Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ 24 САҒАТ

ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ 24 САҒАТ

Қоғамдағы тыныштық пен тәртіп өздігінен орнайтын құбылыс емес. Оның артында тәуекелге толы қызмет, ұйқысыз түндер мен сертке адалдық жатыр. Бұл – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегі. Полиция үшін уақытпен санасу жоқ. Қауіп қай жерде төнсе, сол жерде тәртіп сақшысы бар. Олар заңды қорғайды, өмірді сақтайды, үміт үзілген сәтте араша болады. Осы орайда, біз Шиелі ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болатхан Мұхановпен ел қауіпсіздігі жолындағы еңбек туралы сұхбаттастық.

– Болатхан Ниязханұлы, бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың басты міндетінің бірі. Осы бағытта аудандағы қазіргі ахуал қандай?
– Бүгінде біз халықпен тығыз байланысқа негізделген, ашық әрі қолжетімді полиция жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік арқылы қамтамасыз етуге арналған 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдама аясындағы нақты жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бастамасымен 2025 жыл «Профилактика жылы – Полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жарияланып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін күшейту басты басымдық ретінде белгіленді.
Осы мақсатта бірқатар ұйымдастырушылық және алдын алу шарасы жүзеге асырылып, нәтижесінде аудан аумағындағы криминогендік жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр.
2025 жылы ауданда барлығы 160 қылмыс тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық болғанымен, олардың ашылу көрсеткіші 81,9 пайызды құрады. Онша ауыр емес және орташа деңгейдегі қылмыстар 73 деректі құрап, 4,3 пайызға өскен, ал олардың ашылу деңгейі 75 пайыз болды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар, керісінше, 9,8 пайызға азайып, 46 дерек тіркелді. Бұл санаттағы қылмыстардың ашылуы 77,4 пайызды құрады. Жалпы қылмыс санының өсуіне негізінен интернет-алаяқтықтың көбеюі, сондай-ақ заңнамадағы өзгерістерге байланысты ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің қылмыс ретінде тіркелуі әсер етті. Бұл қылмыстар жалпы көрсеткіштің 37 пайызын құрап отыр.
Жүргізілген талдау нәтижесінде ауданның криминогендік ахуалына әсер ететін негізгі бес мәселе анықталды. Олар – мал ұрлығы, алаяқтық (оның ішінде интернет-алаяқтық), есірткіге ­байланысты қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық және жол-көлік оқиғалары. Осы бағыттар бойынша алдағы уақытта алдын алу ­шараларын күшейтіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз.
– Халқымыз «Мал ашуы – жан ашуы» деп бекер айтпаған. Төрт түлігі – ауыл тұрмысының тірегі. Осы орайда, адал еңбегімен мал өсіріп отырған тұрғындарды мазалайтын мал ұрлығымен күрес қалай жүргізілуде?
– Бұл бағытта жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарылып келеді. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында республикалық және облыстық деңгейде өткізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралармен қатар, бөлім қызметкерлерінен арнайы 4 мобильді топ құрылды. Аталған топтар мал ұрлығы жиі орын алуы мүмкін аумақтарда, әсіресе далалық және шабындық жерлерде тұрақты түрде рейдтік тексерулер мен шолулар жүргізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген 6 мал ұрлығы дерегінің 4-еуі бойынша күдікті тұлғалар анықталып, істер сотқа жолданды. Сонымен қатар екі адамнан құралған қылмыстық топ ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Күдіктілер сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, малды қараусыз қалдырған 210 азаматқа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес шара қолданылып, айыппұл салынды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс күшейтіліп, алдын алу шаралары жүйелі түрде жалғасын табады.
– Қазіргі таңда алаяқтық, әсіресе интернет алаяқтық өзекті мәселеге айналды. Ақпараттық технологияларды теріс мақсатта пайдаланатындар көбейіп келеді. Осы бағытта ауданда қандай алдын алу үшін не істеп жатсыздар?
– Иә, алаяқтық қылмыстары бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі. Оның алдын алу мақсатында аудан көлемінде кешенді түсіндіру және профилактикалық жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде интернет алаяқтықтан сақтану жолдары туралы 75 рет ақпараттық материалдар жарияланды.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда орнатылған LED-экрандар арқылы тұрғындарды алаяқтардың арбауына түспеуге шақыратын арнайы бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Адамдар көп жиналатын орындарда 47 рет жадынамалар таратылып, ал денсаулық сақтау, білім беру және өндіріс мекемелерінде 48 кездесу өткізіліп, интернет алаяқтарының кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Бұдан бөлек, әр ауылдық учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген елді мекендердегі «WhatsApp» топтары арқылы тұрғындарды ұялы байланыс және басқа да алаяқтық тәсілдерге сақ болуға тұрақты түрде құлақтандырып келеді.
Сонымен бірге интернет алаяқтық фактілері бойынша күдікті тұлғаларды анықтау бағытында тиісті санкциялар алынып, банк есепшоттарына тексеру жүргізілуде. Алаяқтыққа қатысы бар «дропперлер» анықталып, олардың есепшоттары жан-жақты зерттеліп жатыр.
– Жол – қателікті кешірмейтін қауіпті кеңістік. Көлік санының артуы жол қауіпсіздігіне деген талапты күшейтіп отыр. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда?
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы жүргізілген бақылау және профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде жол апатына тікелей себеп болатын жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 6 756 дерегі анықталды. Соның ішінде 4 395 құқықбұзушылық бойынша жалпы сомасы 77 миллион 723 мың теңге айыппұл салынды. Оның 70 миллион 829 мың теңгесі өндірілді.
Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан, өкінішке қарай, есепті кезеңде 123 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 196 адам түрлі деңгейдегі жарақат алып, 21 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіштер жолдағы тәртіп пен жауапкершіліктің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.
– Есірткіге қатысты қылмыстар, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің бұл қатерге тартылуы қоғамды алаңдатып отыр. Адам өміріне зор қауіп төндіретін осы кеселмен күрес қалай жүргізілуде?
– Қылмыстың алдын алу – ішкі істер органдары қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Қандай да бір құқықбұзушылықты жасағаннан кейін жазалағаннан гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан есірткі қылмысына қарсы күресте де басты назар профилактикаға аударылып отыр. Осы бағытта жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде есепті кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмыстық дерек анықталды. Оның ішінде 9 дерек есірткі өсірумен байланысты болса, 2 дерек есірткіні өткізу және сату фактілеріне қатысты. Қалған 7 дерек есірткі заттарын сақтау және алып жүру бойынша тіркелді.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да күшейтіліп, әсіресе жастар арасында түсіндіру және алдын алу шараларына басымдық берілетін болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударып келеді. Осы талап аясында ауданда қандай жұмыстар атқарылуда және бұл бағыттағы ахуал қалай?
– Өткен жылы ауданда кәмелетке толмағандар арасында 876 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластау, тыйым салынған жерде темекі шегу, жасөспірімдерді құқықбұзушылыққа тарту, ойын-сауық мекемелерінде заң талаптарының сақталмауы секілді деректер бар. Сондай-ақ ұсақ бұзақылықтың да бірнеше фактісі тіркелді.
Ең көп кездесетін заңбұзушылықтардың бірі – түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруі. Бұл бойынша 651 дерек анықталды. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 65 ата-анаға әкімшілік шара қолданылды. Алдын алу мақсатында 5 қолайсыз отбасы мен 11 жасөспірім ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынып, олармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіліп, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде рейдтік тексерулер үздіксіз жүргізіліп келеді.
Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі осы бағыттағы жұмыстардың мәнін айқындайды. Бұл – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қорытындылай келе, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығын басшылыққа алып, жас ұрпақтың тәрбиесіне баршамыз бірлесе жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – болашағымыздың қауіпсіздігіне жасалған маңызды қадам деп білемін.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Мейіржан Ибрагимов
09 ақпан 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728