ӨНЕРМЕН СУСЫНДАҒАН ЖЫЛ
Өнер – адамның рухани байлығы, қоғамның мәдени даму кілті. Ол – ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, адамгершілік құндылықтарын сақтаушы күш. Өнер адамдары – осы қазынаны дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізушілер, олардың еңбегі қоғамға рухани азық, шабыт сыйлайды. Әрбір орындаушы, әрбір биші, әрбір музыкант – өз ісіне адалдық пен шығармашылық шеберліктің үлгісі. Олардың қажырлы еңбегі арқылы ауданымызда ұлттық мәдениетіміз дамып, жастардың бойында патриоттық және эстетикалық тәрбие қалыптасады.Сәрсенбіде Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығында «Ұрпаққа аманат – өміршең өнер» атты есеп беру кеші өтті. №1, №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешендері, «Сыр маржаны» халықтық мәдени-үгіт бригадасы және «Айшуақ» би үйірмесі бір жылдық шығармашылық жетістіктерін көрсетті.
Кештің ашылуы би композициясымен басталды. Жүргізушілер өнердің ұрпаққа қалатын асыл қазына екенін атап, көрермендерді жылы лебіздерімен қарсы алды.
Бағдарлама әртүрлі жанрға толы болды. «Сыр маржаны» бригадасы көркемөнерпаздық қабілеттерін паш етсе, Гүлнұр Әбілова шәкіртімен бірге Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындады. Заманауи әндер «Әндесте» вокалды ансамблімен айтылып, Думан Сәбитов Кенжебай Жүсіптің «Қазіргі заман сондай» монологын сахналады.
Би бағытында «Айшуақ» үйірмесінің кіші және үлкен топтары өнер көрсетіп, «Керім ай» би тобы дәстүрлі халық әндеріне көркемдік бояу қосты. «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы көңілді сәттер сыйлап, кештің атмосферасын көтерді. Финалды «Қазақстан» әні қорытындылады.
Кеш соңында жүргізушілер өнерпаздарға алғыс айтып, мәдениет майталмандарына құрмет көрсетті:
– Өнер – уақытқа бағынбайтын құдірет. Ол ұрпақ ауысса да өшпейді, заман өзгерсе де мәнін жоғалтпайды, – деді олар.
Бұл шара аудан тұрғындарын рухани байытып, ұлттық өнерді насихаттаудағы бір жылдық еңбектің жемісін паш етті. Көрермендер концерттен ерекше әсер алып, ауданның мәдени өмірінің жанданып келе жатқанына куә болды.
Гүлхан ЯХИЯ
сурет автордікі
сурет автордікі







