БОЙТҰМАР
Ауыл жастарының тәрбиесінде егде кісілердің де үлесі, өз орыны бар. Жас кезімізде ауылдың жасы үлкен адамының алдын кесіп өтпейтінбіз. Тұра қалып қос қолымызды ұсынып, сәлем беретінбіз. «Басымыздан сипап көп жаса, балам» дейтін. Кейбір қариялар: «Молда бол» деуші еді. Молда демекші, Рахмет, Қазыбек есімді ауыл молдары болды. Екеуі де Қарнақтың медресесін тәмамдаған. Діни білімдері мол. Ауыл шалдары әңгімелерін ұйып тыңдайтын.
Тағы да атамыз болды Қапбар деген. Кезінде ел басқарған. Үнемі ақ есегіне мініп, ақ шапанын киіп жүреді. Көрген жерде бір топ бала жүгіріп барып сәлемдесеміз.
– Кімнің баласысың? – дейді.
Біріміз әкеміздің, біріміз атамыздың атын айтып шулап жатамыз. Әкесінің атын атағандарға селқос қолын созатын. Ал атасын атағандардың сәлемін ерекше ықыласпен алып: «Е, бәрекелді, пәленшеекеңнің баласы екенсің ғой, көп жаса» деп батасын беретін. Кейін түсіндік, «әкенің емес, атаның баласы бол» дегені екен.
Бекқожа деген ата болды. Ол кісінің заты да қожа. Көрген жерде тұра қалып жағдайыңды сұрайтын. Жастардың денсаулығына көп көңіл бөлетін. Ауылда дәрігер жетіспейтін. Ұйқысы қашқан, бірдеңеден шошынған балаларды дем салып емдейтін. Құран сөздері (аят) жазылған тұмар жасайтын. Ол тұмарды аналарымыз сырт киімдеріміздің қолтығына тігіп беретін. Жолға шыққанда, жиын-тойларда сол киімдерді киіп алатынбыз. Сеніміміздің күштілігі сондай, бойымыздан қорқыныш қашып, ештеңеден секем алмай еркін жүретінбіз.
Қожа атам туралы кезінде «Бойтұмар» деген өлең де жазғанмын:
Ауырсақ Қожа атама баратынбыз,
Ішірткісін жаздырып алатынбыз.
О, ғажап, сәл-пәл ұйықтап тұрғаннан соң,
Шынымен-ақ жазылып қалатынбыз.
Қарсы келмей өмірдің ырғағына,
Көп қарайтын халықтың мұң-зарына.
«Еңбекшінің» Қожа атам болатын-ды:
Дәрігері,
ұстазы, имамы да.
Абзал еді жаны – жаз,
асқақ – ары,
Ұрпағы бабасы үшін мақтанады.
Қожа атам жазып берген сол бойтұмар
Қатерлерден келеді сақтап әлі...
Бекқожа атаның үлкен ұлы Мұқан (шын есімі Мұхамедқали) әке жолын жалғастырды. «Мұқан қожа», «Қожа ата» атанды. Ұзақ жыл Еңбекші ауылындағы «Баба Ата» мешітіне имам болды. Қазір жасы сексенді алқымдап отыр. Әлі қоғамдық пайдалы жұмыстан қол үзген жоқ. Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ








