Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕШЕГІ БИЛЕРДІҢ САРҚЫТЫ ЕДІ…

КЕШЕГІ БИЛЕРДІҢ САРҚЫТЫ ЕДІ…

Атам Қазақта: «Ханға бермес, қара бар, пышаққа бермес ара бар» деген нақыл сөз бар. Тұрмат ағамыз нағыз азаматтың сойы еді. Тұрекең істің жүйесін, сөздің киесін білетін, өз елінің иесі болды. Сыр өңірінде «Үш бидің» төс белгісін таққан жалғыз сот. Ағамыз жайында өткен шақпен сөз қозғап отыру мағанда ауыр, әрине.
Тағдыр мені ол кісімен оқушы кезімде таныстырып, өмірден өтерінен бір жыл бұрын қайта жолықтырып, ақ батасын алуды нәсіп етіпті. Әңгімемді әріден қозғайын. Ұмытпасам, 2024 жылдың сәуір айында Шиелі ауданының тумасы, өмірден ерте озған әскери досым Беріктің туған інісі, өзіммен аттас Мақсат інім хабарласты:
– Аға! Алла жазса мамыр айында Шиелі ауданының орталығынан тұрғызған мешітімнің ашылу салтанатына сізді арнайы шақырам, құрметті қонағым болыңыз! Мешіттің ­ашылуын себеп қылып, ата-бабама, Берік ағама Құран хатым түсіріп, елге ас беріп, халықтың батасын алсам-деген ниеттімін аға деді інім.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қазақ емеспіз бе? Берік досымның әруағы үшін баратынымды айтып Мақсат ініме уәдемді бердім. Айтылған күні ата-анамды, асыл жарымды ертіп бардым. Мешіттің сәулетінде сөз жоқ, Мақсат інім құрылысқа жанын салыпты, көрініп тұр. Келген халықтың көптігінен, ине шаншар орын жоқ. Ықыласты халыққа сөз айтуға шыққан ауданның аузы дуалы азаматтарымен бірге мені де сахна төріне шығарды. Алланың ауызға салған сөзін айттық. Сөз айтып бола бергенде маған қарай беттеген адамды бірден таныдым. Өмір жолымда маған тілектес болып, жол сілтеген өзімнің Тұрмат ағам екен.
– Мақсатжан арада қаншама жылдар өтті, мені таныдың ба? – деді Тұрмат ағам. «Жақсы адамды қалай ұмытарсың ағау, әрине бірден таныдым» дедім. Сол жерде ағам екеуміз біраз өткен кеткенді еске алыстық. Бір кезде Тұрмат ағам маған қарап: «Мақсатжан ағаңның тілін алсаң, бір құнды дүние айтайын саған» деді. «Құлағым сізде, аға» дедім.
«Жауынмен жер, батамен ер көгереді» деген елміз. Өмір бәйге балам, әркім өзінің әліне қарай шабады. Саясатта жүрген жігітсің. Заманың келгенде, елің үшін басыңды бәйгеге тігерсің. Сол өмір бәйгесінде тұлпарың алдына қара салмасын. Аламанда бас бәйгені берме. Мәре тек сенікі болсын, бас бәйге тек сенің қанжығаңда кетсін-деген ниеттімін. Ол үшін кешегі Ұлы Абайдың 150 жылдығында бас бәйге «Камазды» қанжығасына байлаған «ЫЗҒАР» атты тұлпардың иесі, атсейіс Орынбай ақсақалдың жолымен жоралғысын жасап, ақ батасын ал» деді ағам.
«Болды аға, бірауыз сөзіңіз» дедім. «Сіздерді Астанаға алдыртам» деп уәдемді бердім. Ауылға келген соң әкеммен ақылдастым. «Балам бата алу үшін ақсақалды Астанаға алдыртқаның әдепсіздік болар. Қазақтың салтында ер жігіт ақсақалдың ақ батасын жөн-жоралғысын жасап шаңырағына барып алады, мен білсем» деді әкем. «Әкемнің де айтқаны жөн болар» деп Тұрмат ағама телефон шалдым. Ағаммен баратын күннің уақытын келістік. Жолдан Айнұр келіншегім екеумізді Тұрмат ағаның өзі күтіп алды. Орынбай ақсақал қазақы дәстүрмен телегей теңіз ақ дастарханын жайып, ақын-жырау інілерімен бізді күтіп алды. Ет піскенше ақсақал сөздің мәйегін тамызды. Орынбай ақсақалдың иығына қазақы салтпен шапан жауып, ақ батасын алдым. Ақсақал берген батаның мына тұстары есімде қалыпты: «Жүзіңді мұң баспасын. Ізіңді құм баспасын» дегені. Мағынасы терең батаның әсерінен құс етім шықты.
Жақсыдан шарапат деген осы. Өзгенің баласын өз баласындай көрген Тұрмат ағамның маған дегенде ықыласы ерекше еді. Уақытында Тұрмат аға Тереңөзек аудандық Сотының Төрағасы болып тұрған тұсында Республикада бірінші рет «Құқықтану пәнінен» Тереңөзек ауданында қатарынан төрт жыл «аудандық олимпиада» өткізді. Төрт жыл бойы аудандық, облыстық олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алдым. Тұрмат ағаны өмір жолыма жолдама берген, қолтығымнан демеген өмірлік ұстазым десемде жарасады, осыдан кейін. Тұрмат ағамен бізді тағы бір жақындастыратын тұс бар. Ол біздің ауылда әкемнің досы Мүзарап ағаның қызы, менің Мұрат сыныптасымның апасы Ақжан апамыз ол кісінің туған келіні. Ақжан апамыз Талғат жездемізге ерте тұрмыс құрды. Солай игі жақсылар құдаласып, оған ел куә болды.
Мүзарап аға етек-жеңі кең пішілген, малға да бай, жанға да бай, мәрт азамат еді. Әттең өмірден ерте озды. Ақжан апамыздың ұлын көріп қазақтың: «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан» деген сөзі еріксіз еске түсті. Жиен, сойып қаптап қойған нағашысы Мүзарап аға. «Ұқсамасаң тумағыр» деген осы екен. Ақжан апам барған әулетінің керемет келіні. Апамның ақылына, пайым-парасатына, жайған дастарханына риза болдым. Өте сезімтал, ақкөңіл жан, адал келін болып бой түзепті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Ақжан апам атасының батасын алған көргенді келін, ақылды абысын, жанашыр жеңге болғаны сөзінен де ісінен де көрініп тұр. Іштей апама риза болдым. Осының бәрі анасы Роза апаның тәрбиесі деп білдім. «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деген осы екен.
Орнында бар оңалар деген. Адам ұрпағымен мың жасайды. Тұрмат ағаның ізін жалғайтын ұл-қыздары, немере-жиендері өсіп келе жатыр. Алла тағала жолдарын оңғарсын. Атасынан асып түсетін, елдің елеулі, халықтың қалаулы апталдай азаматтары болсын!

МАҚСАТ СҚАҚОВ
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі
17 ақпан 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728