Спорт пен білім тоғысқан орта
Бүгінгі таңда бала тәрбиесі мен білім беру ісінде жан-жақтылыққа мән беру – уақыт талабы. Осы тұрғыда біздің редакцияның іргесінде орналасқан «Самғау» орталығы аудан көлемінде балалардың қабілетін ашып, олардың болашағына бағыт-бағдар беріп отырған маңызды білім мен тәрбие ордасына айналып отыр. Мұнда спорт пен білім, тәртіп пен таным, ұлттық құндылық пен заманауи әдіс өзара үйлесім тауып, бір мақсатқа – өскелең ұрпақты жан-жақты дамытуға қызмет етуде.«Самғау» орталығы – баланың бойындағы мүмкіндікті ерте байқап, оны дұрыс арнаға бұруды көздейтін орталық. Орталықта балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай түрлі үйірме мен қосымша сабақ ұйымдастырылған. Бұл – ата-ана үшін де, бала үшін де үлкен мүмкіндік.
Орталықтың бірінші қабатында ұлттық спортты насихаттауға бағытталған қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмені өз ісінің шеберлері, тәжірибелі жаттықтырушылар Бауыржан Мырзалиев мен Бекжан Төлепов жүргізеді. Қазіргі таңда қазақ күресіне 40 бала тұрақты түрде қатысып жүр. Үйірменің жұмыс істеп келе жатқанына 6 жылға жуық уақыт болған. Осы жылдар ішінде ондаған бала спорт арқылы шыңдалып, түрлі жарыста жүлделі орындарға ие болды.
Жаттықтырушылардың жүйелі еңбегінің нәтижесінде орталықтан шыққан жас балуандар республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жарыстарда топ жарып келеді. Соның бір дәлелі – республикалық жарыстың түйе палуаны атанған Ғайса Дастанбекұлы. Ол – жаттықтырушы, Қазақ күресінен Қазақстан республикасының спорт шебері Б.Мырзалиевтің шәкірті. Ал халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжан Төлеповтің шәкірттері Дінмұхамед Жарқынбек, Бекзат Оразбай, Әділхан Балғабай, Әлихан Қапанов «Бала Мұқаң» республикалық турнирінің жүлдегерлері атанып, сондай-ақ облыстық турнирлерде бірнеше мәрте жеңімпаз болған. Бұл жетістіктер – орталықтағы қазақ күресі үйірмесінің жүйелі жұмысын айқын көрсетеді.
Қазақ күресі – тек спорт қана емес, ол – тәрбие мектебі. Ұлттық спорт түрі баланың бойына тәртіп, төзімділік, батылдық, намысшылдық пен рухани беріктік қасиеттерін сіңіреді. Сонымен қатар баланың физикалық дайындығын арттырып, денсаулығын нығайтады. Үйірмеге 6–15 жастағы балалар қабылданады.
Ал «Самғау» орталығының екінші қабаты – білім мен таным кеңістігі. Мұнда балаларға арналған арнайы оқу кабинеттері орналасқан. Әр кабинет белгілі бір бағытқа бейімделіп, оқушының білімін тереңдетуге арналған. Соның ішінде ерекше көзге түсетіні – «Zeyin» оқу кабинеті. Бұл кабинетте көркем жазу, қазақ тілі мен әдебиеті, шешендік өнер, үй тапсырмасын орындау, жылдам оқу бағыттары бойынша сабақтар жүргізіледі. Сабақтарды тәжірибелі ұстаз Үрләйім Сәдуақасқызы өткізеді. Мұндағы сабақтар балалардың ойлау қабілетін дамытып, өз ойын еркін жеткізуіне, сауатты жазуына үлкен септігін тигізеді.
Орталықтағы маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс. Бұл салада 12 жылдық еңбек өтілі бар дефектолог-логопед, АВА-терапист Диана Мейрамханқызы қызмет атқарады. Маман баланың дамуындағы ерекшеліктерді ескере отырып, жеке бағдарлама бойынша жұмыс жүргізеді. Егер бала атын шақырғанда қарамаса, дамуы өз жасына сай келмесе, қарапайым дағдыларды меңгермесе, агрессиясы басым болса немесе түсінігі толық қалыптаспаса, маман бірлескен жұмыс арқылы балаға қажетті қолдау көрсете алады.
Сондай-ақ орталықта түрлі пән бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Солардың бірі – химия пәні. Бұл бағытта Құралай Алтынбекқызы оқушылармен жұмыс жүргізеді. Қосымша сабақтар мектеп бағдарламасын тереңдетуге, пәнге деген қызығушылықты арттыруға және оқушылардың білім сапасын көтеруге бағытталған.
Жалпы алғанда, орталық – баланың физикалық, зияткерлік және тұлғалық дамуын қатар қамтыған кешенді орталық. Мұнда әр балаға жеке көзқарас қалыптасқан, ал әр бағыт нақты нәтижеге жұмыс істейді. Спорттағы жеңіс пен білімдегі жетістік осы орталықта бір-бірін толықтырып, балалардың болашағына берік негіз қалайды.
Айқыз МАҚСҰТ,
фото автордікі
фото автордікі








