Ғибраты мол ғұмыр
2023 жыл 5 қаңтар. Барыс жылы. Қаралы хабар жетті елден. Әбдімәжит мәңгілік мекеніне аттанды деген... Қандай суық хабар. Күні кеше ғана күліп-ойнап арамызда жүрген Мәкең бүгін жоқ. Қамшының сабындай келте ғұмыр деген осы екен-ау.Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылының ардагері Тәркешов Әбдімәжит Байдүйсенұлының де өмірден озғанына міне биыл 3 жылдың да жүзі болып қалыпты. Зымыраған уақыт-ай десеңші!
Өмір – шыр етіп дүниеге келген сәтіміз бен күн жетіп, тәнімізді топыраққа берген сәтіміздің аралығы. Өмір – толассыз өткелдерден тұратын ұзақ жол. Әр өткелдің өзіндік қиындықтары бар. Оны біреулер жылап, біреулер шыдап көтереді. Көзді ашып жұмсақ, жолдың жартысына келген боласың. Әрі қарай тағы да, бірақ жолымыздың соңы қашан, тоқтар жеріміздің қайда екенін білмейміз. Бұл – өмір заңдылығы.
Зейнет жасына шығып, бала-шағасы мен немерелерінің қызықты думанына мерейленіп, шаттыққа толы сәттерін көрер шағында ойламаған жерден бақилыққа аттанып кете барған сыйлас, сырлас болған Мәжит туралы өткен шақта әңгіме айтамын деген үш ұйықтасам ойыма кірген емес. Амал қанша, айтуға тура келіп отыр.
Мәкеңді мен бұл әулетке келін болып түскелі білемін, жақын қайным, көрші тұрдық. Мәкеңді әр қадамын асықпай басатын, алыстан ойлайтын, орнықты азамат ретінде жақсы білемін. Осындай жоғары абырой-беделге өзінің таза еңбегімен жеткенін көзіміз көрді. Мәкең қандай қарапайым болса, жүріп өткен жолы да сондай қарапайым. Оның балалық шағы ойын-күлкімен өтпегені белгілі, себебі, соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақтың бірі. Елдегі Ұлы Отан соғысынан кейінгі тоқырау жылдарға балалық шағы сәйкес келген. Ел басына түскен ауыр кезеңдердің күйбең тіршіліктері сол кезеңнің балаларын ерте есейтті, қатал өмірге тез бейімдеп шыңдағаны да жасырын емес. Мәкең де – осылай ерте есейіп, еңбекке тез бейімделген жастың бірі.
Әрбір адамның қыры, сыры, шыңы, адами болмысы, қадір-қасиет, қарым-қабілеті тек өзіне ғана тән. Мәкеңнің мінезі жайдары, ешкімді бөліп-жармай, алаламай жалпыға ортақ көзқараспен қарайтын ерекше қасиеті болатын.
Оның тағы бір қыры – қандай да бір туысқан, жекжат, құдандалы дос-жаран, жерлес ағайындарының қуаныш-қайғыларынан қалмай, қалай да уақыт тауып қатынасатындығында. Бұл – өте маңызы жоғары, екінің бірінің қолынан келе бермейтін, өмірдің өзі күнде туындатып отырған шындық.
«Көңіл көңілден су ішеді» дейді халық даналығы. Өйткені, адам тіршілікте бір-бірінің ықылас-ниетіне бөленеді, көңіл шуағымен жылынады. Жақсы сөзбен, жақсы көңілмен, іші-бауырыңа кіре амандасудың өзіне қуанып, арқа сүйейтін кездер де аз емес. Мұндайда – бірге туған бауыр-жақындардың орны ерекше.
Мәкең – шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырған азамат еді.
Мәкеңнің қазасына жиналған халықтың қарасы көп болды. «Бұл – Мәкеңе жасалған құрмет» деп түсінеміз.
Бұрындары қағазға ойды жазатыным бар еді, қазір жас келе ол қабілет те жоғала бастады. Мен Мәкеңмен қызметтес болған жоқпын, екеуміз екі түрлі салада еңбек еттік. Бірақ, қызметте болаған адамдардан, жан-жағынан, жүрген ортасынан үнемі жақсы әңгіме еститінбіз. Жақсы адамның артынан қай уақытта болса да жақсы әңгіме ереді екен. Жалпы әр адамға абырой-бедел оңайлықпен жиналмайды, дүйім жұрттың сенімінен шығу да оңай шаруа емес, қалың жұрт аузына екінің бірі іліге бермейді. Мен білетін Мәкең туралы жақсы пікір, жылы лебіз қалыптасқанына өзім куә екенімді жасыра алмаймын.
Мен оның бір қасиетіне өте тәнтімін. Ол өмірлік жары Орыншаны құрметтегені. Балаларының анасын құрметтеуі арқылы оларды бауырмалдыққа тәрбиеледі. Мына оқиға әлі күнге есімде. 1991 жылдың қыркүйек айы болатын. Орынша бауыры қатты ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Сол кездерде Мәкең қатты уайымдап, балаларымның анасы ғой деп, Құдайдан күндіз-түні жарының сауығып шығуын тіледі. Орынша ауруханада өте ауыр жағдайда 25 күндей жатты. Сонда «балаларымның анасы аман болсыншы» деп, қабырғасы қайысып, зыр жүгірді. Әуелі Алла, екінші Мәкеңнің арқасында ауруханадан сауығып шықты. Шыққан соң да жарының жағдайын қатты жасады. Бауыр ауруы – күтінбесе өте қиын дерт. Сонда көзім көрді, шырылдап жүрді, жанын қоярға жер таппай жүгірді. Шиттей шырылдаған алты бала бар. Үлкені Гаухар сол жылы Қызылордаға пединститутқа оқуға түскен, Гүлжаухар 10-сынып, Ұлбала 8-сынып, Серігі 7-сынып, Нұршат 3-сынып, Кенжесі Айнұр 3 жаста еді.
Балалар жетімсіремесін, анасыз қалмасын деп, бар жағдайды жасады. Артыңнан жүгіріп жүріп, бар емді жасатып, алып қалды. Алдымен Алла, бірақ адал жарының мейірім, шапағаты да көп септігін тигізді. Аналары ауырып жатқан соң, балалардың жағдайларын біліп тұрамын. Сонда да Мәкең өзінің қатты күйзелісте жүрген сәтін сыртқа білдірмей, өзін өте сабырлы ұстады. Күндегі тіршілігі ауруханаға үш барып келетін. Өйткені жағдай өте ауыр, бері қарау-қарамауы екіталай хәлде жатты. Мейірім-шапағат жүрген жерде әрқашан да жақсылық, береке болады. Жарын сондай құрметтеді. Сол құрметті балалар көріп өсті. Соның бәрі баланың тәрбиесіне қатты әсер етеді. Бала да жақсылыққа қарай ұмтылады. Ата-анасын құрметтеуге ұмтылады. Үйіне қай уақытта барсаң да жақсы әңгімелер айтып, салмақты сөз сөйлейтін. Алдына «Аға» деп мұңын шағып, жағдайын айтып, ақыл сұрап барады, соның бәріне жөн сөзін айта білетін. Жүрегі үлкен еді. «Жан баласына жамандығы жоқ. Жақсы адам еді» деп өмір-өзеннің асау өрімі туралы әр алуан әңгімені жібектей есіп отыратын, әр адамның жақсы қырын көре білетін қасиеті есімізде қалды.
«Жақсы әйел – жеңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» демей ме ұлтымыздың ұлағаты. Сол айтпақшы, Мәкеңнің көпке сыйлы, қадірменді аға болуы өмірлік жары Орыншаның шынайы сезімі мен кішіпейіл, көпшіл мінезінде деп білемін. Екеуінің бір-біріне деген шынайы сезімі, сыйластығы, адалдығы, мейірімділігі бұл отбасын танитындардың бәріне белгілі, көзге көрініп тұратын қасиеттер еді. Мәкең мен Орынша туралы көп нәрсе көңілде сайрап тұр.
Мәкең әкесі Байдүйсен атамызды жарыққа шығарып кетті. Атын өшпестей қылып, ауылдың тарихында қалдырғанынының өзі неге тұрады! Ол – көп адамның қолынан келе бермейтін іс. Ауылдың кіре беріс үлкен көшесіне Байдүйсен Тәркешов атамыздың есімін беруге бар күш-жігерін салды. Ата-анасының елге сіңірген еңбегін жарыққа шығарды. Ата-анасының алдындағы перзенттік борышын өтеп кетті. Соған көп еңбек сіңірді. Мәкең – көкірегі ояу, көзі ашық, білімді азамат еді. Қай жерде қалай сөйлеу, қай мәселені қай жерде көтеру, оның шешімін қалай табу керек деген нәрсенің бәріне білімі жететін азамат еді.
«Адам – дүниеге бір-ақ рет келетін уақытша қонақ» деген сөз рас болар, сірә. Өткен шаққа айналған өмірдің соңы өкініш десек те, сабырға қайрат қосатын, күйіктің демін басатын «Жұбаныш», «Шүкіршілік» деген ұғымдар бар. Ғұмырдың келте жібі үзілгенімен, соңында үлбіреп үндері, желкілдеп ұрпағы өсіп келеді. «Ат тұяғын тай басар» дегендей Мәкеңнің қара шаңырағының иесі болып Серік, отын жағып Ақтотыдай келіні отырғанда есімдерің ешқашан ұмыт қалмайды. Орынша, сен – бақытын отбасынан тапқан әйелсің. Ендігі жерде Мәкеңнен тараған ұл-қыздың, немере-шөберенің қызығына тоймай жүре бер.
Мәжит – елінің тамыры терең шынары еді. Елге бергенінен берері көп еді әлі де. Амал қанша? Мәкеңнің жүріп өткен іздері, айтқан сөздері, әзілді әңгімесі, жарқын бейнесі мәңгі жүрегімізде қалды.
Балатай Жұпарбаева,
көпбалалы ана, зейнеткер
көпбалалы ана, зейнеткер






