Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ

СУ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат ауруының 90 пайызы сапасыз судың салдарынан туындайды екен. Себебі ғаламшардағы судың 1,1 пайызы ғана ішуге жарамды. Егер адам ағзасына 2 пайыз су жетіспейтін болса, адамның ойлау мен жұмыс істеу іс-әрекеті 20 пайызға төмендейді. Жыл сайын төрт миллион адам судан тарайтын аурулардан қайтыс болады. «Су – тіршіліктің көзі» дейміз. Бірақ күнделікті қолданатын ауыз судың құрамы, сапасы, қайдан, қалай келетіні, оны үнемдеу туралы ойлана бермейміз.
Әр тамшы су – адам денсаулығының, ұлт дамуының және табиғаттың амандығының кепілі. Сондықтан суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – бұл ұлттың санасын жаңғырту, өмір салтын өзгертудің қажетті шарты. Біз бүгін суды қалай бағалап, үнемдесек, ертеңгі күн соғұрлым таза, өміріміз соғұрлым мәнді болады. Сол себепті, суды ысырап етпеуіміз, әрбір тамшысын ақылмен пайдаланып, су тапшылығы мен экологиялық қиындықтарды бірге еңсеруіміз қажет. Бұл – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың парызы.
Қазақ халқы ежелден суды киелі санаған. «Судың да сұрауы бар» деген мақал бекер айтылмаған. Су ішерде бата жасап, су төгілсе, «обал болды» деп сөгіс айтатын. Бұл – тамшы суға деген ерен құрметтің, мәдениеттің бір көрінісі.
Қазір біз үшін су – тек кранды бұраса, ағып тұратын ресурс. Су құны –түбіртектегі тиын ғана болып қалды. Алайда адам ағзасына қорек заттарды, дәрумендер мен минерал тұздарын жеткізетін де, ағзаны лас заттардан тазартатын да осы – су. Сондықтан ауыз сумен қамту мақсатындағы су тазарту қондырғылары санитариялық талапқа сай болуы керек.
Шиелі ауданында орталықтандырылған жүйе арқылы тұрғындардың түгелге жуығы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қадағалауында 32 сумен жабдықтау объектісі бар.
Басқармасы басшысы Гүлзада Әйтекееваның мәлімдеуіне қарағанда, өткен жылы орталықтандырылған су көздерінен 411 су сынамасы алынған. Оның 6-сы микробиологиялық, ал, 22-сі санитарлық-химиялық талаптарға сай келмеген.
– Ең жоғары сәйкессіздік көрсеткіштері Сұлутөбе, 1 Мамыр және Қосүйеңкі елді мекендерінде анықталды. Негізгі проблемалық көрсеткіштер: құрғақ қалдық, хлоридтер және сульфаттар деңгейі нормативтен жоғары болды, – дейді басқарма басшысы.
Аудан көлеміндегі барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінде жуу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстары тоқсан сайын жүйелі түрде жүргізіледі. Сол себептен 2025 жылы бақылаудағы аумақта халық арасында суға байланысты жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Бұл – сумен жабдықтау жүйесінің сапалы және сенімді екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Ауыз су сапасының мониторингі – тұрғындардың денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі. Бақылау жұмыстары тек сумен жабдықтау объектілерінің сапасын тексеріп қана қоймай, халыққа таза, қауіпсіз су жеткізуге бағытталған шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Болашақта аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы су сапасын арттыру, мониторингті күшейту және тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра береді.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
02 ақпан 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (9375)

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728