Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданның рухын көтерген қос қария

Ауданның рухын көтерген қос қария

Жаңа жылдан бастап «Еңбегі елеулі ел ағалары» атты жаңа айдар оқырман назарына ұсынылды. Бұл айдар алдағы уақытта тұрақты түрде жарияланып отыратын болады. Осы бетте газетіміздің штаттан тыс тілшісі Айжамал Әбдіхамитқызы аудан ардагерлерінің бір жыл бойғы атқарған жұмыстарын жан-жақты қамтығандықтан, біз оған арнайы тоқталуды қажет деп таппадық. Алдағы кезеңде Шиелі кенті мен 22 ауылдық округтегі елге сыйлы, еңбегімен танылған ел ағалары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ қауымдастық пен қоғамдық кеңес өкілдері туралы материалдар тұрақты түрде жарияланып тұратын болады. Бүгінгі алғашқы қадам ретінде Шиелі ауданындағы жасы үлкен, өнегесі мол қос абыз ақсақал – Рахым Мауяұлы мен Киікбай Смайылұлы туралы сөз қозғамақпыз.

АҚҚҰМШЫҚТАН ТҮЛЕГЕН АБЫЗ
Бүгінгі Байсын ауылының маңында Аққұмшық деп аталатын шағын ғана құм бар. Көлемі үлкен болмаса да, атауы айбынды, тарихы терең бұл мекен бір ғасыр бұрын төңірегіне жұрт қоныстанып, тіршілік тамырына айналған қасиетті жер еді. Күндіз аптап ыстығымен, түнге қарай салқын самалымен ерекшеленетін Аққұмшықтың табиғаты да, тағдыры да өзгеше. «Мен Аққұмшықта өскенмін» деп мақтанышпен айтатын азаматтар бүгінде аз емес. Сол құмда жалаңаяқ жүгіріп, табаны құмға күйіп өскен талай перзент Сыр өңіріне ғана емес, елге танылды.
Солардың қатарында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Оразбек Сәрсенбаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сәдуақас Рсымбетов және бүгінде Шиелі ауданының Құрметті азаматы, елге сыйлы абыз ақсақалдардың бірі – Рахым Мауяұлы бар. Аққұмшықтың осы бір төл перзенті ғұмырын елге қызмет етуге арнаған тұлға.
Тоқсанға таяған жасына қарамастан, Рахым ағаның өмір жолы бірнеше буынға үлгі. Ол 1956 жылы №45 қазақ орта мектебін, 1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтын физика-математика мамандығы бойынша тәмамдады. Студенттік шақта-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып, институттың волейбол құрамасы сапында республикалық біріншілікте жүлделі орын алып, Сыр спортының мерейін өсірді. Бұл сол кезеңде Шиеліде спорттың қаншалықты дамығанының айғағы еді.
Еңбек жолын Ақмола облысының Шортанды ауданында мұғалімдіктен бастаған жас маман көп ұзамай Шиелі кентіндегі Ломоносов атындағы мектепте ұстаздық етіп, директордың орынбасары қызметін атқарды. Терең білім, табиғи ұйымдастырушылық қабілет оны аудан басшыларының назарына іліктірді.

1967 жылдан бастап он жыл бойы аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған Рахым Мауяұлы осы салада үлкен тәжірибе жинақтады. Құжатпен жұмыс, саяси сауат, жауапкершілік – оның болашақ қызметтеріне берік негіз болды.
1977-1983 жылдары №252 орыс орта мектебін басқарған ол тәртіп пен білімді қатар ұстанды. «Тәртіп жоқ жерде білім болмайды» деген қағиданы берік ұстанған басшы оқушылардың спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөліп, мектептің аудандық жарыстарда үздік болуына ықпал етті. Бүгінде оған сәлем беріп жүрген талай азаматты «менің шәкіртім» деп мақтанышпен айтуы – ұстаз еңбегінің өтеуі.
Кейінгі жылдары Рахым Мауяұлы Шиелі кенті атқару комитетінің төрағасы, партиялық және халықтық бақылау органдарының басшысы, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, аудандық мәслихат аппаратының меңгерушісі сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңінде ауданның басқару жүйесін жаңа заңдарға бейімдеп, мемлекеттік қызметшілердің саяси-құқықтық сауатын арттыруға айрықша еңбек сіңірді.
Оның бастамасымен өткен көптеген ұйымдастырушылық жұмыс аудан өмірінің қалыпты арнаға түсуіне сеп болды. Мәслихаттардың қоғамдағы рөлін арттыру жөніндегі батыл ұсынысы республика көлемінде қолдау тауып, өкілетті органдардың мерейтойлық даталарының аталып өтуіне негіз қалады. Р.Мауяұлы қай қызметте жүрсе де, ұқыптылықты, әділдікті, заңдылықты басты қағида етті. Жиын-тойда да, маңызды отырыстарда да ойын ашық айтып, ел мүддесін биік қоя білді. Сол үшін де халық оны ауданның арқа сүйер азаматы, айбары деп таниды. Тіпті ел арасында «Аққұмшықтың алдаспаны» деген теңеудің айтылуы да тегін емес. Бүгінде де ол ел ортасында, ақ батасын беріп, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген абыз. Осындай өнегелі өмір иесін көріп өскен ұрпақтың бағы бар.
ЕҢБЕК ПЕН ҚАМҚОРЛЫҚ СИМВОЛЫ
Өмірін адал еңбекке арнап, туған топырақтың гүлденуін өз ғұмырының мәні санаған ел азаматтарының арқасында ғана өңіріміз өсіп-өркендеп, бүгінгі биігіне жетті. Туған жердің аптабында күйіп, суығында тоңса да, маңдай терін аямаған сондай азаматтардың бірі – есімі ел жадында сақталған арда тұлға Киікбай Смайылұлы.
1935 жылы Тартоғай ауылдық кеңесінде дүниеге келген оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Соғыс салған салмақ балғын баланы ерте есейтті. Құрсағы қатпай жатып еңбекке араласып, өгіз жетектеп жер айдады, есекпен астық тасып, егін даласында бидай орып, күріш екті. Он жасынан маңдай терін төгіп өскен бала кейін елге тірек болатын азамат болып қалыптасты.
Киікбай Смайылұлының бүкіл саналы ғұмыры Шиелі ауданының даму тарихымен өзектес. Ол 1957 жылы Ташкенттегі жер суландыру және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Шиелі механикаландырылған орман-тоғай шаруашылығында бастады. Кейін Қызыл Ту колхозында, одан соң Шиелі РТС мекемесінде аға инженер ретінде жемісті еңбек етті. Ұқыптылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оны Бәйгеқұм совхозына директор етіп тағайындауға негіз болды.
Он екі жыл бойы совхозды басқарған кезеңде ол ауыл шаруашылығының дамуына серпін берді. Бәйгеқұм қауын-бақшасы аудан көлемінде ғана емес, облысқа танылды. Бір кездері Қызылорда облысынан экспортталған қауынның тең жартысына жуығы Шиелі жерінен жөнелтіліп, соның басым бөлігі Бәйгеқұмнан шықты. Бұл – білікті басшылық пен маңдай тердің жемісі еді.
Киікбай Смайылұлы шаруашылықты тек өніммен емес, адаммен көтеру керегін жақсы білді. Қиын кезеңдерде батыл шешім қабылдап, тәуекелге барып, бүтін бір ауданның еңбегін сақтап қалған сәттері аз болмады. Қауын өнімін қабылдау тоқтатылғанда, дер кезінде әрекет етіп, мәселені республикалық деңгейде шешуі – оның табандылығы мен іскерлігінің айғағы.
Ол тек шаруашылық басшысы ғана емес, елдің қамқор ағасы болды. Өзбекстаннан тарихи Отанына оралған жүзге жуық отбасының көшіп келуіне тікелей мұрындық болып, олардың ауылға сіңісіп кетуіне бар жағдайды жасады. Бұл лауазым үшін емес, адамгершілік үшін жасалған іс еді.
Зейнетке шыққаннан кейін де Киікбай Смайылұлы қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Ардагерлер кеңесін басқарып, ауылдың әлеуметтік мәселелеріне атсалысты. Ел ішіндегі беделі, сөзіне деген сенім сол еңбегінің өтеуі болды. Ерен еңбегі еленіп, ол «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанды. Бірнеше ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып, ел сенімін ақтады. Отбасы құрып, ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал бүгінде тоқсанның төрінде. Өткеннің куәсі, бүгіннің ақылшысы болған Киікбай Смайылұлы – адал еңбектің, елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕРЛІК
Рахым Мауяұлы мен Киікбай Смайылұлының ғұмыр жолдары – туған жерге адал еңбек, халыққа қамқорлық пен әділдік үлгісі. Бірі – білім мен тәрбие қайнар көзі, кенттің көркеуіне үлес қосқан ұйымдастырушы, екіншісі – еңбек пен табандылықтың символы, ауылды өркендетіп, халыққа қамқор болған көшбасшы. Олардың әр ісі – тек өткеннің ғана емес, бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа сабақ. Ел үшін адал еңбектің дәмі де, қадірі де шын болатынын дәлелдеген азаматтар. Қос қарияның есімі мәңгі ел жадында сақталып, ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
12 қаңтар 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031