Жұмыссызға жол ашқан мүмкіндік алаңы
Қоғамның әл-ауқатын арттырудың басты тетіктерінің бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту. Осы бағытта Шиелі ауданында маңызды қадам жасалып, 25 ақпан күні бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шара аудан прокуратурасының бастамасымен өтіп, жұмыс іздеуші азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында цифрландырудың ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өткен болатын. Бүгінде цифрлық жүйелер жұмыспен қамту саласында да кеңінен қолданылып, жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты тиімді үйлестіруге жол ашып отыр.
Жәрмеңкеге аудан көлеміндегі бірқатар мекемелер қатысып, 82 тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды. Атап айтқанда, ҚАЗСУШАР ШЖҚ РМК «Сыр Суы» филиалы «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі, КНК Кемикал ЖШС, «Жолдасов», «Ақмая», «Бидайкөл», «Жер-Жомарт» шаруа қожалықтары, Уран-Энерго ЖШС, Қызылорда облысы білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің А.Қоңыратбаев атындағы №48 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Шиелі-Жолшы ЖШС және Nomadas ЖШС өз сұраныстарын білдірді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан субсидияланатын 170 уақытша жұмыс орны (ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, «Күміс жас» жобасы) ұсынылды.
Нәтижесінде 21 азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды. Оның ішінде пробация есебіндегі 2 азамат квота шегінде тұрақты жұмысқа, 2 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды. Мүгедектігі бар 3 азамат квота аясында тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар 26-ға жуық азаматтың түйіндемесі жұмыс берушілерге жолданып, әңгімелесуге шақырылды.
Қазіргі таңда бірқатар мекемелерде маман тапшылығы сақталуда. Атап айтқанда, Уран-Энерго ЖШС, ҚАЗСУШАР филиалы, Nomadas ЖШС және САС Казахстан тарапынан электромонтер, жолаушылар вагонының жол серігі, инженер-механик, инженер-контролер, дәнекерлеуші, насос қондырғыларының машинисі, бухгалтер мамандарына сұраныс бар.
Жұмыс іздеуші азаматтар толық ақпарат алу үшін Шиелі кенті, С.Кәрімбаев көшесі №16А мекенжайында орналасқан аудандық мансап орталығына жүгіне алады. Жәрмеңке еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тоғыстырып, аудан тұрғындары үшін нақты мүмкіндіктер алаңына айналды.
А.ИБРАШЕВА







