Сарапшылар: 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,9% болады
Applied Economics Research Centre (AERC) сарапшылары Қазақстан экономикасына қатысты тоқсандық «Макроэкономикалық шолуды» жариялады. Жаңартылған болжамға сәйкес, 2026 жылы ел экономикасы 4,9% өседі, деп хабарлайды Egemen.kz.AERC болжамына сәйкес Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы бір баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейінде болады (бұған дейін – 58 доллар болған). Болжамның қайта қаралуы халықаралық агенттіктердің әлемдік мұнай нарығындағы ұсыныс профициті азаюына байланысты.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің экономикасы (Ресей, ЕО, Қытай) 2026 жылы орта есеппен 1,8% өседі. Бұл, әсіресе, еуроаймақ елдеріндегі экономикалық өсімнің жеделдеуімен түсіндіріледі.
Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 2026 жылы 93 млн тонна деңгейінде қалыптасады деген болжам бар. Сонымен қатар, AERC сарапшылары Энергетика министрлігінің мәлімдемелеріне сүйене отырып, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы ірі жобалардың іске асуына байланысты нақты өндіріс көлемі 100 млн тоннадан да асуы мүмкін екенін атап өтті.
2026 жылға арналған USD/KZT орташа бағамы 546 теңге деңгейіне дейін қайта қаралды (қазан айындағы болжамда – 551,36 теңге). Бұл мұнай бағасының жоғарылауына және теңге үшін сыртқы экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты.
Орташа жылдық тұтыну инфляциясы 2026 жылы 9,5% болады деп күтіледі (бұған дейін – 8,6%).
2026 жылғы мемлекеттік бюджет тапшылығы 5,95 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің – 3,3%-ын құрауы мүмкін. Тапшылықтың ұлғаюы жоспарланған мемлекеттік бағдарламаларға байланысты бюджет шығындарының өсуімен түсіндіріледі.
Халықтың нақты ақшалай табысының өсімі 2026 жылы 3,7% деңгейіне дейін төмендетілді (бұған дейін – 4,8%). Негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2026 жылы 8,7% өседі деп күтіледі (алдыңғы болжам – 6,7%). Бұл алты жыл ішінде кемінде 270 трлн теңге инвестиция тартуды көздейтін мемлекеттік қолдау шараларымен байланысты.
AERC сарапшыларының пікірінше, егер АҚШ саясатына байланысты туындаған сауда соғыстарының әсері азайып, әлемдік энергия нарықтарындағы жағдай тұрақталса, қазіргі макроэкономикалық болжамды жақсартуға мүмкіндік бар.







