Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫСТАН АМАН ШЫҚҚАН КҮН

ҚЫСТАН АМАН ШЫҚҚАН КҮН

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – көктем де келді. Бұл уақытта жер басып жүрген үлкен-кішіміз күннің қызуын, көңілдің шуағын сезіне түсеміз. Осы кезге аман жеткен барша ағайынға «Жаңа жылыңызбен!», «Жасыңызға жас қосылсын!» дейміз.
Қыстан аман шыққан жұрт наурызда бір-бірімен қауышып амандасып, көңілдерінде қатып қалған кірбің болса, кешірім сұрап, табысады. Үйлерінің айналасын қоқыстан тазалап, ыдыстардың сынғанын лақтырып, артық заттан арылады. Жыл басын осылайша жаңарып, жасанып, жаңа киім киіп қарсы алған. Өйткені ықылым заманнан бастап қазақ мейірім мен шапағат молынан төгілетін осы айда келетін ұлттық мерекемізді ынтымақ пен ырыстың мейрамы деп есептеді.
Наурыз – мереке мен берекенің айы. Табиғаттың түрленіп, ерекше әсем реңкке боя­латын кезі. Жер-ананың бусанып, тоңы жібіп, Самарқанның көк тасы еритін мезгіл. Қаһарлы қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен құшақтасып, көрісетін қуанышты сәт. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті.
14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасқан. Қазақ тарихында бұл күн жайында түрлі деректер мен аңыздар баршылық. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстының айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.
Тақырыпқа өзек болған көрісу салтына келер болсақ, көпшілік арасында кереғар түсінік те бар. Ескі салт бойынша ұзатылған қыздар жыл толмай жұртына баруына болмайды. Бұл «қыз жаңа қауымға алаңсыз үйренсін» деген мақсаттағы дәстүр. Келін елін, бауырларын сағынып жүрген осындай кездерде оның аға-інісі іздеп келеді, сол кезде қыз оларға өлең, жырымен көрісіп, өзінің сағынышын, өкпе-назын, қуанышын білдіреді. Бұл – қыздың көрісуі деп аталады. Бұдан өзге туған-туыстары, ет жақындары қайтпас сапар шеккенде артта қалған ағайынына қазаның қайырын тілеп, көңіл айтуды да – көрісу дейді. Қарап отырсақ, көрісудің бірнеше түрі бар. Бірақ наурыздағы көрісудің жөні бөлек.
Бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кетіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылық тілеп, алғыс білдіреді. Көңілдің жаңаруы деген – осы. Қазақты өзгелер кеңпейіл, қамқор халық деп таниды. Осы ретте көрісу дәстүрі де ізетті болу, бата алу, қамқорлық таныту дегендей игі істерді өн бойына дарытуымен құнды десеуге болады.
Наурызда аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күнді еліміздің батыс өңірі Амал, Көрісу мерекесі деп атаса, оңтүстік өлке «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында бұл мейрам Отамалы деген атауға ие. Алайда, әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың ұлтымыз үшін мұраты бір – ол бауырмалдық пен ауызбіршілік. Демек, Наурыз мейрамының күн мен түннің теңелер шағы 22 наурыздан емес, 14 наурыз – Амал, көрісу мерекесінен басталуы тегін болмаса керек. Ренжіскен ағайын татуласып, барлық жамандық атаулы ұмытылып, тек жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол. Сондықтан жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Көрісу мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жалпыұлттық мейрамға айналдырудың маңызы зор.
Осылайша, бұл мерекеде қазақ халқының асыл қасиеттері паш етіліп, ертеден келе жатқан салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталады. Алты ай қыстан аман шыққан жұрт жаңа жылдан мол рызық күтіп, бір қазаннан дәм татуды да күні бүгінге дейін үзген жоқ. Ес білгелі әжелеріміз мерекені тойлауды ақпан айының аяғынан бастап, әр үйде көл-көсір дастарқан жайылып, көже пісірілетін. Әлі де солай.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 наурыз 2023 ж. 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930