Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қан майданның қаһарманы

Қан майданның қаһарманы

Соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтың бірі. Ол адам баласы пайда болғаннан бері бірге жасап, мыңдаған, миллиондаған өмірді жалмап келе жатыр. Атам заманнан күшті халық әлсіз халыққа соғыс ашып, айдарлысын құл қылып, тұлымдысын күң қылады. Соғыстан зарбап шеккен әлсіз халық не тоз-тоз болып құрып кетеді, немесе жауында кеткен кегін жоқтап, күшейе түседі. Осылайша сұм соғыс адамзат баласын айналсоқтап, заманақырға дейін оқтын-оқтын аранын аша береді.
Ұлы Отан соғысы да қазақ халқы үшін осындай орасан зор зұлматтың бірі болды. Миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Ал аман жеткендері сұм соғыстың нағыз бет-бейнесін көріп, зұлымдықты әбден танып-біліп, басқа адам болып келді. Солардың ішінде көзімен көргені мен көкірегіне түйгендері кеудеге сыймай, қару ұстап қатып қалған қолдарына қалам алып, қызметке кіріссе, енді бірі күрек ұстап, көшет екті. Ашаршылық одан қалды соғыстан тоз-тозы шыққан даланы қайта түлетуге кірісті.
«Жетi жастағы бала халықты асырай алмайды. Бiрақ, жетi жылғы ағаш халықты асырай алады». Бұл сөздер Ұлы Отан соғысының ардагері Сүлеймен Төлеғұловтың ұлдарына айтқан ақылы болатын. Осыдан-ақ «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсілдің астары тереңде екенін ұғынасың.
1923 жылы Жамбыл облысы, Сверлов ауданында шаруа отбасында дүниеге келген Сүлеймен Төлеғұловтың бұл дүниеден көзі кетсе де өлмес сөзі, өшпес еңбегі қалды. Ата-анасынан 3 жасында айырылған ол 1926-1941 жылдары балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмірдің өзі ерте есейткен Сүлеймен көкеміз 1941 жылдың 13 қазанында Қызыл әскер қатарына алынады. Небәрі 18 жасында қан майданға аттанып, елі, жері үшін жанын шүберекке түйеді. Ұлы Отан соғысының оты тұтанған сәтте майдан шебінен табылған кейіпкеріміз 1942 жылы оқ тиіп, жараланып, госпитальға түседі. Сұрапыл соғыста қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жас жауынгер үш рет жараланады. Содан комиссия шешімімен соғысқа жарамсыз деп елге қайтарылады.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалы жоқ өлмейді» демекші, туған жерден татар дәмі бұйырған болар, госпитальдан шыққан соң, жеңіс сарбазы 1943-1946 жылдары Шиелі ауданында соғыс комиссарияты жанындағы лагердің бастығы болып қызмет істейді.
1946-1952 жылдары Шиелі механизациялық орман шаруашылығында техник жұмысын атқарады. Осы жылдар аралығында өндірістен қол үзбеген ол Ресейдің Бузулук орман техникумын бітіреді. 1951 жылдың 19 қазанында Қазақстан Советтік Социалистік Республикасы орман шаруашылығы Министрінің №533 бұйрығымен Арал орман шаруашылығы мекемесінің директоры болып тағайындалады. 1954-1958 жылдары Тартоғай орман шаруашылығы мекемесінде директор, 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Шиелі орман шаруашылығы мекемесінің директоры қызметін абыройлы атқарады. Саналы ғұмырында өмірінің әрбір сәтін ізгілікпен өрбітіп, қарапайымдылықпен байланыстырып, қай ортада болса да жасаған еңбегі арқылы қадірлі, сыйлы болған Сүлеймен Төлеғұлов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi комитетiнiң және облыс, аудан әкiмдерiнiң грамоталарымен марапатталды. Орман шаруашылығының бірнеше мекемесінде директор болып қызмет атқарған Сүлеймен көкеміздің басшылығымен орман шаруашылығы саласында оңды өзгерістер, үлкен көлемді жұмыстар атқарылды. Туған жерін көркейту жолында тынбай еңбек етті.
Атап айтар болсақ, 1958-1966 жылдары орман жолақтары жасалып, Шиелі кентін айналдыра Шиелі-Жаңақорған жолының бойына, Жданов көшесіне «Құрылыс» учаскесінен оңтүстікке қарай «Қызыл» көпірге дейінгі аралықта және Ақмая елді мекеніне дейін екпе ағаштарын отырғызуға, жеміс-жидек бақтарын көбейтуге үлес қосты. Шиелі кенті жанынан Гигант елді мекеніне дейінгі аралықта 10 га жерге бақ отырғызды. «Лесхоз» учаскесі 21 бекеттегі көлемі 50 га болатын үлкен бақты жайқалтқан да С.Төлеғұлов болатын. Бақтың әр бұрышына маңдайының тері тама жүріп, тынбастан жеміс-жидекті жайқалта білу мінсіз еңбекті қажет етеді. Сол мінсіз, қажырлы жұмыстың жемісін балабақшалар мен аурухана көрді. Жиналған жеміс-жидек жергілікті халыққа таратылып, ел ішін қамтамасыз ете білді. Көктеген көшеттердің түбінде соғыс әрі еңбек ардагерінің қолының өшпес табы қалды.
– Ұлым орманшы – келер күннiң адамы. Оның еккен, күтiп-баптаған ағашы арада жылдар салып жемiс бередi. Дана қазақ «Бiр жылдығын ойлаған ел бидай егедi, он жылдығын ойлаған ел ағаш егедi, мың жылдығын ойлаған ел бала тәрбиелейдi» деп текке айтпаған. «Бiр тал кессең, он тал ек» дегеннiң де мәнi тереңде. Өйткенi, ағаштың тамыр алып, жайқалып өсуi жылдарға созылады. Ал ағаштың қажет емес жерi жоқ, – деген Сүлеймен әкенің сөзi ұлдарының құлағында әлі күнге дейiн сақталып тұр.
Қан майданда шыңдалып, ен даланы бау-бақшаға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсаған Сүлеймен Төлеғұловтың есімі аудан халқына таныс. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей бұл күндері ұлдары әке жолын таңдап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда. Жары Зейнеп Абдуллақызы екеуі дүниеге 8 ұл, 1 қыз алып келеді. Әкелерімен бірге тау мен тасты аралап, орман деген ғажайып әлеммен табысқан үлкен ұлы Мұрат – Қызылорда, Жалағаш, және Талдыарал орман шаруашылығы мекемелерінің директоры болса, ортаншы ұлы Нұрмағамбет – Қазалы, Сырдария, орман шаруашылығы мекемелерінде инженер, кіші ұлы Ермағамбет – Шиелі орман шаруашылығында бас орманшы болып қызмет істейді. Ал Болат ұлы – «Волковгеология» ГРЭ-23 бас инженер, Асанхан – сол мекемеде механик болса, Тұрсынкүл қызы – Жамбыл қаласында сауда саласына бейімделген. Бахытжан мен Үсенхан да сол қалада бірі – құрылысшы, бірі – Жамбыл-су мекемесінің участок меңгерушісі қызметін атқарады. Нұрлан болса Тараз қаласында «Амангелдігаз» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді.
Бұл сабақтастық – әке берген тәрбие, өнеге мектебі. Қазіргі таңда әкеден туған ұрпақтардың абыройы, бақытты өмірлері, бір-бірімен бауырмалдығы үйлесіп, әке тіккен ынтымақ туын төмендеткен емес. Қан майданның қасіретін көрген Ұлы Отан соғысының ардагері бейбіт күннің бағасын білуге, туған жерді түрлендіруге ұрпағын баулыды. Еңбегімен еліне сыйлы болған С.Төлеғұловты елі ұмытпай, қашанда құрмет көрсете бермек. Қан майданнан аман келіп, бейбіт күнде белі қайысқанша еңбек етіп кеткен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қалай тағзым етсек те көптік етпейді!

Гүлнәр Дүйсебай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
14 наурыз 2026 ж. 11 0