ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР
Кенттік «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие беру жоспарына сәйкес «СҰХБАТ TIME» (елге сыйлы спикерлермен сұхбат) жобасы аясында «Еңбекпен өрілген өмір» тақырыбында жеке кәсіпкер, көпбалалы аяулы ана, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясының иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы МАХАНБЕТ Патима Шаймерденқызымен сыр-сұхбат кездесу ұйымдастырылды.Кездесу басында кеш кейіпкері Патима Шаймерденқызының бала кезі, жастық шағы, студенттік кездері, қызмет жолы, алғаш бастаған және қазіргі кәсіпкерлік саласы, отбасы туралы бейнеролик көрсетіліп, көрерменге көрсетілді.
Кездесу кешті «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева жүргізіп, кеш кейіпкеріне сыр-сұхбат шеңберінде өмір жолында жүріп өткен кезеңдерін және қызмет жолы жөнінде сұрақтар қойып, өміріндегі қызықты сәттерін айтып беруді сұрап сауалдар қойды.
Кеш барысында «Арман» мәдениет үйінің әншісі Мейіржан Қуандықов елімізге белгілі композитор, эстрада әншісі Ғазизхан Шекербековтің «Көріктім» әнін шырқап Патима Шаймерденқызының жолдасымен бірінші танысқан жылдарын еске түсіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене білді.
Кеш қонағы, кейіпкердің өмірдегі құрбысы, жеке кәсіпкер, «Бекзатхан» мейрамханасының құрылтайшысы Әбдіқадырова Айткүл Әліқызы сөз алып, ауданда қиын кезеңдерде дорбамен зат сатып, мемлекеттен несие алып кәсіп ашқандарын, кафе-мейрамхана бизнесін қалай бірге бастағандарын айтып, құрбысына зор денсаулық тілей отырып, немерелерінің қызықтарына тоймай жүре беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, көрермендер тарапынан кеш кейіпкерінің жақсылықтар жарыса айтып, ризашылықтарын білдірді.
«Арман» мәдениет үйінің әншісі, бірнеше республикалық конкурстың лауреаты Даурен Беркімбаев белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Ақ тілек» әнін шырқап, залда отырғандар қол шапалақтап, бірге ән шырқады.
Кеш соңында Патима Шаймерденқызының ақ тілегін тыңдап, кеш кейіпкеріне арнайы ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат көрсетілді.
Кеш қонағымен естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Арман мәдениет үйінің ресми парақшасы







