Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОБА ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН

ЖОБА ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖОСПАРЛАНҒАН

Үш жыл бұрын басылым бетінде аудандық «Жиделі топтық су торабының» басшысы Асылбек Сәрсенбаевтың сұхбаты жарық көрген-ді. Онда журналист жолдаған «Су қоры қанша? Жалпы қанша жылға жеткілікті деп есептелген?» деген сауалы бар. Оған сала басшысы: «2005 жылы ұңғымалар қазылған сәтте мамандар Сүттіқұдықтағы су қорын 50 жылға жетеді деп есептеген. Сондықтан оған алаңдаушылық танытудың өзі әбестік болады» деп жауап қатқан.

Сала басшысының бұл сөзіне селкеу түсірмей жүргенімізге 19 жыл өтіпті. Ал тіршілік нәрін ысырапсыз жұмсап, заңсыз құбыр жүргізгендерді көргенде «су қоры сарқылып қалмай ма?» деген күдік сейілмей тұрады. Бұл неден шықты дерсіз?

Түнеукүні шаһарға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Арал» СЖКБД облыстық филиалы рейдтік іс шара жүргізген. Нәтижесінде ауыз суды үнемдемейтін тұрғындарды анықтады. Түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Айта кету керек, өткен жылы суды үнемдемей, заңсыз құбыр жүргізіп, тіршілік нәрін тұтынған 262 тұрғын анықталыпты. Тиісінше айыппұл да салынған.

Қандай жаратылыс болсын, жер бетіндегі сан мыңдаған адам баласы да сол бір тамшы судан нәр алады. Сол себепті де дана халқымыз судың қадірін біліп, мейлінше оны ысырап етпеуді, дұрыс пайдалануды үйретіп, «Су – тіршілік көзі», «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қанатты сөздерімен ұрпақтарын тәрбиелеп отырған. Біз қазір аяқ суды айтпағанда, ауыз судың өзіне салғырт қарап, жиі ысырап етіп жатамыз. Ал ауыз судың үйімізге қандай еңбекпен келіп тұрғанына бас ауыртпаймыз.

Қолда бар дерекке сенсек, аудан бойынша сапалы ауыз сумен 39 елді мекеннің 98 пайызы қамтылған. Өткен жылы бұл тізімді Қосүйеңкі мен Қызылқайың елді мекендері толықтырды. Қос ауылда ауыз сумен қамту жүйелерінің, бас су қоймаларына 47 млн теңге қаражат бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Ал Жөлек ауылына қарасты Жуантөбе елді мекеніне 17 млн теңгеге су тұщытқыш қондырғысы орнатылыпты.

Ауыз судың мөлшерінен бөлек оның сапасы да маңызды. Себебі судың құрамында микроэлементтер мен минералдар жоқ болғанда, тірі ағзаның қалыпты жұмыс істеу теңгерімі бұзылады. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі аурудың 80 проценті судың сапасыздығынан. «Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа ауруларға шалдығады. Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай келмейтін ауыз суды тұтыну оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға душар болатыны тағы белгілі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы негізінен сапасыз судың салдарынан нашарлайды.

Су – тіршілік көзі. Онсыз өмірді елестету қиын. Тіпті адам денесінің 70 пайыздан астамы судан тұратынын ескерсек, сапасы денсаулыққа әсер етпей қоймайтынын тағы да ұғамыз. Сондықтан ауыз су мәселесіне келгенде оның сапасын да тасада қалдырмау маңызды.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
10 қаңтар 2024 ж. 136 0