Әлеуметтік жобалар: мүмкіндік пен тиімділік алаңы
Қазір азаматтық қоғам институттарын дамыту, қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының біріне айналып отыр. Осы орайда ауданда үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған семинар өтті. Аталған шара облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған.«Руханият» орталығында өткен семинарға республикалық және жергілікті деңгейде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар мамандар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін мамандар, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Олардың қатарында заңгер, республикалық мемлекеттік гранттар менеджері Айжан Айтмағамбетова да болды.
Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдық ұйымдардың қызметін жетілдіру, әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін дұрыс пайдалану арқылы азаматтық қоғамның дамуына серпін беру.
Семинарда бірнеше тақырып қамтылды. Атап айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін тиімді басқару және қаржыландыру жолдары, мемлекеттік гранттар арқылы мүмкіндіктерді пайдалану, қаржылық есептілік пен жоспарлау тәсілдері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың тиімділігін арттырудың жаңа әдістері мен құралдары, ҮЕҰ дерекқорына тіркелу тәртібі мен оның артықшылығы, ұйым қызметін бағалау және жетілдіру жолдары түсіндірілді.
Бұдан бөлек әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың рөлі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы мүмкіндіктер де қатысушыларға жан-жақты таныстырылды.
Аталған семинар жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға, олардың жұмысын жүйелеуге және әлеуметтік бастамаларды дамытуға оң ықпал етпек.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ








