ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ДЕҢГЕЙІ БАҒАЛАНДЫ
Биылғы жылы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуді ұйымдастыру және өткізу» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп 200 адамды сертификаттық тестілеуден өткізуді жоспарлады.
2018 жылғы 23-24 сәуірде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу ұйымдастырылып, оған мемлекеттік тілді оқыту курсынан және ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша семинар-тренингтерден өткен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілерінен, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлерінен барлығы 100 адам қатысты.
Сертификаттық тестілеудің қорытындысымен сынаққа қатысқан 100 адамның 84-і, атап айтқанда В1 деңгейі бойынша 64 адам, В2 деңгейі бойынша 12 адам, С1 деңгейі бойынша 8 адам жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, ҚАЗТЕСТ сертификатын иеленді.
2018 жылғы 4 маусымда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімдігінің баспасөз-клубында ҚАЗТЕСТ сертификаттарын тапсыру рәсімі өткізілді.
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының орынбасары Г. Исмаилова облыс әкімі аппаратының, облыстық басқармалардың, облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік қызметшілері мен қызметкерлеріне ҚАЗТЕСТ сертификатын салтанатты түрде тапсырды.
Жыл барысында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мусаева ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша облысымызда ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жайлы атап өтіп, сертификат алушыларды құттықтады.