ЖАҢА ЗАҢҒА САНА ДАЙЫН БА?

Қазақстанда қыз алып қашуды қылмыс деп танитын заң өзгерісі енгізілді. Жаңа бап бойынша қалыңдық ұрлауға қатысты жауапкершілік бірнеше есе күшейтілді. Бұған дейін бұл әрекет көбіне «салт-дәстүр» деп бағаланып келген еді. Алайда қазіргі уақытта, жаңа заң талаптары негізінде, қыз алып қашу – адам құқығын бұзу, еркінен тыс неке қию – қылмыс деп есептеледі. Бұл жаңалық қоғамда бірқатар пікірлер мен талқылауларға себеп болды.
Қоғамдық пікір мен түсінік
Қыз алып қашуға байланысты қоғамдық пікірлер әртүрлі. Бір топ бұл әрекетті ұлттық дәстүрдің бір бөлігі ретінде қабылдайды, ал екінші топ оны зорлық-зомбылықтың бір түрі деп санайды. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда жасөспірім қыздар әлі күнге дейін «қыз алып қашу» сияқты оқиғалармен бетпе-бет келуде. Мұндай жағдайлар көп жағдайда қорқыту мен үйден қашып кету сияқты мәселелермен ұласады. Кейбір адамдар қыз алып қашуды тек қазақ халқының дәстүрі деп есептейді, сол себепті олар оны қоғамда көрініс тапқан өзгешеліктердің бірі ретінде қабылдайды. Осыған қарамастан, жастар арасында жүргізілген сауалнамалар нәтижесінде көпшілік қыз алып қашуды қылмыс деп санайтынын көрсетті. Бұл – қоғамдағы жаңа көзқарастардың қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Шиелі ауданның жастарынан жүргізілген сауалнамаға сәйкес, 70% жастар қыз алып қашуды қылмыс деп санайды. Әрбір 10 респонденттің 5-еуі қыз алып қашу туралы дәстүрлі түсінікпен келіспейді, олар бұл әрекетті зорлық-зомбылық деп бағалайды. Қоғамдық талқылау барысында 56 %-ы заң өзгерісін қолдайтынын білдірді, ал 33%-ы бұл әрекетке ұқсас мәселелердің әлеуметтік өзгерістерді талап ететінін айтты.
Заңның қоғамға әсері
Жаңа заңның басты мақсаты – қыз алып қашудың қылмыстық әрекет екенін нақты айқындап, қоғамда құқықтық сана қалыптастыру. Адамның жеке өмірі мен еркін таңдау құқығын қорғау мәселесі басты назарда болмақ. Заңның енгізілуі осындай әрекеттердің алдын алу үшін де маңызды, себебі адамдарға олардың құқықтары мен міндеттері жайлы нақты ақпарат беріледі. Әрине заңды күшіне енгізгеннен кейін қоғамда оның қалай қабылданатынын бақылау өте маңызды. Құқық қорғаушылар және заңгерлер бұл заңның азаматтық санаға әсер етуі үшін жүйелі ақпараттық жұмыстар мен тәрбиелік шаралар қажет деп санайды. Яғни, қоғамның өзіндік заңға деген көзқарасын өзгерту – ұзақ әрі көп күш жұмсайтын процесс. Ендігі кезекте статистикаға сүйенейік. 2022–2024 жылдар аралығында Қазақстанда 214 арыз тіркелген, бірақ тек 10 іс сотқа жеткен. Ал Жамбыл облысы мен Түркістанда қыз алып қашу жағдайларының саны артқан. Бұл аймақтарда қыз алып қашу әрекеттерінің 40%-ы ауылдық жерлерде орын алады. Айжамал Әбдіхамитқызы, ардагер-ұстаз: Қыз алып қашудың әртүрлі себептері бар. Әсіресе бұл әдет кешегі кеңес үкіметінің кезінде жиі белең алды. Шаңырақ құруда бақытты отбасы болуға кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Десе де қазақтың ибалы, әдепті, тәрбиелі қыздары болашағын ойлап оның үстіне «қайта келген қыз жаман» деген тәмсілден аттап кете алмай тағдырын өз қолдарына алып төзімділікпен жеңіп шыққандары да аз болмады. Әр кезеңде салт-дәстүрдің негізі сақталғанымен формасының өзгеріске ұшырап отыруының әсерінен оның үстіне зорлықзомбылыққа қарсы заңның енуіне байланысты біраз жетістіктерге жеттік. Байқап отырсақ, қыздарымыз ата-ананың елінің батасын алып кетуді үлкен мақсат етіп ұзатылып жатқандары көңіл қуантарлық. Бірақ алып қашу түбегейлі тоқтады деп тек айтуға келмейді. Жоғарыда айтқандай баз біреулердің үй жағдайларына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан қыздың да, ұлдың да болашағы кемелді болуы үшін екеуінің өзара келісімі болу қажет деп ойлаймын. Лаура Аширова, жастар денсаулығы бөлімінің дәрігері: – Бұл құбылыс жастар арасында көптеген қорқыныш пен сенімсіздік туғызады. Заң бұл алғашқы қадам, бірақ қоғам мен отбасыларда дұрыс тәрбие мен білімді қалыптастыру өте маңызды Ержігіт Аяпберген, Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аға кеңесшісі: – Қыз алып қашу – бұл біздің қоғам үшін түйткілді әрі ауыр мәселе. Жастар ресурстық орталығының маманы ретінде мен жастармен жиі жұмыс істеймін және олардың арасында қыз алып қашу сияқты жағдайларды кездестірмегендігімізді айта аламын. Алайда біз көп жағдайда жастардың психологиялық жағдайымен және мәдениетіміздегі гендерлік теңсіздіктермен жұмыс істеуіміз керек екенін түсінеміз. Заңның өзгеруі – өте маңызды қадам, бірақ жастарға дұрыс тәрбие беру мен оларды осы қылмыстық әрекеттің зардаптарынан хабардар ету аса қажет. Мұндай әрекеттерді болдырмау үшін біз қоғамның санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарамыз. Қыз алып қашу – тек заңды бұзу емес, бұл қоғамның жалпы рухани-адамгершілік деңгейінің, мәдениетінің төмендегенін білдіретін әрекет. Қазақстанда заң өзгерді, бірақ мәселенің түп тамыры қоғамның санасында. Қоғамның дамуы тек заңмен шектелмейді, ол әр азаматтың білім мен санасы арқылы да жүзеге асады. Жаңа заң дұрыс бағыттағы қадам, бірақ ол қоғамда терең өзгеріс әкелу үшін жеткіліксіз. Заңды құрметтеу, адамның құқығын қорғау, қоғамдағы әділеттілік үшін күресу – әр азаматтың міндеті. Қыз алып қашу секілді құқық бұзушылықтарға жол бермейтін қоғам қалыптастыру – біздің бүгінгі жауапкершілігіміз. Бұл тек заңгерлер мен құқық қорғаушылардың жұмысы емес, әрбіріміздің қоғам алдындағы борышымыз. Қоғамда өзгеріс тек заң өзгергенде ғана болмайды, ол әр адамның санасында орын алғанда ғана шынайы болады. Біз өзіміздің ұрпағымызға дұрыс тәрбие беру арқылы, адам құқықтарын қорғап, әділетті қоғам құра аламыз.
Айнұр ИБРАШЕВА