Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл күні көк тас еріп, көңіл жібиді

Бұл күні көк тас еріп, көңіл жібиді

Сайын дала ақ шапанын шешіп, қыстың қытымыр қаһары қайтты. Малдың аузы көкке, қора төлге толып, адам аузы аққа тиетін шақ та таяу. Наурыз айында күн мен түн теңеліп, табиғаттың барлығы түрленіп, күллі дүние көркем кейіпке енеді. Тіршілік біткен жанданып, жаңа өмір бастайды. Сол себепті Наурыз мерекесін жаңалықтың жаршысындай жұрт асыға күтеді. Иә, Наурыз айы мерейлі сәттерге толы. Оның алғашқы күнінен-ақ өмірде өзгеріс орын алғанын байқауға болады. Әсіресе, адамдар аңыз бен ақиқатты ұштастырып, әртүрлі салт-дәстүрді орындап, қыстан аман шыққанына шүкіршілік білдіреді.

Қазақ халқында аңыз-әңгіме жеткілікті ғой. Олар атадан балаға бұзылмай, үзілмей жеткендігімен құнды. Сондай аңыздардың бір легі Наурыз мерекесінде көп айтылады. Соның бірі әрі бірегейі – «Самарқанның көк тасы» деген сөз тіркесі. Иә, бұл тіркестің түп төркіні қандай екенін бірі білер, бірі білмес. Алайда, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін наурыздың орта белінде Самарқанның көк тасы еритінінен хабардар.
Көктем шуағы тарап, күн көзі жыли бастағанда-ақ көнекөз қариялар «Е, Самарқанның көк тасы еріпті ғой. Енді күн суымайды» деп топшылайды. Ал қыс әлі де қаһарына мініп тұрса, «Көк тас әлі жібімепті» деп жорамал жасайды. Бұдан бөлек ел арасында «Көктемнің келгенін жандыдан балық, жансыздан Самарқанның көк тасы біледі» деген сөз де кең таралған. Ықылым заманнан табиғатпен үндестік орнатқан ата-бабалардың бұл сөздерінде терең мағына жатыр. Ол халықтың наным-сеніміне де, ғылыми зерттеулерге де байланысты. Әуелі ғылыми зерттеулерге сүйеніп көрелік. Неге көк тас? Бәлкім бұл қазақтың «көкжал», «көк бөрі», «көк Тәңірісі» деген сөздермен үйлесу үшін айтылған шығар? Егер сіз де солай ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, геологиялық термин сөздерде лазурит «көк тас» деп көрсетіледі. Ал бұл тасты шығаратын орындар дүние жүзінде бірен-сараң. Ол Оңтүстік Америкада, Ресейдің Байкал көлі жағалауында, Сібірде, Ауғанстанда кездеседі. Осы көк тас бір жағынан «Асыл тас» деп аталады. Асыл тас санаудың да өзіндік себебі бар. Өйткені, Шығыс елдері айырбас заттардың орнына көк тасты пайдаланған. Ал осы тастың Ұлыстың ұлы күніне немесе күн мен түннің теңелуіне қандай қатысы бар екенін Ұлықбектің обсерваториясынан аңғаруға болады. Деректерге сүйенсек, орта ғасырда өмір сүрген Ұлықбектің Самарқан маңындағы обсерваториясында аспан денелерін белгілеген тастар болыпты. Күн мен түн теңелген шақта жанындағы тастарға күн сәулесі түсіп, көк тас ериді екен. Қазақ ғалымдарының ішінде де осы мәселеге қатысты сан алуан пікір бар. Соның бірі Мұхтар Арын «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылулығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтатын күн бұл» деп тұжырым жасаған.
Ал аңыз-әңгімелерде көк тасты Нұх пайғамбардың кемесімен байланыстырады. Сондай қиссалардың бірінде «Бір күні Нұх пайғамбар кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтыпты. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан дәм татыпты. Содан бұл күн Ұлыстың ұлы күні деп жарияланады» делінген.
Егер мән беріп қарасақ, қазақ үшін көк тас жат ұғым емес. Өйткені, адам өмірден өткенде де зират басына белгі үшін көк тас қояды. Мұндағы көк тас жай тас емес, лағыл таспен пара-пар. Сондықтан халқымыз көк тасқа ерекше мән берген. Үлкендер кішілерден көңілі қалса, «Басыма көк тас қоймай-ақ қой» деп өкпе-ренішін білдірген. Ал Наурыз мерекесі уағында адамдар бір-бірімен ренжісіп, татуласпаса, «Бұл күні тас та ериді, сен тастан да қаттысың ба?» деп назданатын болған. Осылайша Самарқанның көк тасы күннің жылуына ғана емес, адамдардың өкпе-ренішін ұмытуына да септігін тигізген.
Иә, ел арасында Самарқанның көк тасы хақында әртүрлі ұғым кездеседі. Бірақ олардың басым көпшілігі жақсылыққа жетелейді. Осы орайда ақпарат ағыны көп әрі сан алуан болса да ізгіліктен үміт үзбей, Самарқанның көк тасы ерігенде көңілдегі мұңды да жібітейік.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
14 наурыз 2020 ж. 808 0