Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЛІҢІЗ, НЕ МӘСЕЛЕ?

КЕЛІҢІЗ, НЕ МӘСЕЛЕ?

...Еһе! Бала кезден дәу столды өңгеріп, жалпақ жұртты аузыма қаратып, маңғазданып, мақалдап, мәтелдеп сөз шығарып отырсам, бәрі мені қостап, бастарын шұлғи берсе деп армандайтынмын. Соның реті алпысқа келіп, пенсияға шыққанымша келмеді, әйтеуір. Бір сәті түспеді. Қызыл түлкінің құйрығындай бұлаң-бұлаң етіп, көп әуре етті. Жақындай бере, тақала бере талай жылыстады.
Ілгеріде беташарда палауға таңқия тойып, қарнымды сипап отырсам:
– Жұрт ақысын жегенде,
Тартынбайтын неден де.
Келінжан-ау, бір сәлем,
Анау тұрған қайнағаң Деденге,–деп түйеден түскендей етіп қойып қалғаны ғой, бет ашып отырған жағымсыздың. Бетім ысып, қасапшының қан жылаған итінің аузы-басындай қызарып кетті-ау деймін. Өйткені, айнала қызыл-жасыл болып көрінді көзіме сол кезде. (Бұрын қызыл шырайлы едім, содан кейін бетім ысымайтын да, қызармайтын да түйе табан болып кетті әлгі бетінен бұзылғыр бәтшағардың кесірінен).
Кейіннен ойымды тізгіндеп, жан-жағыма адами көзбен жөндеп қарасам, өкпелейтін ретім де жоқ екен. Дейтін жерге ілінбесем де, жейтін жердің біразын адақтаппын. Интернаттың завхозы, құрылыс бөлімінің қоймашысы, көмір базасының бастығы, дүкенші, жүн-тері қабылдаушы, мұнай базында «заправщик», қойшы, әйтеуір, қара жаяу емес, жіліктің майлы басын мүжіп жүріппін. Айтпақшы, қауын базды да бірер жыл айналдырып, қабығының қыртысына дейін қыршып, жалап-жұқтап кеткенім бар. Әрине, бұ да еңбек, бүрге тұту үшін де бармағыңды сулайсың.
«Бір пайда пайда, екі пайда қайда?!» десе де жұтқыншағымды нысаппен бүлкілдеттім. Ауылдағы он бөлмелі үй, қаладағы коттедж, екі баламдағы екі машина, бір трактор, бірер үйір жылқы, жүз қаралы қой-ешкі сияқты уақ-түйектер соның арқасы. Сөз ыңғайы келген соң айтып қалдым. Әйтпесе, сөз ететін де мәселе емес. «Нуворишедтерді» де көріп жүрміз ғой.
«Шын жыласаң соқыр көзден жас шығады» дегендей, Алла тілеуіңді беріп, бақ көтерейін десе сәл жерден-ақ екен. Пенсияға аман-есен шығып, өткен-кеткенді сіңіріп, артымнан сөз ермейтін баяғылар ұмытылды-ау деген кезде бір жиналыста көзге түстім. Сонда сөйлеп кеп берейін, тілімді безедім-ай келіп. Сонда байқадым, жұрт қызыл сөзді ұйып тындайды екен ғой. Көпшілік қайта-қайта қол соғып, риза болып отырды. Осыдан соң-ақ абыройым шарықтап көтеріліп кетсін. Мақтауға семіріп, мешіт салуды ұйымдастырдым. Бір уыс лай жапсырмасам да, сол мешітті бітірген мен секілді болып көріндім көпке. Имам етіп туған жиенімді өткіздім. Тілде сүйек жоқ. Жұрттың көңілін тауып, алдап сөйлеуге әбден төселіп алдым. Баяғыда әрекет еткенімде парторг болып-ақ кететін жобам бар екен. Тілегіме періште «әумин» деген болуы керек дейтін жерге ақыры іліккендеймін.
...Міне бүгін шайымды асықпай ішіп, жиын болатын жерге беттедім. Келсем, жамағаттың төрт көзі түгел жиналыпты. Әдеттегідей төрдегі орныма жайғасып, жиналысты бастап кеп жібердім.
Әңгімені әріден қозғап, олай-былай шолу жасап, жұрттың назарын әбден аударып барып, сөз кезегін Гөзалға бердім. Бұл менің орынбасарым. Саясатқа жүйрік. Бір кезде тарихшы болған қу. Екеуміз тізе қосып қимылдап, мына отырғандардың бірде-біреуін тырп еткізбейміз. Бүлк ете алмайды. Не айтсақ та мақұл деп бас­тарын изей береді.
Гөзекең алыс-жақын шетелдің хабарларымен таныстырып болып, еліміздегі шетелге сатылып жатқан мұнай орындарына ауысты. Тау-тасқа да өрлеп бара ма?! Осы кезде «жә» деп тыйып тастадым. Өстіп қоймаса болмайды, еркінсіп кетеді.
–Әнеке, базардың жағдайы қалай, баяндаңыз, – деп Әңкішке қарадым.
Олда сөз кезегін күтіп тықыршып отыр екен. Жаман қалпағын жанына қойып кірісіп кетті.
– Бардық. Көрдік. Еті бар семіз мал – көтеріңкі. Арық үлкен сиырлар арзан. Уақ мал су тегін есебі. Ал, енді есек удай қымбат. Құнан ат алатын ақшаға мынандай, ортаңғы саусағын қолын көрсетті, әңгі алуға болады. Мініске де жақсы, арба да тартады.
Жұрт та оның сөзін ала сұрақ қойып жатыр.
– Ешкі қанша екен?
– Шаруа қой қанша?
– Өткендегі ұрланған сиыр базарға түспеп пе?
Мұнан соң зейнетақы, жәрдемақының берілуін әңгіме етіп, біраз қоздаттық. Мұнда, әсіресе, зарлауық Ыбық көзге түсіңкіреп отырды.
Қай қоғамда өмір сүрсең де тәртіпті қадағалап отырмасаң болмайды. «Бірлесіп жұмыс істеу үшін алдымен тәртіп қажет» деп Ленин ақсақал айтып кеткен. Өте дұрыс айтқан. Мен де осы мәселеге ойысып:
– Қане, тәртіп жағы қалай болып жатыр? – деп осы салаға жауапты Кәукаманды орнынан тұрғыздым. Ол байғұс та барын салып, сайрап жатыр.
– Өткен түнде беймезгіл бес адам мас болып жүрген. Екі кісі әйелдерімен жанжалдасып, таң ата татуласқан. Басқа ерекше оқиға болмаған.
– Бұл мәселе де жолға қойылып келеді екен, деп мұны да бір аударып қойдым.
Әдеби-мәдени мәселелер жөнінен бұрынғы рабошком Әупей хабарлама жасады. Сағатыма қарасам, үлкен тілі бірге қарай салбырап бара жатыр екен. Жиналысты аяқтауды жөн санап.
– Осымен доғарайық! Бүгін қай үйде жиын бар? – деп отырғандарға қарадым.
– Бүгін күн – сенбі. Сыбықтың жетісі болады.
– Шәкидің үйі құран оқытады.
– Бибінің үйіне құда келеді. Түскен хабарлар осы тектес.
– Онда мына жартың Сыбықтың үйіне, мына жартың Шәкидің үйіне барыңдар. Біз Гөзал екеуміз Бибінің үйіне кеттік. Құдалармен хабарласпағанымыз ұят болады, – деп жиналысты жауып көпшілікті таратып жібердім. Бәрі риза кейіппен қауқылдасып кетіп барады, айналайындар. Тәртіпті-ақ өздері. Анау сақалды сары кісі – Байшұңғыл. Бұрынғы мал дәрігері. Мына бір аяғын сылтып басқан ұзын-тұра Тұратай – инженер. Ана бүкшеңдеген Бекіш – бір кезде сиыр баққан. Немересіне есегін жетектетіп, емпеңдеп бара жатқан соқыр шал – жас кезінде айтулы ұста еді. Әйтеуір, осы жетпіс-сексен кісі менің құзырымда. Жастары алпыс пен сексен арасындағы зейнеткер – «депутаттар».
Күнде клуб пен кеңсе арасындағы қалың ағаш ішіндегі қою көлеңкеде мәжіліс өткіземіз. Қарайтын мәселеміз әралуан. Бұл жиынымызды өзімізше «парламент» деп атаймыз. Төрағасы мына дәдеңіз! Мына бес күн жалғанда қай нәрсе мәңгі дейсіз? Кейінгі іске араласқан жастардың шалғайына оратылмай, өзімізді өзіміз осылай жұбатып жүрмесек бола ма? Шалдар да үйіне бала-шағамен ырылдаспай, осында келіп уақыт өлтіреді.
Бәрін көзіммен таратып, шалбарымның шаңын қағып, орнымнан тұрдым. Армандап жүріп, ақыры жеткен менің «жұмсақ-креслом» көлденең сұлап жатқан бөрене де олай-былай аунап, маған еркелегендей болып көрінді. Құдая тоба, мұныңа да шүкір!
Мәселеңіз болса, қиналмай келе беріңіз, бізге де жұмыс керек, шешіп береміз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
1997 жыл
31 наурыз 2026 ж. 12 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930