Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам – керуен, өмір – жол

Адам – керуен, өмір – жол

Оның анасы таң алагеуім тартқаннан тырбанып, тіршіліктің қамына кірісетін. Ал кеш батса болды маскүнем күйеуімен ұрсысып, дамыл таппайтын. Кейде көшедегілер араша болса, енді бірде ағайын-туыстары басу айтады. Мен, әсіресе, өзімнің құрбым Айшаны қатты аяйтынмын. Оның маған жылап айтқан әрбір сөздері, әкесі үшін ұялып, қуыстан-қуысқа тығылғаны әлі көз алдымда. Содан бері 3 жыл уақыт өтті.
Аядай ауылдың тұрғынымыз. Тар көшенің бойында қаз-қатар тізілген 20-ақ түтін. Үй аз болғандықтан ба, өзіңмен түйдей құрдасыңды таба бермейсің. Бірақ мен ол жағынан қиналмадым. Өйткені жанымда адал ниетті, ақкөңіл, ақылды Айша болды. Екеуміз бала кезден бірге өстік. Арамыздан қыл өтпейтіндей тату болдық, шаңның тозаңындай болса да сыр жасырып қалмаушы едік. Бірақ күндердің күнінде бәрі өзгере бастады. Ол бірде сабаққа келмесе, енді бірде ерте қайтып кететінді шығарды. Тіпті ең жақын құрбысы маған тіс жарып ештеңе айтпады. Дегенмен, көп ұзамай мен мән-жайды білдім. Өйткені ауыл шағын болғандықтан, гу-гу әңгіме желдей есетін. Ауыздан-ауызға тарап, аз уақытта ауыл адамдары құлағдар болып үлгерді. Шеті көрінген әңгіме іркілмей маған да жетті. Айшаның әкесі араққа салынып, жұмысынан қуылып, шаңырағы шайқалған екен. Мен неде болса оған демеу болатынымды білдіргім келіп, ылғи үйіне барып тұрдым. Бірақ ол ұялып, мені асығыс шығарып салумен болды. Әрине, ол ештеңе сездірмейтін. Тек «Бәрі жақсы, қолым бос емес» деп оңай құтылуға тырысатын. «Шешінген судан тайынбас» демекші, мен де бұл іске білек сыбана кірісіп, «Айшаны «тұңғиықтан» шығарып аламын, шаттыққа толы өмірге жетелеймін” деп шештім.
Уақыт сырғып, күн-күнге жалғасып жатқан бір сәтте құрбымның үйіне соғуды жөн көрдім. Алыстан Айшаның үйі көзіме оттай басылды. Жылдам басып, жақындап келгенім сол еді, айқара ашық тұрған есіктен астаң-кестеңі шыққан көріністі көріп, абдырап қалдым. Дәл бір кинодағы жоңғарлар Айшаның үйін шауып әкеткен секілді. Қазаны мен табағы ас үйде ақтарылып жатыр, ал үйде ешкім жоқ. Жүрегім аузыма тығылып, көшенің екі шетіне жауын астында ойнаған күшіктей ерсілі-қарсылы жүгіре бердім. Бірақ досымды таппадым. Салым суға кетті. Ақыры екі иығым салбырап өз үйіме кеттім. Төсекке құлаған күйі тұрмадым. Ертесіне таңмен таласып, әлгі үйге қайта беттедім. Маған есікті Айшаның өзі ашты. Егер мен сол кезде Айшаның түрін жатқа білмегенімде, оны мүлдем тани алмаған болар едім. Өйткені екі көзі іскен, бет-аузы көгерген оны тану мүмкін емес. Ақырын басып, төрге қарай аяңдадым. Үй жағдайы кешегідей емес, тап-таза. Сөзімді неден бастарымды білмей мен тұрмын. Бір кезде Айша ақырын сөйлей бастады. Мен жай ғана тыңдадым.
– Құрбым, сен менің қасымда ұзақ уақыттан бері біргесің. Бірақ ол мені толық білесің деген сөз емес. Мен ылғи күліп жүруге тырысатынмын. Ал кейде мектептің жертөлесіне барып жылап алатынмын. Бұл жағдайды саған айтқым келді, бірақ қатты ұялдым. Сен мені өзгелер сияқты мазақ қылып, кемсітерсің деп ойладым. «Мен неге дәл осындай күйге түстім екен?» деп қатты ойлаймын. Біз кезінде қандай бақытты отбасы едік. Ал қазір тіптен басқа. Әкем жұмыстан қуылды да, бәрі өзгерді. Жұмыссыз қалғаннан кейін үйге түнделетіп келуді шығарды. Оның үстіне сау күйінде емес. Анам сол үшін қатты уайымдады. Бір күні әкем сағат түнгі төрттер шамасында келді. Удай мас. Бірақ анам оны жатын бөлмеге алып кетті. Бізге әкеміздің осындай аянышты күйде тұрғанын көрсеткісі келмегені ғой. Міне, сол түннен бастап біздің үйден береке кетті, шаңырағымыз ортасына түсті, қуанышымыз қайғыға ұласты. Өйткені әкемнің көңілдесінен келген хабарламаны оқып қойған анам көз алды тұманданып, еденге сылқ ете түскенде ағам екеуміз де бөлмеге кірген едік. Біз де «жаным, жеттің бе?» деген сөзді оқып, үстімізден мұздай су құйғандай күй кештік. Ағам дереу әлгі нөмірге хабарласты. Телефонның арғы жағынан «жаным-ау» деген сылқымның дауысы үй ішін жаңғыртты. Сол күннен бастап жегеніміз желім, ішкеніміз ірің болды. Анам мен әкем күнде ажырасамыз деп айқайға басса, ағам екеуміз бірте-бірте сабақтан қала бердік. Әкемнің де ащы суға әуестігі арта берді, анамның да аурулары көбейіп, аурухана табалдырығын тоздырдық. Ал кеше мен әкеме, асқар тауым санап жүрген жанға дауыс көтердім. Ағам екеуі мен үшін жаға жыртысты. Мен қалайша оған дауыс көтердім, қалайша «сен біз үшін масылсың, бізде әке жоқ, біздің әкеміз өлген. Мен сен үшін ұяламын», деп аузым барып айттым? Сол сөзді айтқанда, неге жер жарылып, қақ ортасына түсіп кетпедім екен, неге аспаннан біреу келіп мені алып кетпеді екен, неге қасымда тұрғандар аузымнан бір қойып қалмады екен? Бірақ, олай болмады. Мен әкемнің жүрегін жараладым деп қатты өкіндім. Әсте, олай болмаған секілді. Өйткені ол мені бас салып таяққа жықты. Ағам мен анам шарқ ұрып, шырылдап, екеуміздің арамызға түсе бастады. Сол сәтте дәл бір алай-дүлей жел соғып, құйын келіп, үйдің терезелері мен шатырын тарсылдатып, үлкен дауылға ұласып жатқандай болды. Ал мен сол дауылдан сақтанатын жер таппай, ілгері қарай жүгіріп келемін, жүгіріп келемін. Менің соңымнан қалғандары да ілесіп келеді. Міне, құрбым, менің жағдайым – осы. Ал ағам мен анамды қатты аяймын. Ағам жігіт болып, елге түзу қарай алмайтын халге жетті, анам азаннан қара кешке дейін нан сатып, бізді бағуда. Ал әкемнің күйі – анау. Оразасын арақпен ашып, кеш батқанша соны қорек етеді.
Айшаның бұл сөздеріне мен қалай басу айтарымды білмедім, тек үнсіз тыңдаумен болдым. Көз жасыма ерік беріп қойған кездерім де болды. Егер тағы отырсам еңкілдеп жылап жіберерімді түсіндім. Содан кейін Айшаға жақындадым да: «Бәрі Алланың қолында, үмітіңді үзбе», – деп құшақтап тұрып, бетінен сүйіп, шашынан сипадым. Ол екі иығы селкілдеп, қатты-қатты жылап алды. Сәлден соң: «Сен енді, бар. Қазір әкем оянса, тағы шу шығарады», – дегеннен кейін мен де қайтуға ыңғайландым. Қайтарымда сәл ғана жымиып: «Бұл сырымды ешкімге айтпа, сен ғана білесің», – деп мені шығарып салды.
Мен содан кейін Айшаны көрген емеспін. Өйткені ол сол күні арқасына ауыр жүкті арқалап, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Бұл хабарды естігенде, жылаумен болдым. Дереу кінәліні іздей жөнелдім. Бір жағынан әкесін айыптасам, екінші жағынан «қасында неге қалмадым екен?» деп өзімді кінәладым. Бірақ, мұның бәрі бекер еді.
Әй, қу арақ! Қанша отбасының ойранын шығардың-ау, қанша сәби сенің кесіріңнен көз жасын төгіп, әке мен ана махаббатын сезіне алмай кетті-ау. Қанша жасөспірімдердің алға қойған жоспарларын күл-талқан еттің ғой! Қызғалдақтай құлпырған қыздарды жаман жолға түсіріп, білекті де жүректі жігіттердің жігерін құм еттің. Неге сен осыншалықты қатыгез әрі жантүршігерліксің?! Сенің емің қандай? Сенен құтылу үшін не істеу керек?!
(Кейіпкер есімі өзгертілген)

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
10 шілде 2019 ж. 2 003 0