Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрынғы салт – қазір қылмыс

Бұрынғы салт – қазір қылмыс

Әлі күнге дейін кейбіреулер «қазақтың ескі салты» деп ақтап, заң мен адам құқығын елемей жатады. Алайда заман өзгерді, қоғамдағы қатыгездікке қарсы талап күшейді, ал заң бұл әрекетті қатаң жазалайтынын айқындады.
Бұлай деуіміздің себебі жақында ғана Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Алып қашудың құрбаны болған бойжеткенді жігіт жыл бойы аңдып жүрген. Ақырында қаланың қақ ортасында бірнеше жерінен ауыр жарақат алып, қыздың өмірі қыршыннан қиылды. Іле-шала 17 жасар қызды алып қашып, еркінен тыс зорлық әрекеттерін жасаған. Оқиға тағы да Шымкентте.
Осы жағдайға ­байланысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен. Бұл туралы Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
– Осы жағдайға байланысты 130-дан астам өтініш түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеліп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Осындай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келе жатқанын айтты және заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы маңызды екенін атап өтті.
– Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс, – деді Президент.

Қыздың ерлігі – өлшеусіз
Батыр Бауыржан Момышұлынан бір кісі сұрапты: «Бауке, айтыңызшы, жер бетінде ең батыр адам кім?». Батыр атамыз ойланбастан: «Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз» деп жауап береді. Сұрақтың мәнісін түсіндіргенде: «Мен қанша батыр болсам да бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген адамдармен тіл табысып, елді біріктіріп, сыйлата алады, қаймықпастан ұрпағын көбейтеді, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген екен.
Ақын Мұқағали Мақатаев та қыздардың тағдырына алаңдаған:
«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры?!
Үйіріліп соқса бір құйын», – деп толғаған.
Шынында, қыз баланың тағдыры қиын. Үйіріліп соққан құйын қырдың қызыл гүліне тең қылықты қыздың кейде сабағын сындырып не жастай солдырып тастаса, кейде тамырымен қоса тас-талқан етіп, жұлып әкетеді. Сондықтан қазақ «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма», «Қыдырымпаз қыз оңбас» деп баға беріп те қойған. Қызының ертеңгі күніне алаңдаған ата-бабамыз қызға қырық үйден, одан қалса қара күңнен тыйым салған. Сол аяулы гүлдің өз бағбаны табылғанша жаны тыныш таппаған.
Қызды дүниеге келгеннен «қонақ» деп танып, үп еткен самалдан қорғап, гүлдей аялап өсірген. Сондай аяулы ақмаңдайлысын әй-шайға қарамай еркіндігін аяқ асты етіп, қалыңдық ретінде алып қашып кететін жігіттер әлі де бар. Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, бағып-қағып өсірген қызының сүйгеніне барғанын кім жек көрсін?! Көз алдында көлбеңдеп өскен қарлығашын көлденең көк аттыға ешкім де қимайды. Көшеде танысқанның көңілінде не барын тек Аллаға аян. Бейуақта танымай-білмей алғанының уақыт өте келе қадірін білмей, көңілі жараспай қалып, нәзік жанын жараламасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Заңдық реттеу: қылмысқа тосқауыл
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда қыз алып қашуға заңмен қатаң тыйым салынды. Некеге мәжбүрлеу әрекеттері үшін 2 000 АЕК (шамамен 8,6 млн теңге) айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, егер әрекет күш қолдану арқылы, кәмелетке толмағанға қатысты немесе топпен жасалса – 3-7 жылға дейін, мәжбүрлеудің салдары ауыр зардапқа әкелсе – 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Бұл заң бұрынғы құқықтық олқылықтарды толықтырады. Бұрын адамды ұрлап әкеткенімен, кейін өз еркімен жіберсе, ешқандай жауапкершілік болмайтын. Қазір мұндай әрекеттер қатаң жазаланады, ал қыздың құқығы қорғалады.

Қыз тағдыры – қоғам құндылығы
– Алып қашу – қазақ халқына тән үрдіс. Бүгінгі таңда бұл әлі де кездеседі. Қыз бала өз келісімін бермей барған жағдайда психологиялық соққы алып, өміріне балта шабумен тең. Қыздың арман-мақсаттарын аяқ асты ету адамгершілікке жатпайды. Алайда екі жақ келісім берген жағдайда бұл дәстүр оң нәтиже беруі мүмкін. Сүймеген жанды қинаудың қажеті жоқ. Қыз кет әрі емес, тек шешім шығара алмай жүрген болса, бұл дәстүр жақсы нәтиже беріп, екі адамды бақытты етеді, – дейді психолог М.Өскенбаева.
Қыз алып қашу – ардың ісі. Екі адамның ортасында сезім ноталары ойнап, әсем бір күй күмбірлесе ғана жігіттің бұл іске кірісуі жөн. Ал көшеден көрген көк аттының керімен бейтаныс бойжеткенді алып қашуы – қылмыс.
Десе де, заң күшейгенімен, мәселенің басты түпкі тамыры – қоғамдық санада. Қазақстан қоғамдық даму институтының сауалнамасына қатысқандардың 71,1%-ы мұндай әрекетті қолдамайтынын, ал 26,2%-ы оң көзқараспен қарайтынын жеткізген. Бұл көрсеткіш заңнан бұрын қоғамдық сананың өзгеруі қажеттілігін дәлелдейді.
Қыз алып қашу – дәстүр емес, қылмыс. Мемлекеттік заңнаманың күшеюі маңызды қадам болса да, ең бастысы – қоғамның сана-сезімін өзгерту. Қыздың құқықтары, таңдауы мен қауіпсіздігі – біздің ортақ жауапкершілігіміз.
Елімізде қыз алып қашу мәселесіне қарсы күрес тек заңдық тұрғыдан емес, мәдени, тәрбиелік және әлеуметтік жауапкершілік арқылы жүзеге асуы тиіс. Болашақта әрбір қыз өз таңдауы мен өмірін қорғай алуы керек, ал дәстүрлер адамның құқығын таптамай, қоғамның дамуына қызмет етуі қажет.
Салтты сақтау деген – әйелді еркінен ­айыру емес. Қыздың өмірі, денсаулығы, таңдауы – қоғамның ең маңызды құндылығы.

Гүлхан ЯХИЯ
26 қаңтар 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031