Сөз зергерімен сырлы сұхбат
Жақында №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында руханият пен парасатты дәріптеген тағылымы мол кездесу өтті. Кітаптың қадірі артып, сөз өнерінің салмағы сезілген сол бір әсерлі сәт оқушылар мен ұстаздар жадында ұзақ сақталары анық. 9–13 ақпан аралығында ұйымдастырылған «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында білім ордаға қадірлі қонақ – белгілі журналист, сатирик, ақын Нұрмахан Елтай арнайы келіп, жас ұрпақпен мазмұнды жүздесу өткізді.Аталған басқосу жас ұрпақ үшін үлкен рухани олжа болды. Қаламы қарымды қаламгер мектеп кітапханасының қорын толықтыру мақсатында өзінің 50-ге жуық кітабын сыйға тартты. Бұл – кітапсүйер қауым үшін ғана емес, болашаққа салынған рухани көпір іспетті игі іс. Себебі кітап уақытпен өлшенбейтін құндылық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра.
Нұрмахан Елтай – 1953 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, табандылығы мен ізденісінің арқасында журналистика мен әдебиет саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жан. Алғашқы еңбек жолын «Түркістан» кеңшарында бастаған ол жастар ұйымының жетекшісі, бригадир, түрлі басшылық қызметтерді атқарған. Өмір мектебінен өткен тәжірибесі кейін оның шығармашылығына терең мазмұн мен шынайылық дарытты.
Журналистік жолында аудандық «Жаңақорған тынысы», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде қызмет етіп, сатиралық беттердің редакторы болды. Оның уытты әзілі мен астарлы ойы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, оқырман жүрегінен жол тапты. Бүгінде ол «Шарайна-Сейхун» басылымының директор-редакторы қызметін атқарып келеді.
Қаламгер бірнеше әзіл-сықақ кітаптардың авторы. «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар» сынды еңбектері арқылы ол сатира жанрын биік деңгейге көтеріп, күлкі арқылы тәрбиелеудің үлгісін көрсетті. Оның шығармаларында адам мінезі, қоғам құбылыстары шынайы әрі әсерлі суреттеледі. Күлкіге құрылған дүниелерінің астарында терең ой, тағылымды тұжырым жатады.
Шара барысында сатирик өмір жолы мен шығармашылық қырлары туралы кеңінен әңгімеледі. Ол өз сөзінде табысқа жетудің басты шарты – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс екенін атап өтті. Әсіресе жастарға кітап оқудың маңызын ерекше айтып, білімнің бастауы кітапта екенін жеткізді. Өз өлеңдерін жатқа оқып, сатиралық шығармаларынан үзінділер келтіріп, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.
Оқушылар қаламгерге еркін түрде сұрақтар қойып, мазмұнды пікір алмасты. Журналист болудың қыр-сыры, шығармашылық шабыттың қайнары, сатираның қоғамдағы рөлі туралы сұхбат әсерлі әрі ашық форматта өтті. Оның қарапайымдылығы мен шынайылығы жас жеткіншектерге үлгі болды.
Рухани кеш оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылыққа деген ынтасын оятты. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясындағы бұл шара мектептің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Расында, сөз – құдірет. Ал сол сөзді зергердей қашап, жүрекке жеткізе білетін қаламгермен жүздесу – үлкен бақыт. Сөз зергерімен болған сырлы сұхбат жас ұрпақтың санасында ұзақ сақталып, оларды биік мақсаттарға жетелейтіні сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ






