Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰМЫТЫЛМАС ИГІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

ҰМЫТЫЛМАС ИГІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Адамның жүрегі қаншалықты мейірімді болса, жүзінен соншалықты жылылық, нұр төгіліп тұратыны белгілі. Ондай жанның қасынан табылудың өзі бір ғанибет. Айналасына шуақ шашып, пенделіктен биік тұратын жандардың тұғыры қашанда қадірлі. Біздің аудан үшін сондай жүзінен иманы төгілген, әрдайым игі істердің қасынан табылған, ел сүйсінген, халық ықыласына бөленген жанның бірі – Бақыт Ұлжаев.
Бақыт Бахрамұлының есімі ауданы халқы үшін көркем мінез бен айналасына мейірім шуағын шашатын рухани болмыс ретінде таныс.
Имамдық – жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Негізі, адамның тартымды болуы, жүзінен нұр төгіліп, аузынан тек жақсы сөздің шығуы – оның сыртқа шығып тұрған иманының көрінісі. Бақыт Бахрамұлы нағыз сондай азамат.
2019 жылы ауданға бас имам болып тағайындалған күннен бастап, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысқан Бақыт имам үнемі ата-баба дәстүрін насихаттаудан, жастарға пайдалы тәлім-тәрбие беруден жалықпады. Қашан көрсең де игі істердің ұйытқысы болды. Сондай игі істерінің бірі – Шиелі халқы үшін орталық мешіт жанынан жаңа асхананың салынуына бар күш-жігерін салуы. Бұл игі істің жүзеге асуына тікелей Бақыт имамның ұйытқы болуы әсер етті.
Имамның бастамасы жамағат тарапынан кең қолдау тауып, жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар да өз үлестерін қосты. Бірі – қаржылай көмектессе, енді бірі – құрылыс жұмыстарына атсалысты. Соның нәтижесінде «Оқшы ата» орталық мешітінің жанынан заман талабына сай, кең әрі қолайлы асхана бой көтерді. Асхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бұған дейін тойханаларда өтетін қырық күндік, жылдық ас, құдайы тамақтар қазір осы мешіт асханасында өтіп жатыр.
Бақыт имамның бастамасымен жүзеге асқан бұл игі іс мешіттің тек діни ғимарат қана емес, сонымен қатар әлеуметтік-рухани орталық ретіндегі маңызын айқындай түсті. Асхана да қайырымдылық акциялары мен ораза айттарда ауызашар берілуде. «Ер жігітке жарасар халқына тиген пайдасы» демекші, мейірімді де жомарт жандар жасаған жақсылық шапағатын қазір халық пайдалануда.
Бақыт Бахрамұлы имам болған тұста қасиетті Рамазан айы мен мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт кезінде үнемі тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен, ет өнімдерімен көмектесіп, қайырымдылық шарасын үзбей жасап отырды. Қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру – тәрбиенің ең биік сатысы.
Халқымыз «Түсі игіден түңілме» деп, иманжүзді адамға сүйсіне қарайды. Ондай адамға бүйрегі бұрып, іші жылып тұрады. Себебі қазақ әуелден-ақ, адамның шын адамгершілік белгісін, оның орны мен дәрежесін бойындағы иманымен өлшеген. Мұсылман баласының бойында үш түрлі сабырлық болуы қажет. Бірінші – Алла Тағаланың әміріне бойұсынуда керек. Екінші – күнә істерден тыйылу үшін пайдаланатын сабырлық. Соңғысы – қиыншылық пен сынақтарға төтеп беру үшін.
Имамдық қызмет оңай шаруа емес. 2020 жылы адамзат баласы ең қатерлі індетпен күрескен қауіпті жыл ретінде тарихта қалғаны белгілі. Коронавирус жекелеген адамдардың тұрмыс-тіршілігі түгілі, тұтас мемлекеттердің дамуына кері әсер етіп, әлемді саяси және экономикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте халықты сабырға, ынтымаққа шақырған имамдар болды. Олар Президенттің әрбір шешімін қолдайтындығымызды және еліміздің бейбітшілігін сақтау жолында бар күш-жігерімізді салуға, қазыналы қарттарымыз бен аға буын өкілдерін жас ұрпаққа елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын өнегелі әңгімелер айтып, еліміздің тыныштығын сақтауға өз үлесін қосты. Міне, сол кезде де Бақыт имам Шиелі ауданында бас имамдық қызмет атқарды.
Уағыз айту – адамдарға дінді жеткізудің бір жолы. Уағызды көпшілікке жеткізу үшін имамның айтатын насихаты жан-жақты, әрі терең мазмұндылықпен, арасында шешендік өнерді қосып түсінікті етіп айту шарт. Өйткені көптің жүрегіне иман ұялататын, көңілін көтеріп, еңсесін тіктеуге әсер ететін нәрсе – көркем насихат. Аталарымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Көркем насихат, әсерлі уағыз тыңдаушының жанына жылу, бағытына бағдар береді. Бақыт имам осы үдеден шыға білген жан. Б.Бахрамұлы имам болған 5 жылда Шиелі халқының жүрегіне жол тауып, рухани шөлін басуға көп еңбек етті. Осы еңбегінің арқасында сол кездегі аудан әкімі Әшім Оразбекұлының «Руханият жаршысы – 2019» номинациясымен, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың алғыс хатымен, «Әбділдә Тәжібаевқа 110 жыл» медалімен марапатталды. Бұл марапат бас имамға берілген халықтың бағасы деп білемін. Қазақ халқы – ежелден имамын құрметтеген халық. Имам келсе, оны қадірлеп, төрге шығарып, жақсы сөзімізді арнап, құрмет көрсетеміз. Асылында бұл – Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) қалған сүннет. Алла елшісі: «Құранды жатқа білушілерді құрметтеңдер! Кімде-кім оларды құрметтесе, сөзсіз, мені құрметтегені. Кімде-кім мені құрметтесе, сөзсіз Алла Тағаланы құрметтегені. Құранды жатқа білушілердің құрметін төмендетпеңдер! Өйткені олар Алланың құзырында мәртебелі» деген.
Имам – қоғамды тәрбиелеуші, ағартушы. Отаншыл, еңбексүйгіш, аманатқа адал, ата-анасын қадірлейтін иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді. Міне, аудан үшін аянбай еңбек етіп, үнемі игі істердің ұйытқысы болып, халықтың зор ықыласына бөленген Бақыт имамның жаңа қызметіне Алла Тағала мол береке берсін.

Айнұр НАЗАРОВА
09 ақпан 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№10 (9377)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (9376)

03 ақпан 2026 ж.

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728