі шешуші рөл атқарды. Бұл жөнінде аудандардың халқы оның береке үшін білегі түрулі, санасы сергек, қабілеті қарымды екенін терең тани түсті, әлеуметтік мәселелерді шешуге шынайы кірісетін күрескерлік айбынын әлі күнге дейін зор ықылас, құрметпен еске алады. Әсіресе әлеуметтік саладағы шешімдері мен бастамалары уақыт сынынан өтіп, халық жадында жатталып қалды.
Бұған қоса, облыстық қаржы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшысы ретіндегі қызметтері оның жауапкершілік пен тиянақтылыққа негізделген кәсіби ұстанымын тағы бір мәрте айқындап берді.
Расында, Мұрат Ергешбаев – сөзбен емес, іспен сөйлейтін адамдардың қатарынан. Сондықтан да ол қай қызметте жүрсе де, нәтижеге жұмыс істеуді басты қағида етеді. Баянды бірлік пен байсалды тірлік мақсатын меже тұтады.
Бүгінде тағдыр бізді заң шығару саласында тоғыстырды. Мен – Сенатта, ол – Мәжілісте. Бұл да өмірдің өзіндік заңдылығы секілді. Бірақ бір нәрсе анық, ол Мәжіліске кездейсоқ келген жоқ. Ол – халықтың ортасынан шыққан, өмір мектебінен өткен, тәжірибесі толысқан мемлекетшіл тұлға ретінде келді.
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Мұрат Нәлқожаұлы Парламент мінберінен өзекті мәселелерді батыл көтеретін білікті депутат ретінде танылып жүр. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы ретінде республикалық бюджетті қабылдау процесіне де белсенді атсалысады. Экономика, су ресурстары, жер қатынастары секілді күрделі тақырыптарды жүйелі түрде қозғап келеді. Әсіресе ұн экспорты, су саясаты, Арал мәселесі, жер дауы сияқты түйткілге қатысты нақты ұсыныстар айтуы – оның мемлекетшіл көзқарасының айғағы. Ол көтерген мәселелер – жай статистика емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар.
Оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен факторлар да ерекше.
Біріншісі – отбасы тәрбиесі, әке тағылымы. Мұрат Нәлқожаұлы – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың перзенті. Әке өнегесі – оның өмірлік бағдаршамы болды. Бірақ бұл жағдай оның жолын жеңілдеткен жоқ. Керісінше, әке оны өмірдің шынайы мектебінен, елдік дәстүрдің айнымас жолынан өткізді.
Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған жылдары ол қатарластары секілді жатақханада тұрып, өмірдің қарапайым тіршілігін бастан өткерді. Бұл – оның өз күшімен өмір сүруге үйренуіне, еңбектің қадірін түсінуіне жол ашты. Әскер қатарындағы 2 жылдық борышын шекара күзеті қызметінде өтеуі де оның өміріндегі маңызды кезең болды. Әскери тәртіп пен жауапкершілік оның мінезін шыңдады.
Кеңестік кезеңдегі беделді оқу орны саналатын Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдап, елге оралған тұста да әкенің ұстанымы өзгерген жоқ. «Алдымен ауылға бар» деген бір ауыз сөздің астарында терең мән жатты. Осылайша Мұрат Нәлқожаұлы Сырдария ауданындағы Жамбыл атындағы совхозда қарапайым экономист-маман ретінде еңбек жолын бастады. Бұл кезең – оның елмен етене араласып, қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін тереңінен таныған, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан шақ болды.
Әкенің осындай өмірлік мектебі жас маманды шыңдап қана қойған жоқ, оны халықтың мұңын түсінетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат етіп қалыптастырды. Қай қызмет жүктелсе де, оны мүдірмей, мінсіз атқаруы – сол тәрбиенің жемісі.
Екіншіден, алдыңғы аға буынның жанашыр қамқорлығы оның бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Осы тұрғыда оның өмірінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев айрықша орын алады.
Ел тәуелсіздігі кезеңінде саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың алғашқы легінің көрнекті өкілі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Мұрат Ергешбаевтың мемлекеттік қызметке келуіне ықпал еткен, бағыт-бағдар берген ұстазының бірі әрі бірегейі болды. Оның сенімі мен қолдауы жас маманның үлкен саясатқа қадам басуына жол ашты. Бұл – тәлім мен сенімнің, тәжірибе мен мүмкіндіктің үйлескен тұсы еді.
Ол өзінің естелік мақаласында: «Менің Бердібек Машбекұлымен таныстығым 1996 жылдан басталады. Сол жылы ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалып, аймақ дамуына тың серпін әкелді. Іскер басшының бастамаларымен өңірде қарқынды өзгерістер жүріп, жаңа басқару қарқыны қалыптаса бастады.
Көп ұзамай ол біздің шаңыраққа арнайы келіп, әкеммен жүздесті. Әңгіме барысында өңірдің болашағы, алдағы жоспарлар кеңінен қозғалып, кейін әкемді түрлі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараларға тартып отырды. Осы арқылы ол елге еңбегі сіңген азаматтарды назардан тыс қалдырмайтын, тәжірибені бағалай білетін тұлға екенін аңғартты.
Бір күні әкем мені оңаша шақырып, мемлекеттік қызметке ауысу туралы байыпты кеңес берді. Бір түсінгенім, әкем менің мемлекеттік қызметке ауысуым бойынша Бердібек Машбекұлымен ақылдасқан екен. Осылайша мен облыс әкімдігіне қызметке келіп, жаңа талап пен жоғары жауапкершілікке толы ортаға түстім. Бұл – мен үшін үлкен мектеп болды. Ал сол таңдауға себепкер болған Бердібек Машбекұлының сенімі мен бағыт-бағдары өмірлік жолыма елеулі әсер еткенін ерекше атап өткен жөн», – деп еске алады.
Сөйтіп, мемлекеттік қызметке келіп – Қызылорда облысы әкімінің орынбасарының кеңесшісі лауазымын атқарады. Кейін қызмет еткен қаржы, әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, жергілікті басқару, ұлттық экономика саласында – осының бәрінде оның жан-жақты тәжірибесі қалыптасты. Ол әрбір маңызды саланың ерекшелігін терең меңгеріп, оны ел игілігіне тиімді пайдалана білді.
Мұрат Ергешбаевтың басты қасиетінің бірі – кішіпейілділік пен қарапайымдылық. Ол ешқашан өзінің шыққан тегін алға тартпайды. Керісінше, «халықтың баласы болу» әдебін ұстанады. Сондықтан да ол қай ортада жүрсе де, елден кіндік үзген емес.
Бүгінде ол – тек Парламент Мәжілісінің депутаты ғана емес, ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға. Көптің сөзін тыңдай алатын, қажет жерде төрелік айта білетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат.
Осындай өмір жолынан өткен Мұрат ­Ергешбаев үшін басты мұрат – жеке мансап емес, елге қызмет ету. Оның өмірлік философиясы да осыған саяды. Оның есіміне «мұрат» сөзі бекер тіркелмегендей. Өйткені оның бар болмысы – асыл мұратқа қызмет етудің айқын көрінісі.

Руслан Рүстемов,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
07 сәуір 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930