БЕКЗАТ БОЛМЫС
Кең дүние кеңістікте жөңкіле көшкен уақыт шіркін! Шашасына шаң жұқпас жүйріктей жүйткіп, таңның атысы мен күннің батысын бағамдап, бүгінгің кешегі күнмен алмасып, айлардың аунап, жылдардың жылыстап жылжып жатқанын аңғармай да қалатынымыз рас. Өткен аптада ауданның даму тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, үлесін қосқан айтулы азаматтың жылдық асына қатысып, құран бағыштап қайттық. Күні кеше ортамызда жүргендей сезінетін Қамбарбектің дүниеден озғанына да тура 1 жыл толыпты. Сол күні апыл-ғұпыл қағазға түсірген қазанама түріндегі жазбамды толықтырып жариялауды жөн санадым.Арда азамат жөніндегі әуелгі суық хабарды естігенде, біразға дейін өзіме өзім келе алмап едім. Есеңгіреп ес жи алмай отырғандағы сансыраған санада жылт еткен ой «Соңғы рет қашан көріп едім?» болған. Иә, қашан, қай жерден көрдім? Әлден соң еміс-еміс еске оралған көрініс жадымда жаңғырған. Жаңа жыл алдындағы салтанатты жиын. «Ауданның құрметті азаматы» атағын алу рәсіміне сай төсбелгісін тағып иығына лентасын ілуге трибунаға өтіп бара жатқан кезі. Қас-қағым сәт, көп жылдардан бергі көз таныс бейнеден көрер көзге әйтеуір бір оғаштау, өзгешелеу көрінген әлденеден тіксініп қалып барып бажайлап қайта қарап едім. Селт еткен секем сезім алдамаған екен. Әу бастан-ақ, тығыншықтай дембелше азаматтың иығы қушиып, жақ сүйегі суалған тым жүдеу көрінген. Едәуір салмақ тастап бойшаңдана түскен тұрқына қарап жүрегі құрғыр бір шым еткен сонда. «Апыр-ау, не болған осыншалықты, науқастанып жүрмесе не қылсын?..» деген ішкі ой еріксіз қылаң бергені бар-ды. Жейдесін қаусырынып ширақ басуға тырысқан қадаммен басқыштан еңкейіп аттай бере еңсесін тез тіктеп алған ол залға жағалай көз салды. Бәрі таныс. Өзі төрінде отырып талай жиналыс өткізген осынау кең залда жағалай отырғандардың ардагерлерінен бастап мекеме, шаруашылық басшыларының атын атап, осы отырған мұғалім, кәсіпкерлердің түсін түстейтіні былай тұрсын, қай ауылдың тумасы, қай руға жататынына дейін көкірегінде сайрап тұрғаны анық еді. Онысы үнсіз ғана, жеңіл бас изеген (бәлки іштей қоштасып...) ишарасынан білініп тұрды. Ду шапалақ ұрған көптің құрметіне күреңіткен шаршаңқы жүзінен нұр шашып мейірлене қарап тұрғаны көз алдымнан кетер емес... Осылай болатын жөні бар. Қамбарбек қызмет сатысымен жоғарылай жүріп бір емес бірнеше рет, ауданның салық басқармасының қатардағы қызметкерінен аудан әкіміне дейінгі лауазымда абыройлы жұмыс атқарған жылдардан бері әлдеқашан-ақ Шиелінің бір баласындай сіңісіп, араласып-құраласып кеткен сыралғы сырбаз азаматы. Қай қызмет сатысында болмасын, қарапайым қазақи болмысымен, шартарапқа атағы ерте шыққан өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірімен біте қайнасып жүріп елдің үлкеніне құрмет, кішісіне ізет көрсете білген көнтерлі де биязы мінезінен бір жаңылмапты ғой сабазың. Жасқа да, жасамысқа да сын боларлық үлкен лауазымда жүріп, қасын қайшылап тыжырынған кірпияз кісілігін көрмеппіз, қандайда бір оғаш мінез, одағай тірлігін естімедік. Елдің аманатын арқалаған өкілетті қызметіне барынша адал болғаны, сірә отбасылық тәрбие, өзіндік тәжірибесімен ұштасқан арым – абыройым дейтін ішкі түйсік, берік байламынан болса керек. Бар білік-білімі мен күш-жігерін ертелі- кешті толас таппайтын ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты түйткілді мәселелердің түйінін шешуге, ұйымдастыру –үйлестіру жұмыстарына сарқа жұмсағанына куәлік етуге бармын. Бұл оның қашаннан қалыптасқан, (бәлкім мен өзім жасымнан жап-жақсы білетін әкесі Әбекеңнен жұғысты болуы) жұмыс істеу дағдысы болатын. Әрбір жұмыстың мазмұн-мақсатына үңіле мән беретін, белді бекем буатын кібіртік-кідіріссіз құмбыл кірісетін қасиеті басым. Осынысымен де көпке сыйлы болғанын бүгіндері көпшілік айтып жүрген әңгіме. Ауданның әлеуетінің артып, экономикасының дамуына қаржы саласында жүріп те, аудан басшылығы қызметтерінде де аянбай еңбек еткен айтулы азамат дейтініміз де Қамбарбектің осы қасиеттерін білетіндігімізден. Өкінішке қарай, аудан әкімі қызметі жаһанды жайлаған пандемия кезіне тұспа-тұс келді. Бір көшеден бір күнде үш адам шыққан қаралы үйлердің қарасы көбейді. Көңіл айту мұң. Әркім қарақан бастың қамын ойлаған алмағайып зауал орнаған тұста елдің ертеңіне үміт отын жағып, сенім ұялатып, күні-түні шапқылап көптің қалың ортасында жанын шүберекке түйіп жүріпсабырға шақырған, шыбын жаны шырқырап жүріп шарқ ұрып сенделген көптің көңілін тауып, демеп, сүйемелдеген атпал азаматтың сын сағаттарда сынаққа түскен кезі де осы тұс болатын. Өзінің жер қозғалса қозғала қоймайтын сабыр-салмағымен, байыпты мінез, кіршіксіз пейіл-құлқымен бұл сынақтан да біздің Қамбарбек абыроймен өтті білем. Көпке қорған болам деп жамбасы жер иіскемей шапқылап жүрген осы тұстаасқар тауы әкесі Аманкелді ағамыз да осы тәж-тажалдың құрығына ілінді. Қабаттаса келген нардың нары көтерер ауыр жүк қой, қабырғасы қайысса да – сынбады. Сыр алдырмаған сырбаз күйін сақтаған қалпынан танбады. Өкінішті әрине, өңірдің өрісіне жол ашар, жүзеге асырсам деген ауқымы кең жоспарлы жұмыстары да аз емес-тін. Іштартып жақын тұтқаны болар, бірді-екілі бейресми жүздесу барысында сөз арасында осы ойларын айтып қалған сәттері де болмады емес. «Жаһанды жайлаған жалмауыз дерттің зардабын татқан жалғыз біз емес қой, Қабеке әлі-ақ іркіліп іргесі шайқалған өмір қалыпты арнасын табар, жұмыс қайда қашар дейсің, бастысы бас аман болсын!» – деген мағынадағы жұбату сөздерден басқа не айтарсың? Көп сөзге жоқ, сыр алдыра қоймайтын сырбаз жігіт, дереу әңгіме арнасын басқаға бұрып жіберетін. Қалай болғанда да осы тұстағы қиындықтар 80 мың халықтың тағдырына жауапты болған оның денсаулығына әсер етпей қоймағанға ұқсайды. «Жұт – жеті ағайынды» дегендей артынша орын алған «жаптым – жала, жақтым – күйемен» тапа талтүсте сөзге ілініп қалып әупіріммен аман-есен құтылғанымен «жаным – арымның садағасы» дейтін тәлім-тәрбиемен өскен азаматтың балағынан тістеп, шаужайына жармасқаны, барша Шиелі халқының абыройына да нұқсан келтірген осы шетін оқиға оның сезімтал жүрегіне жүк салмады дейсіз бе? Кетігі бүтінделмейтін бір кем дүние деген осы. Ресми түрде ақталып бүкіл халыққа жария етілгенімен де, бәсеке бақталастық өріс алған заманда сыныққа сылтау іздейтіндердің болмай тұрмайтыны белгілі жайт қой, жүйкесін жұқартқан жоғарғы басшылық тарапынан да бізге беймәлім қысым жасалғанын жоққа шығаруға болмас... Бір тәуірі, бейәдәп бәтпақтың тумысынан шиелілік болмай шыққаны, жер-көкке симай жүрген бір келімсектің тұнығымызды лайлағаны баршамызға да оңай соқпағаны анық.«Би жоқ жерде – құл жүреді жораға, ит жоқ жерде – шошқа үреді қораға» болатын сол кездері мүлдем төзгісіз бейбастақтықтан облыс басшылығына Нұрлыбек Машбекұлының келуімен зордан құтылғанымызға мың тәубә айтамыз бүгіндері.Мұны айтпасам да болар ма еді? Бірақ үкілі үміті мен өксікті өкініші, күнгейі мен көлеңкелі жағы қатар жүретін өмір ғой. Асыл азаматтың жүріп өткен жолдарының барлығы да тақтайдай тегіс болып көрінуі бек мүмкін. Соқтықпалы соқпақты өмірдің запыран құстырар қайсы бір «әттеген-айлары» мен қалтарыс-бұлтарыс, қысастық-қиянаттарының болатынын өз басымызға түспейінше басқаға түскен зардабын көп жағдайларда сезіне бермейтін жаман әдетіміз бар. Ал жазықсыз жаладан келер зардаптың өзекті өртейтін өкініші уақыт өте келе дертке айналмасына кім кепіл?!. Бірақ Қамбарбек сыр алдырмады, салқынқанды сабырлы қалпын сақтай білді. Қалай болғанда да, аудан халқының тұрмысына қатысты, экономикасын дамытуға, жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бел шешіп белсене кіріскен жұмыстарын толық жүзеге асыра алмағаны анық. «Мәнсапқа жетсең адал бол, қызмет ет халқыңа, қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа» деген жыр жолдары Қамбарбектің бар болмысы, азаматтық ұстанымы мен мінез-құлқына әбден сай келетін мұршасы болғанымен мүмкіндігі шектелді, дәлірегі – үлгертпеді, қызмет ауыстыруына тура келген сияқты.Соның өзінде, бүгіндері елдің игілігіне айналып үлгерген темір жол аспалы көпірі Қамбардың атына сұранып тұр ғой дейтін шиеліліктердің бірді-екілі аузекі пікірлерін естіп қалып жүрміз. Жүзеге асар-аспас, оны уақыттың еншісіне қалдырайық. Басқа да қадау-қадау жұмыстарын айтпағанның өзінде, осы бір ауыз сөздің өзінен Қамбарбекке деген аудан халқының шынайы құрметін аңғаруға болады.
Ілгеріректе, республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің біртуар перзенттерінің бірі, ділмәр шешендігімен көптің көкейінен орын алған Сейілбек Шаухаманов ағамыздың «Қызылорда облысында қызмет сатысымен өсем деген кез келген кадрдің арманы – Шиеліге барып ең болмаса бір жыл қызмет істеу» деген қанатты сөзге айналып үлгерген лебізін талай естідік. Сөз құдіреті деген осы болса, өзіміз туып өскен киелі мекенімізге осыдан артық қандай баға берілмек? Және ол кімнің көмейінен шығып тұр десеңізші! Солай десекте, бақ талайы асып Шиеліге келіп аудан басшылығында болған азаматтардың барлығына бірдей аудан халқының шынайы ықыласына бөлену бақыты бұйыра бермепті. «Халық – құдайдың екінші аты» деп тегін айтылған ба? Ел басқарған азаматтардың әрбір қадамын жіті бақылап отыратын халық дейтін қауымның – бәрін де көріп, бәрін де біліп отыратыны өз алдына, пейіл-құнты мен жан дүниесіне дейін дөп басып танитынын қайтерсіз? Сәйкесінше – сый-құрмет, сәйкесінше – елеп-ескермейтін үнсіздік... Бірақ дау қуатын дабыраға жоқ Шиелі халқының аудан басқарғандардың болуы мүмкін қайсы бір кем-кетігі кемшіліктеріне кеңшілікпен қарап жолын ашатыны – ежелгі дағдысы. Осы тұрғыдан келгенде де, Қамбарбектің жолы оңынан болған азамат. Осында жүріп оңы-солын таныған білікті кадр болып қалыптасты. Оның ел басқару ісінде әбден ысылып шыңдалған тұсы бүгінгі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының Шиелі ауданын басқарған кезеңіне тура келеді. Нұрекең өзі жас болса да бас болған білім-білігімен ең мықты деген азаматтардан кадр корпусын жасақтап 4-5 жылдың ішінде мемлекетшіл тұлғалық тұрпаттағы қызметкерлерді тәрбиелеп шығарғанын жақсы білеміз. Бүгінгі сенатор Руслан Рүстемов, қала әкімі Нұржан Ахатов, осы Қамбарбектер Нұрекеңнің шекпенінен шығып пісіп жетілгендер қатарынан. Қабекеңнің де ел тізгінін ұстаған аз уақыт ішінде осыншалықты бедел жинап үлгергеніне таң қалмасқа лажың болмайтын себептің бір ұшығы осында жатса ғажап емес. Басшылық қызметі ел басына күн туған қиын кезеңдермен тұспа-тұс келіп, «көппен көрген ұлы той», қауіп пен қатердің бел ортасында отқа да, суға да түсуге тәуекелі жеткен жанкешті еңбек, ақ-адал пейілінің өтеуі ма, әйтеуір ол жөнінде еш бөтен сөз, шетін әңгіме жоқ. Ауданның даму тарихында әр әкімге бұйыра бермеген үлкен абырой екені анық. Бұған Қамбарбектің көргені жақсы болатын, болық жер, текті әулет, тәрбиелі отбасынан шығып, уызынан жарып өскендігін қосыңыз. Бұл менің ұзынқұлақтан естіген әңгімем емес, өзім көріп біліп, бұрыннан көкірек көзіммен таныған анық болатын себептер бар. Әкесі Аманкелді Абдуллаев ағамызды сонау 90-шы жылдардан бастап бір кісідей білетін жайым осылай топшылауға толық негіз болса керек. Ол кісі менің туған нағашым, 40 жыл сол ауданның қаржы саласында басшылық қызметтерде болған Әбдіғаппар Төлепбаевпен өте жақын отбасылық сыйластықта болған дос-жар адамдар. Олардың түрлі басқосулары мен құрапаттарына інілік ізетіммен қызмет жасаған кездерім де аз емес. Жаңақорған ауданы әкімдігінде бас маман, аппарат басшысы қызметтерімде де сол кездергі үрдіс бойынша басшылықтың тапсырмасымен шаруашылықтарды аралап тиісті мәліметтер мен ақпарат жинайтын кездеріміз жиі болды. Аманкелді ағамыз директоры болатын Өзгент совхозынада бірнеше рет жол түсіп, үйінде болып түстеніп шай-су ішкен жағдайларым бар. Ол кезде осы Қамбарбек бозөкпе (жақсы мағынада) жас бала, әлде оқушы, әлде студент. Менің есімде қалмаған екен, осыны өзі кейіннен әңгіме қылып «Жап-жас жігіт едіңіз, талай рет қолға су құйдым емес пе?» деп өзімсіне іш тартып әзілдегені бар. Сыйластық, түсіністігіміздің басы болатын, жастық шағымызды еске алып отырып шүйіркелескен сөз арасында бір қызық оқиғаны айтып бердім. Жұмыс барысымен Өзгентке келген сол күні Әбекеңнің көл жағасына орналасқан тауық фермасына алып барғанын еске алдым. Ызғын-шуғын жүздеген тауықтардың ортасында қызыл-жарғақ әукесі салбырап, айдары желкілдеген бір дәу қызыл қораз көзге бірден түскен. Аяқтарын алшаң-алшаң маңғаз басып жүрген сияқты-ақ еді, кенеттен жын буғандай құтырып шыға келмесі бар ма? Әп-сәтте, әбден мезі болған мекендерді бықпырт тигендей быт-шыт қылып, сеткі қораның шаңын аспанға көтеріп, дүркіретіп қуалап жүргеніне қарап әуесім кеткен болу керек: «Әбеке, мына қораз аяғы екеу демесеңіз ат сияқты шабады екен, ә?» деп таңырқадым. Әбекең рахаттанып тұрып селкілдеп күліп алды да: «Ат сияқты дейсің ә, олай болса осы қоразды саған сыйладым» дегенін әзілге жорып онша мән бермегенмін. Келесі күні таңертең үйден шыққаным сол, дүр етіп есік алдына УаЗ жеңіл мәшинесі тоқтады. Кеше өзімді үйге жеткізіп тастаған көлік. Ықы-тықы жоқ, аяғын байлап тастаған тауықтарды екі-екіден жұптап түсіріп жатыр. Әне-міне дегенше 10 тауық жатты тізіліп аяғымның астында. Ойды орып, қырды қырғандай болып қомпаңдаған шопыр жігіт (атын ұмыттым) қос қолдап «әу-ііпп» деп түсірген қаптың аузын шешіп жатып «кешегі қызыл қоразың тыпырлап әл бермеген соң қапқа салып едім» деп ыржиып тұрды да, «ей, мынауың үнсіз ғой, өліп қалғаннан сау ма?» деп жан дауысы шыға баж ете қалып қапқа қайта үңіледі. Тұншығып па, иіс тиіп па өліп қалған күні кеше еншілеген қырғи-қоразымды серейтіп аяғымның астына тастағанда, обалына қалдым-ау деп аяп кеттім. – Әбекең ренжитін болды, айтпашы, айтпа - деп жік-жаппар болған шопыр жігітті зорға жұбатқаным бар-тын соңында. Осыны Қамбарға айтам ғой: – Әкең Әбекең жарықтық, жиеннің сыбағасы деп берген 10 тауық құтаймады, оның орнына бір қара бергенде осы күні бай болар ма едім Бағланға ұқсап. Қоразды шопыр өлтірді қалғанын өзім құрттым, – деймін әзілдеп. Оның жауабы да дап-дайын, іркілместен:
– Әкем жылына бір-ақ рет туатын қараның орнына, күнде туатын тауық бергеніне риза болмайсыз ба? Құтаймаса, оған өзіңіз кінәлісіз! Су тегін алған нәрсе дүние болып жарушы ма еді, ырымын жасап па едіңіз тым болмаса? – дейді ентелей шұқшиып.
– Ол не ырым-жырым, мен білмейтін?- деймін, түк ұқпаған болып.
– Шопырдың қолына 5-10 теңге ұстатқаныңызда әкем берген 10 тауық 30 жылда 30 мың тауық болар еді. Бағландай болмасаңыз да жұмыртқадан жүн қырқатын досыңыз Насырға ұқсап бай болар едіңіз осы уақытта, – дейді күліп. Нағашы мен жиен ортасында ағалы-інілі екеуміздің осы әзіл-оспағымыз естен шығар ма сірә?..
Аяулы азамат Қамбарбектің дүниеден озғаннан кейінгі барлық шарасына қатысып дәм татып дұғада болып, әруағына бағыштаған құранға қатыстым. Сол жерлерде де, әсіресе үлкендер сапындағы кісілер Қамбар жайлы естелік қимастықтарын айта отырып марқұм Әбекеңнің де әруағын тербеп жақсы сөздерін арнап жатты. Реті келіп тұрғанда, мен де ол кісі жайлы өзіме қатысты бір ғана эпизодты әңгіме еткенді жөн санадым. Әкелі-балалы марқұмдардың рухтарының табысқалы да тура 1 жылдың жүзі болыпты. Жақсының аты өлмейді деген осы. Аруақтары риза болсын, көңіл түкпірінде қағазға түсірмеген бір қанша ғибрат боларлық әңгіме сөздеріміз әлі де баршылық. Сәті түссе – жазыла жатар, орайы келгенде – айта жүрерміз. Ал Қамбарбектің елдің игілігіне айналып, халықтың қадесіне асқан ізі қалған ізгілер қатарынан орын алатынына күмән жоқ. Сенің бекзат болмысың, іскерлік қабілетің, ең бастысы – жоғарғы адами қасиеттеріңді әрқашанда есімізде сақтайтын боламыз. Бақұл бол бауырым! Топырағың торқа, жайың жәннаттық болсын ләйім!
Исабек БАЙКЕНЖЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі








