Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Самарқанның көк тасында салмақ бар

Самарқанның көк тасында салмақ бар

Сайын дала ақ шапанын шешіп, қыстың қытымыр қаһары қайтты. Малдың аузы көкке, қора төлге толып, адам аузы аққа тиетін шақ та таяу. Наурыз айында күн мен түн теңеліп, табиғаттың барлығы түрленіп, күллі дүние көркем кейіпке енеді. Тіршілік біткен жанданып, жаңа өмір бастайды. Сол себепті Наурыз мерекесін жаңалықтың жаршысындай жұрт асыға күтеді. Иә, Наурыз айы мерейлі сәттерге толы. Оның алғашқы күнінен-ақ өмірде өзгеріс орын алғанын байқауға болады. Әсіресе, адамдар аңыз бен ақиқатты ұштастырып, әртүрлі салт-дәстүрді орындап, қыстан аман шыққанына шүкіршілік білдіреді.
Қазақ халқында аңыз-әңгіме жеткілікті. Олар атадан балаға бұзылмай, үзілмей жеткендігімен құнды. Сондай аңыздардың бір легі Наурыз мерекесінде көп айтылады. Соның бірі әрі бірегейі – «Самарқанның көк тасы» деген сөз тіркесі. Иә, бұл тіркестің түп-төркіні қандай екенін бірі білер, бірі білмес. Алайда еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін наурыздың орта белінде Самарқанның көк тасы еритінінен хабардар.
Самарқанның көк тасы еріген күн. Түркі халықтарының түсінігі бойынша жыл басы наурызбен қатар аталатын осы бір тұрақты сөз орамының мәніне үңіліп көрмес бұрын алдымен көк тас тіркесіне тоқталайық. Қазақ ұғымында көк – тыныштық пен бірліктің, берекенің белгісі. Ол аспанмен, тәңірмен қуатталады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді. Соған сай көк түрік, көк ту, көк бөрі, көк төбе, көк сауыт, көк найза, көк сүңгі, көк болат, көк мылтық, көк қаршыға сынды тіркестер бар. Қазақта үлкен кісі баласынан көңілі қалса, «басыма көк тас қоймай-ақ қой» деп, өкпе-ренішін білдіріп жатады. Мұндағы көк тас – жай тас емес, асыл тас, лағыл тас. Ал аталған көк тастың ғылыми атауы – лазурит. Осы сөздердің түп-төркініне үңілген ғалым Нұрдәулет Алдашевтің зерттеуінше, бұл жердегі көк тас лазурит болуы мүмкін. Түсі – қою көк, жылтырлығы – шыныдай лазурит әшекей тас ретінде қолданылған. Тас сөзі монғол-түркі тілдеріне ортақ, ол «мүлдем, әбден, мықты» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдардың пайымдауынша, Самарқанның ежелгі атауы «Мараканда» осы қастерлі тас атауына байланысты шыққан. Өйткені парсы тілінде «кан» қазіргі «кен» дегенді білдіреді. Сонда Самарқаныңыз «самаргда» (асыл тас) кеніне сәйкес келеді. «Кан» сөзі кейін «канд», «кент» елді мекен, қала, шаһар деген мағынаға өзгеруі мүмкін деген топшылаулар бар.
– Қалай болғанда да «Самарқанның көк тасы еріген» кезді ата-бабаларымыз «асыл тас», «тас», «көк тас» деген мағыналарынан қабылдай отырып, бұл мезгілді табиғаттың қастерлі де қасиетті күні деп есептеген. «Самарқанның көк тасы» – ұлтымызды рухтандандыратын, Наурыз мейрамының әдемі бір бояуын бойында сақтаған сөз, – деп тұжырым жасайды ғалым.
Ахмет Байтұрсынұлы наурыз парсы сөзі екенін айтып, қазақша айтқанда «Жаңа күн» деп түсінік берген. Орталық Азия халықтары мен қазақ халқы Наурыз мерекесіне «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп өте бейнелі анықтама айтқан. Халық арасында «Самарқанның көк тасы еріген күн» туралы аңыз да аз емес. «Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, Наурызда ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн» деген аңыз бар.
Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер ұлыстың ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді ғой» деп наз айтатын болған.
Ата-бабаларымыз үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты, кешіріммен қарауды, ұрпаққа өнеге болатындай іс істеуді, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді және салт-дәстүрлерді, әдеп-ғұрыптарды сақтап қалу бағытындағы дәстүрді қай сөзінде де ылғи өнеге етіп қолданған деп есептейміз және жоғарыда айтылған пайымымызға сүйеніп, «Самарқанның көк тасы», «тәңірлік тасы», «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген сөздерді талдау арқылы көне тарихтың бір бетін шамамызша зерделегендей болдық.

Г.Әбдіханиқызы
25 наурыз 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031