Елдік мұрат жолындағы ортақ ұстаным
Соңғы жылдары қоғамда әділеттілікке, ашықтыққа, тиімді басқаруға деген сұраныс күшейді. Азаматтар шешім қабылдау үдерісінің ашық болғанын қалайды. Конституциялық жаңғырудың басты мақсаты – осы талапқа жауап беру. Тағдыр таразысында тұрған мәселелерді талқылау бағытында жуырда «Руханият» орталығының мәжіліс залында аумақтық коалиция өкілдерінің аудан ардагерлерімен кездесуі өтті.Еліміз әлеуметтік-құқықтық жағынан мүлде жаңа сипат алған үлкен өзгерістердің бастауында тұр. Өздеріңіз білетіндей, алдымыздағы наурыз айының 15-не БАҚ-та жарияланған Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум белгіленді. Осы бір аса жауапты кезеңде аудан халқының қаймағы болып саналатын ардагерлер қауымының елдің бұрыннан қалыптасқан ынтымағы мен бірлігін сақтауға бағытталған ортақ ұстанымы, межелі өзгерістерге көзқарасы қандай болуы керек? Осы жөнінде аз-кем сөз қозғаудың реті келіп тұрған да сияқты. Дүйсенбі күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен аға Исмаиловтың өтінішімен осы тақырыпқа, жалпы ардагерлер қауымының осы кезеңдегі ұстанымын айқындап, міндеттерін белгілеу жайлы алқалы жиында өз ойымды ортаға салуға тура келді. Көп жылғы тәжірибе, білім-білігім шеңберінде қал-қадерімше жасаған баяндамаға «жақсы дайындалған екенсің» деп ризашылығын білдірген бірқатар ардагерлердің қолпаштауына қомпиып сыртқа шықпаймын ба? Жоқ, бәріне бірдей ұнай қоймаппын. «Баяғы сарынмен сайрадың келіп, жер жөнінен жақ ашпайсың, сүрінер едің, тіл жайында сұрасам құлар едің, пәленбай миллиярдты желге шашып бұрынғы Конституцияны өзгертудің не қажеті бар, ақыры өзгеріп жатқан ештеңе жоқ!..» деген сарында әжептеуір сын айтты. Ренжіген жоқпын. Бүкіл әлем, бүкіл қоғам өзгеріп жатқанда өзгермей жүрген жалғыз бұл кісі ғана ма екен деймін ішімнен. Қоғамды мазалайтын (олар жоқ емес те ғой) кейбір сұрақтарға ой-өрісіміз жеткен шамада жауап қатқан да дұрыс шығар, «бәрін аналар шешіп отыр ғой» деп айналып өте бермей. Өмір сүрген ортамыз бір, қалыптасқан менталитетіміз ортақ болған соң уәжді сөз тауып айта алсақ бәлки түйткілді сұрақтардың түйінін тарқатуға септігіміз тиер, қолға қалам алғандағы мақсат та осы. Өйткені бүгіндері көпшілік кешеге дейін талқылауға ұсынылған Ата Заңның жаңа нұсқасы төңірегінде, бірқатар БАҚ бар, әлеужелісі бар жалт-жұлт, жарқ-жұрқ еткен сан-алуан ақпарат тасқынының шырмауында қалды. Оның үстіне оппозициялық бағыттағы басылымдар да шуылдап ши жүгіртіп шаптан түртсе, жете түсінбеген нәрсенің жауабын бізден сұрамағанда кімнен сұрамақ? Шиырлай бермей шындығын айтсам, құлақ асып назар аударарлық ұсыныс-пікірлер де бар болатынға ұқсайды, оған күмән келтірмейік. Бірақ осының бәрін саралап елеп екшеу үшін Конституциялық кеңес құрылды емес пе? Мәртебелі Кеңестің күні-түні қауырт та жария жұмысын қалт жібермей көзбен көріп мұқият тыңдағандар қатарынанмын. Кәсіби кемелденген небір азулы саясеткерлер мен өткір ой, өтімді ұсыныс пікірлерімен танымал айтулы тұлғалардың қатарында облыс әкімі бас болған 3 бірдей жерлестеріміздің де болғаны Сыр елінің биік беделінің бір дәлелі деп түсінгеніміз абзал. Осы екі аралықта халықтың әртүрлі топтарынан комиссияға түскен төрт мыңдай ұсыныс-пікірлерлер арасынан ауданның жас мұғалімі Махамбетәлі Әбдіхамитұлының Ата Заңның жаңа нұсқасындағы «Гимн» сөзін қазақ тілінде «Әнұран» деп өзгерту жайлы ұсынысы қабылданғаны аудан үшін де үлкен абырой болатыны даусыз. Және күні-түнгі жұмыс режімдегі тәртіппен 11 отырысын өткізген Конституциялық кеңестің халықтан түскен әрбір ұсынысқа мән беріп жіті қадағалаған бұрын-соңды болмаған жанды жұмысын көрсетсе керек. Яғни, жастың да жасамыстың да, тауып айтқанның да, қауып айтқанның да үні есепке алынып естіліп жатты деген сөз болып шығады да қояды. Сондықтан да қорғалақтап, бүгежектейтін де ештеңем жоқ, есімін атамай-ақ қоюды жөн көрген әлгі қабырғалас-қанаттас ардагер ағамның сұрақтарына осы мақала жауап болар деп ойлаймын. Алдымен 84 пайыздық өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа Конституция қабылдау қажет пе еді деген сұрағына мүдірместен «Иә!» деп жауап берген болар едім. Ең алдымен тәуелсіз басылымдардың өзі бір ауыздан жаңа заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні біршама түсінікті жазылған деп оң бағасын беріп жатқаны назар аударарлық маңызды факторлардың бірі, «бірі емес бірегейі!» деп екпін салып айтарлықтай жағымды жаңалық болатыны сөзсіз. Яғни, жаңа Ата Заң жобасы бұрынғыдай әуелі орыс тілінде дайындалып барып қазақшаға аударған нұсқасы емес, әу бастан біссімілләсі ана тілімізде дайындалғанын көрсетеді. Қазақ тілінің мәртебелік орны іс жүзінде көрініс тапқан мұның өзі үлкен жетістік, жеңісіміз деуге боларлық құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиерлік жаңалық болатынын неге айтпасқа? Осыған дейін заң мәтіндерін қазақша оқып түсіну тым қиын болатын аударма түріндегі мәтіндердің тым бұлыңғыр болғанын біздер өзіміз атқарған мемлекеттік қызметіміздегі тәжірибеден тым жақсы білеміз.
Екіншіден, мейлінше бұрынғы 1995 жылғы қабылданған Конституция елдің даму тарихында тізбелеп жату қажеттігі аз ақ-қарасы, ала-құласы да аз болмаған, соңғы он жылдықта әсіре толықтырулармен тұмшаланған кемшіліктерімен қоса алғанда өз миссиясын орындап шықты дегенге саяр көзқарастамын. Өте қысқаша, тұжырып айтқанда, сол Конституция аясында – елімізде жаңа нарық қатынастарын қалыптастырып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алған өркениет көшіне ілескен ілгерілеудің қабатында жосықсыз жоғалтқанымыз да аз болмаған соңғы 30 жылда қоғам да, адам да мүлдем өзгерген, жаңа қоғамдық сана қалыптасқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Хош делік. Өтпелі кездің қиындықтары еңсеріліп, тәуелсіз еліміз тұғырына берік орнығып, әлемге танылып шекарасы мойындалған елге айналғаны анық. Дәл бүгінгі әлемдік саяси тұрақсыздықтар мен қауіп-қатерлер жағдайында Қазақстанның тұрақты дамуы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам орнату, елдің ішкі-сыртқы саясаттағы басым бағыттарын айқындауды қоса алғанда ел тәуелсіздігінің тұғырын нығайту үшін де жаңарған, ұлттық құндылықтар (жаңа жобаны мұқият қараңыз) негізінде жетілдіре түскен Ата Заң қажет болғанына күмән келтірмеймін. Қылаудай мінсіз дүниені адамзат баласы әлі ойлап тапқан емес, әлі іздеумен келеді. Бүкіл халықтық талқылауға да сол үшін ұсынылып отырған жоқ па? Осы аралықтағы сан-алуан ұсыныс-пікірлердің болуы да заңдылық, жалпы халықтың саяси белсенділігін көрсетер жақсы үрдіс деп бағалар едім. Десек те, саяси саналық тұрғыдан қарасақ, көпшіліктің көкейіндегі пікір деп айтылып, жазылып жүрген тілге, жерге байланысты, тағы да басқа әртүрлі ұсыныс-пікірлердің барлығы бірдей елдік мүддеге сай келе бермейтінін де ашып айтуымыз керек сияқты. Мемлекеттік мүдде – бәрінен де жоғары болуға тиісті темір қазық, мызғымас тұғыр болатын ақиқатты жырата алатын иммунитет қалыптастыратын кәсіби мамандар мен сарапшылардың, озық ойшылдардың пікіріне құлақ асу керек сияқты болып көрінеді маған. Ал олар бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Осы ана тілімізге байланысты бір ғана мысал келтірейін. Уақтысында аңыз адам болып мойындалған Әбіш Кекілбаев ағамыздың айтқан: «әрбір 500 метр сайын мыңдаған шақырымдық шекараға қояр әскеріміз жоқ, әуелі жан сақтайық, жан сақтасақ – жер сақтаймыз, жер сақтасақ – ел сақтаймыз! Сосын барып еліміз бен жерімізді қорғайтын ана тілімізді де ұшпаққа шығарар кез келеді...» деген сөзі осы күнге дейін дәл осы кезеңде күрделене түспесе маңызын жойған жоқ. Неге олай айтты? Өзіңіз бір сәт ой жүгіртіп көріңіз. Ілкімді ойдан іліп алар бірдеңе табарыңыз анық. Ал бүгіндері әбден танымал Мұхтар Шахановтан кейін соңғы 20 жылда үлкен мінберлерден кеудесін жалаңаштап жауға шабар батырларша атой салып, қазақ тілін қызғыштай қорғап жүрген бірден-бір толымды тұлға, адуын ақын Қазыбек Исаның да ойы осы тұрғылас. Ата Заңның жаңа нұсқасындағы баптармен толық келісетінін күлтіл-күйбеңсіз ашып айтқанын өз құлағыммен тыңдадым. Оны неге айтты? Қазақ тіліне Қазыбектен де артық қызмет жасаған «осы қазақта мен білмейтін кімің бар?» дейді менің ойым. Билікке тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап оппозициялық көзқарасынан қарға қадам шегінбес ұстанымынан айнымай келе жатқан тәуелсіз журналист, қоғам белсендісі Ермұрат Бапидың да ойы осы жобада, әлемдік геосаяси тұрақсыздық жағдайында ең бір икемді (оптималдық) нұсқа деп бағалайтынын естіп отырмыз. Ал өзіміздің, өзінің көп адамдарға түсінікті бола бермейтін ұшқыр ойларын ірікпей ақтара салатын тура айтатын мінезімен әбден таныған дұрыс? Кімнің сөзінің салмағы бар? Ал Асқар Жұмаділлаев ағамыз да осы тіл мәселесіне қатысты соңғы нұсқадан аса бір оғаштық, қисынсыз қиғаштық көріп тұрмағанын айтты. Сонда деймін-ау, кімнің сөзіне құлақ түрген дұрыс? Кімнің сөзінің бәсі басым? Мұны қазақтың жалпақ тілімен «Кімнің аузы дуалы? Кімнің сөзі уәлі?» деп өз өзімізге сұрақ қойсақ, абзалы осы. Дұрыс қорытынды шығару – өзіме қатаң сын айтқан ардагер ағамызды қоса алғанда, әркімнің азаматтығы мен ақыл-ой мөлшеріне сын.
Осы орайда, өзіміздің жас буын өкілдерінің ел ағалары аталып жүрген біз ойлағаннан да әлдеқайда сауатты, қоғамдық-саяси өзгерістерге бей-жай қарамайтын көзіқарақты, сөзі салмақты болып жетіліп келе жатқанын мойындап, атап өткен де дұрыс па деймін. Белсенді өмірлері алда болатын осы және орта буын өкілдерінің сәулелі болашағы үшін де жасалып жатқан оң өзгерістерге бойкүйез бейтараптық танытпай, үн қосып жатқандары қуантады. Жастар ресурстар орталығында болған кездесу жиыннан осылай ой түйдік. Жастарымыз осылай болғанда, ауданның қоғамдық өмірінде өз орындары бар қарттарымыздың да осы бір сындарлы тұста алдыңғы саптан көрінбеске амалы жоқ. «Көп білген кісі кемеңгер емес, білгені елге пайда әкелетін адам – кемеңгер» дейтін даналық сөз бар. Өздерінің көпті көрген өмірлік тәжірибелеріне сүйенген пайыммен салиқалы ой, салдарлы сөз айтып, үлкендерге тән үлгі көрсететін бағыт ұстанған биіктен көрінеді ғой деген сенім бар. Соңғы кезде орын алған түп-төркінін түсініп болмас өксіген өкініш, арзымас ақыл-кеңес айтушылардың, популистік құлшыныс-құрапатын құр әншейін «атың шықпаса – жер өрте» дейтін бейдауа байбалам екенін жұртшылыққа айта жүру үлкендік парыз қарызымыз деп түсінейік. Шәкәрім қажы айтпаушы ма еді:
«Әуелі адам болсаң өзіңді біл,
Адамға сөйлейтұғын сөзіңді біл.
Әр жаста әрбір түрлі міндетің бар,
Қай жаста не істейтін кезіңді біл» деп. Аудан ардагерлері арасында ең жасы кішіміздің өзі 60-тың ортасына келген біздерге нені сөйлеп, нені сөйлемеу керектігін ажырата білудің өзі үлкен сын болатынға ұқсайды. Ең алдымен елдің тыныс-тіршілігінің тамырын дөп басып, болуы мүмкін келеңсіздік-келіспеушіліктің алдын алып елдің ынтымағы мен бірлігін, қалыпты тірлігін күйттеген ұстанымы – ардагерлер қауымының қашаннан бергі қалыптасқан айнымас қағидасы. Бұрын да солай болып келген, қазір де солай. Жасымызға сай, «Ардагер» деген атымызға сай абыройдың болғанына не жетсін? Сол «Абырой» дегеніңнің өзі де өзінен өзі келе салатын беделге ұқсамайды. Мысық табандап жүріп мысқалдап жинағаның абайламай айтқан бір ауыз сөзіңмен жуылып кетуі ғажап емес сағымдай алдамшы алмағайып ұғым екен. Сондықтан да аяқ астынан тосыннан бір төте жол табуға тыраштанбай-ақ, сөз басын «Қоянның да жымы болады ғой...» деп бастайтын Әлияр (Сейітов) ағамыз айтпақшы, әріректегі Әзекең (Исмаилов), Серағаң (Ізтілеуов) әкелеріміз, беріректегі Сұлтекеңдер салып кеткен жол бүгінгі ардагер аталып жүрген біздерді де адастырмас білем. Сол кісілер, әсіресе Әзекең, Серағаңдар тәуелсіздік алған алғашқы 10 жылда, шаруашылықтар күйреп, ішерге ас, киерге киім таппай, еркектер әрі-сәрі күйігін ащы сумен басып, әйелдер ала дорба арқалап тентіреп кеткен қиын заманда да елді сабырға шақырды. Сөнген күл астынан жылт еткен ұшқын тауып үрлегендей елдің ертеңге деген сенімін оятып, қандайда бір шиеленістерге жол бермей ауызбірлігін сақтап, өтпелі кездің қиындықтарын еңсергенге дейін бас аман, бауыр бүтін дін аман алып шықпап па еді? Ол кездегі халықтың тұрмыс тіршілігін бүгінгі әлеуеті, өмір сүру сапасымен салыстыруға да келмес, аспан мен жердей айырмашылығы болатын ақиқатқа кім дау айтар? Әрине, бүгінгі тұрмыстық артықшылықтар мен комфортқа үйренген көптің сұранысы да біршама жоғары, талап-тілегі де өзгеше, саяси сауаты мен белсенділігі де артқан. Және ол солай болуға тиісті де. Дәл осы жерден халық пен билік ортасында алтын көпір болуға тиісті ардагерлер ауылдық ұйымдарының қызметі мен бірлесе атқарар үйлестіру бағытындағы мәмлегерлік міндеті де туындайды десем қате бола қоймас, сірә?
Сол үшін де, әртүрлі көзқарас, ой-пікірлерімізді өзара ортаға салып, ортақ ой түйіп, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын икемді платформаға бірігіп бүкіл еліміз үшін тағдыршешті маңыздағы саяси науқан тұсында ардагер деген атқа лайықты биіктен көріне алсақ үлкен абырой болмақ. Осы орайда Қадыр ақынның мына:
«Мен бұл сөзді ұсақтап майдаламан,
Ел-жұртымыз, белгісіз, қайда қалам?!
Ақын болып бірдеңе жазарымда
Халық болып алдымен ойлап алам» деген өлең сөзін жадымызға тоқысақ тіпті жақсы. Ақыл айтпас бұрын, көпшіліктің ой-пікірін елеп-екшеп барып қисығын түзеп, артығын күзеп, қисынын тауып, қиюын келтіріп мемлекеттік саясат, елдік мүдде тұрғысынан көшелі сөзімізді айтып көш басында болу парыз болатын үлкендік, ақсақалдық миссиямызды орындаудың уақыты келіп тұр осы сәтте. Ал тілге тиек, әңгімеге арқау етерлік Мемлекет басшысы Қызылорда құрылтайында астын сызып отырып атап өткен, өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынылып отырған аймақтың да, ауданның да дамудың барлық саласында жеткен жетістіктері аз емес. Және осының барлығы да тұрғындардың, жалпы Сыр халқының әлеуетінің артып экономикасының дамуына оң серпін берген марқайып мақтанарлықтай, өзіміз тікелей куәсі болып жүрген соңғы жылдардың жарасты жаңалықтары. Айтпасқа болмас, өткен Ұлттық Құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз еткен Сыр өңіріне мемлекет басшысының үлкен ризашылығын білдіргені де, облыстың бірнеше ардагер ақсақалдарын жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауы да ел Президентінің облыс халқына деген ыстық ықыласы деп қабылдадық. Қызылорда Құрылтайында осыдан тура 100 жыл бұрын Алаш арыстарының бастамасымен еліміздің тұңғыш астанасы дәл осы Қызылорда қаласы болғанын білеміз. Бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымын халыққа жария етуі де Сыр елінің мәртебесін одан сайын биіктете түскен тарихи сәт, бедерлі белес болғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда да облыс халқының алдағы саяси науқанды өткізуде әдеттегідей үлкен ұйымшылдық танытатын жөні бар. Бұл – күмәнсіз болжам. Соңғы жылдары өңірдің даму көрсеткіштері бойынша барлық салада алда келе жатқан шиеліліктердің де осы саяси науқанды ұйысқан ұйымшылдықпен өткізетіні сөзсіз.
Осы бір жауапты кезеңде бірлік пен ынтымағымызды сақтап, өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді сақтауға атсалысар үлкендік жолымызбен аудан халқының көшбасынан көріне білсек мәмілегерлік мақсатымыздың орындалғаны.
Исабек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының,
аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының,
аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі







